Мәжілісте «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң мен 4 ілеспе заң жобалары мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заң жобасын Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Екатерина Смышляева таныстырды.
Оның айтуынша, бұл құжаттар Мемлекет басшысының цифрлық майнингті құқықтық реттеу мәселелері жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін әзірленген. Олардың басты мақсаты – цифрлық активтерді өндіру мен айналымға шығару саласы үшін заңнамалық негіз құру.
«Майнерлер Қазақстан экономикасының толыққанды қатысушыларына айналып келеді. Бұған дейін майнинг қызметін негізінен бұлтты қызметтерде резиденттер жүзеге асырып келді. Қазақстан блокчейн индустриясының шикізат беретін қосалқысы ретінде пайдаланылды. Заң жобалары арқылы біз майнерлерді Қазақстанда лицензия алуға, яғни заңды тұлғалар құруға және салық салудың толыққанды субъектілері болуға міндеттейміз», - деді Екатерина Смышляева Мәжілістің жалпы отырысында.
Депутаттың айтуынша, майнинг-пулдар да экономиканың бір бөлігіне айналды. Майнерлер мен майнинг-пулдардың қызметін Цифрландыру министрлігі реттейді және лицензиялайтын болады, ал криптовалютаны іске асыру кезеңін «Астана» халықаралық қаржы орталығының құзіреті шеңберінде жүргізіледі деп болжанып отыр. Осылайша, Қазақстанның қаржы жүйесі үшін сын-қатерлер алынып тасталады, өйткені Қазақстанда криптовалюта төлем құралы болып саналмайды, оның айналымына тыйым салынған. АХҚО шеңберінде құрылып жатқан экожүйеде жаңа қаржы институты – қазақстандық криптобиржалар ашылады.
Тіркелмеген цифрлық активтер айналымын, оның ішінде оларды шығару мен айырбастауды реттеудің ерекше тәртібін енгізу, сондай-ақ криптовалюта айырбастау кезеңінде майнинг компанияларының халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-қимыл тәртібін айқындау ұсынылады. Бұдан басқа, заң жобасында тіркелген (қамтамасыз етілген) цифрлық активтердің түрлері бекітіледі және олардың айналымының тәртібі айқындалады, ол бұған дейін Қазақстан заңнамасында жазылмаған еді.
Мұндағы басты жаңалықтардың бірі – осы уақытқа дейін салық алаңынан тыс болған майнерлерге салық салу. Криптоиндустрияға салық салу жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады: жабдықты әкелу кезіндегі ҚҚС, лицензия үшін төлем, киловаттқа цифрлық майнинг ақысы, алынған сыйақыдан корпоративтік табыс салығы, майнинг-пулдағы корпоративтік табыс салығы, криптовалюталардағы айырбастау ақысы.
Жаңа заң жобасы салық және әкімшілік кодекстерді, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарды, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңды да қозғайды.
Мәжілістегі талқылау нәтижесінде «Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы» заң жобасын 99 депутаттың 90-ы мақұлады, 4 депутат қалыс қалды.