30.04.2025, 14:30
Оқылды: 284

Қазақстанда мектептердегі оқушы орнын пайдалануға беру күрт артты

I тоқсанда жалпы 49,3 мың оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептер пайдалануға берілді. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен тоғыз есе көп деуге болады. Қазіргі деңгейі жоғары болғаны соншалық, өткен жылдың жалпы жылдық көрсеткішінен 22%-ға асып түсті. Айта кету керек, қаңтар-наурыз айларында биылғыдай жоғары көрсеткіш кем дегенде 2017 жылдан бері болмаған.

жп жайлы мектеп (10)

Жаңа мектептердің санына келсек, жалпы саны — 36 (нақтылай келгенде, кей жағдайда бұрыннан бар ғимараттарға жанама салынған нысандар немесе қайта жөндеуден өткен ескі мектептер туралы да сөз болуы мүмкін). Демек, орта есеппен, бір мектепке 1370 оқушы орны сәйкес келеді. Бұл көрсеткіш те рекордтық деңгейде. Соңғы алты жылдағы (қолжетімді деректер бойынша) алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш бірде-бір рет, тіпті, 715-тен аспаған еді. Осыған сүйене отырып, бұл қалыптан тыс күрт өсім сыйымдылығы жоғары мектептердің пайдалануға берілуімен байланысты болуы мүмкін деген тұжырымды да жасауға болады.

Бұл болжамның белгілі бір дәрежеде расталуы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы туралы БАҚ-та жарияланған ақпараттардан байқалады. Мысалы, жарияланған деректерге сәйкес, 2 мың оқушыға арналған мектеп салу үшін екі жылдан астам уақыт қажет. Жобаның өзі 2023 жылы іске қосылғанын ескерсек (сондай-ақ бастапқыда жоспарланған мерзімде емес, кідіріспен басталды), дәл қазір құрылыс компаниялары сол кезде басталған ең ауқымды мектептердің құрылысын аяқтап, тапсырып жатыр деп тұспалдауға болады.

Айта кету керек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының басты мақсаты — 300-ден 2,5 мыңға дейін оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептер салу арқылы оқушы орындарының тапшылығын жою. Бастапқыда 2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық жоспар 800 мың жаңа оқушы орнының ашылуын көздеген болатын. Алайда бұл көрсеткіш кейін бірнеше рет қайта қаралып, 460,4 мың орынға дейін қысқарды. Соған сәйкес, қаржыландыру да азайды – бастапқыда 2,6 трлн теңге болса, кейін 1,5 трлн теңгеге дейін төмендеді. Жобаны қаржыландыруға қаражат Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен бөлінеді.

Жоғарыда айтылған ресми құжаттардағы өзгерістер «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру барысында туындаған көптеген қиындықтарға тікелей байланысты сияқты. Атап айтқанда, бұл қиындықтардың қатарында бюрократия, жемқорлық, әкімдіктердің баяу әрекеті және мердігерлер тарапынан жасалған алаяқтықтар бар.

ҚР СЖРА ҰСБ деректері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале