ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов ҚР Үкіметінің арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында атқарып жатқан шаралары туралы айтып берді.
«Халықты әлеуметтік қорғау саласында бірінші және екінші топтағы, психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедек адамдарға, психоневрологиялық патологиясы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға стационар, жартылай стационар және үйде күтім көрсету жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі ұсынылады. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесі әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызметтерді қамтиды», - деп жазды Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында.
Оның айтуынша, стационарда арнайы әлеуметтік қызмет алушылар мемлекеттің толық қамқорлығында. Бүгінде елімізде стационарлық үлгідегі 113 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді, онда 23 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіледі.
Сондай-ақ, 9 мыңнан астам адамды қамтитын 115 күндізгі бөлімше, 54 мыңнан астам адамды қамтыған 482 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 8 мың адамдық 164 үкіметтік емес ұйымдар және МЖӘ шеңберінде 1,4 мың адамды қамтитын 7 жеке ұйым жұмыс істейді.
«Аталған мекемелердің жұмысы мүгедек адамдарды оңалтуға және әлеуметтендіруге бағытталған. Халықты жұмыспен қамту шаралары аясында мүгедектігі бар адамдарға ерекше көңіл бөлінеді», - деп түсіндірді Премьер-Министрдің орынбасары.
Дереккөз: ҚазАқпарат