Мәжіліс «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы әдістерін жетілдіру мақсатымен әзірленген.
Сурет: freepik.com
Негізгі заң жобасы арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізіледі. Ол тұтынушыларға консультациялық көмек көрсетуге, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюға, сондай-ақ өзге де функцияларды орындауға құқылы болады.
Оны қызметке тағайындау және қызметтен босату уәкілетті орган (Сауда және интеграция министрлігі) басшысының құзырында болады.
Омбудсмен 4 жыл мерзімге сайланады және өз қызметін ерікті негізде (ақысыз) жүзеге асырады.
Сонымен қатар тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын және шектейтін жағдайларды шарттарға енгізуге жол бермеу жоспарланып отыр. Олардың саны оннан асады. Олай болмаған жағдайда шарттар жарамсыз деп танылады, ал мәміленің жарамсыздығы сот арқылы белгіленеді.