«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өңдеу және мұнай химиясы департаментінің директоры Макеев Дмитрий Павлодар мұнай өңдеу зауытын жөндеуге қатысты түсінік берді.
Айта кетейік, биылғы 1 қазаннан бастап Павлодар мұнай-химия зауыты жоспарлы жөндеу жұмыстарына тоқтайды. «Үш мұнай өңдеу зауытында дизель отынын өндірудің ағымдағы көлемі тәулігіне 16 мың тонна шамасында.
Сонымен бірге, елімізде дизель отынын тұтынудың өте жоғары деңгейі сақталып отыр, яғни тәулігіне 16,5 мың тонна. 1 қазанда Павлодар зауыты жоспарлы жөндеуге тоқтайды. Осы орайда Атырау және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының дизель отынын тәуліктік өндіру көлемі 9,5 мың тоннаға жуық. Қазан айында Атырау зауыты 133 мың тонна, ал Шымкент зауыты 161 мың тонна дизель отынын өндіреді. Павлодар мұнай өңдеу зауыты жөндеуге тоқтағанға дейін кәсіпорында 27 мың тонна көлемінде қор жинақталады.
Сонымен қатар, АИ-92 бензині бойынша 45 мың тонна және АИ-95-ке қатысты 2 мың тонна мөлшерінде қор жасалады» - деді Д. Макеев Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, Павлодар мұнай-химия зауытын іске қосу биылғы қазан айының соңына дейін болады. Тауарлық дизель тәулігіне 6 мың тонна көлемінде 28 қазаннан бастап жөнелтіле бастайды. «Павлодар зауытында күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылдан бері жүргізілмеді. Отандық мұнай өңдеу зауыттарында ағымдағы жөндеу жыл сайын өткізілсе, күрделі жөндеу 3 жылда бір рет атқарылады», - деді «ҚазМұнайГаз» компаниясының өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміздегі бөлшек сауда бағасы көрші елдерге қарағанда айтарлықтай төмен, бұл тұрғыда транзиттік көліктер дизель отынын сатып алуы көлемін арттырған.