Еліміз көрші Ресейден «Спутник Лайт» вакцинасын әкелуге қатысты алдын ала келісім жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде ресейлік әріптестерімізбен «Спутник Лайт» вакцинасын жеткізу туралы келісім жүргізіп жатырмыз. Бұл екпенің «Спутник V»-дан айырмашылығы жоқ, тек бірінші компоненті бөлек», - деді А. Цой Үкімет үйінде тілшілердің сұрағына жауап бере тұра.
Министрдің айтуынша, әзірге аталған екпе түрін елімізге жеткізу мерзімі белгісіз.
«Сонымен қатар Ресей «Спутник Лайт» вакцинасын қанша көлемде ұсына алатыны туралы нақтылап жатырмыз. Себебі олардың ішкі нарығында да сұраныс бар. Ресей жағынан коммерциялық ұсыныс түсе сала, іске кірісетін боламыз. Бізге вакцина үлкен көлемде қажет емес, өйткені елімізде ревакцинация жүріп жатыр және оның өз кезеңі бар. Жалпы алғанда жаңа жылға дейін қайта вакцина алушылар үшін екпе көлемі жеткілікті», - дейді ол.
Сондай-ақ, А.Цой Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенге «Спутник Лайт» вакцинасының тәжірибелік партиясы жеткізілгенін және бүгінде оны өзімізде өндіру жағы қаралып жатқанын жеткізді.
Бұған дейін ведомство басшысы «елімізде жаңажылдық корпоратив өткізуге рұқсат бар ма?» деген сауалға жауап берген еді.
Одан бөлек, министр Pfіzer вакцинасын алып жатқан жүкті әйелдер, емізулі аналар мен жасөспірімдердің жағдайы туралы айтты.