15.01.2024, 15:00
Оқылды: 49

Қазақстанда мал ұрлығы жазасы қалай күшейтілді?

Өткен жылы ел аумағында 8,5 мыңнан астам мал ұрланып, оның жартысы табылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Жандос Батырбеков айтып берді.

Полиция ЖП

«Мал ұрлығы барлық ұрлықтардың 3 пайызын құраса да, қарапайым халыққа айтарлықтай зиян келтіреді. Әдетте мал ұрлығының көп бөлігі немесе 75 пайызы еркін жайылымда жасалады. Соңғы 5 жылда мал ұрлығын 62,5%-ға, 2023 жылы – 16,3%-ға төмендетуге қол жеткіздік. Бұл жұмыс жалғасуда», - деді Жандос Батырбеков ҚР ІІМ апталық брифингінде.

Малдың сақталуын қамтамасыз ету үшін ІІМ бастамасымен жергілікті атқарушы органдар өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, мал жаю қағидаларын әзірледі және бекітті, онда малды еш бақылаусыз жаюға тыйым салынған.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 408-бабы бойынша көрсетілген ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген – 3-тен 10 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. Осылайша өткен жылы 42 мыңнан астам бұзушылық анықталды.

«Қазіргі уақытта мал ұрлау жазасы Қылмыстық кодексте «Мал ұрлығы» деген жеке бапта көзделген, ондағы ең жоғары жаза – мүлікті тәркілеп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Біліктілік белгісін ауыр қылмыстар санатына ауыстыру арқылы бірнеше рет мал ұрлағандарға, үй-жайға басып кіргендерге жаза қатаңдатылды. Бұл жәбірленушілермен татуласу арқылы ұрылардың жазадан жалтарып кетпеуіне және ұрлықтың алдын алуды күшейтуге мүмкіндік берді», - дейді спикер.

Өткен жылы республика аумағында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы 4 рет ұйымдастырылған, оның екеуі қысқы соғым маусымында өткен. Аталған іс шараларды өткізу кезінде мал ұрлығына қатысы бар 450 адам, 75 қылмыстық топ ұсталды. Ұрланған 8,5 мыңнан астам малдың 4,5 мыңы немесе 50% табылып, иелеріне қайтарылды.

Қылмыстық топтармен күресу үшін өңірлерде мал базарлары, мал сою орындарында рейд жүргізетін жедел-іздестіру топтары тұрақты жұмыс істейді. Осы жұмыстар нәтижесінде 2023 жылы 376-дан астам мал ұрлығы ашылып, 59 қылмыстық топ ұсталған.

kaz.inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале