14.09.2022, 12:45
Оқылды: 20

Қазақстанда трансплантацияның 84,2%-ы туыстас донордан жасалады

Қазақстанда трансплантацияның 84,2%-ы туыстас донордан жасалады. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Күлайым Біржанова елімізде трансплантациялық қызметті дамытудың жүйелі шаралары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

220914113608085e

«2012 жылы 8 тамызда Қазақстанда Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының базасында алғаш рет донор жүрегінің трансплантациясы жасалды. 2012 жылдан қазірге дейінгі кезеңде Қазақстан Республикасына 2000-нан аса ағза мүшесінің трансплантациясы орындалды, оның ішінде 87-сі жүректі алмастыру бойынша жасалды. Қазақстанда туыстас донордан жасалатын трансплантацияның үлесі – 84,2%, өлі донордан жасалатын трансплантация – 15%», - деді ол трансплантациядан кейінгі және диализдегі пациенттер арасында өткен еуропалық спорт чемпионатына қатысқан Қазақстан құрамасының қорытынды баспасөз конференциясында.

Спикердің айтуынша, елімізде ағза мүшесі донорлығын дамыту мақсатында бірқатар жүйелі шара қабылданған. Мәселен, нормативтік-құқықтық база жетілдірілді, атап айтқанда азаматтардың қайтыс болғаннан кейін ағза мүшесі доноры болуға ықтиярын egov.kz порталында іс жүзінде білдіру құқығы реттеліп, донорлық ұйымдардың өлі донорларды кондициялау шығындарын өтеу механизмі енгізілді. Электронды форматтағы «күту тізімі» жасақталды. «Трансплантацияны үйлестіру» дәрігерлік мамандығы «Денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасына», ал республикалық, өңірлік және стационарлық деңгейдегі трансплантация үйлестірушісі лауазымы «Денсаулық сақтау қызметкерлерінің лауазымы номенклатурасына» қосылды.

Айта кетсек, тамызда Қазақстан құрамасы трансплантациядан кейінгі және диализдегі пациенттер арасында өткен Еуропа чемпионатында 12 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 18-орын алды.

Чемпионатқа трансплантациядан кейінгі және диализдегі пациенттердің Еуропалық спорт федерациясына мүше 26 елден 400-ден аса спортшы қатысты. Бұл федерацияға 2018 жылдан бері Қазақстан атынан «Өмір тынысы» трансплантация жасалған науқастардың қоғамдық бірлестігі өкілдік етеді.

Биылғы Еуропа чемпионатына Қазақстан құрама командасы сапында 2019 жылы республикалық жарыста жүлдегер атанған, жүрек және бүйрек трансплантациясын бастан өткерген, сондай-ақ диализдегі 16 спортшы қатысты. Олар жүзу, үстел теннисі, дартс, боулинг, волейбол бойынша сайысқа түсті.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале