Қазақстанға шетелден әкелінетін коронавирусқа қарсы вакциналар толық бақылау мен зерттеуден өткен және елімізде осы күнге дейін вакцинаның салдарынан адам өлімі тіркелген емес.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Біздің елде бар вакциналар толық бақылаудан өткен. Яғни Қазақстанға әкелінетін вакцина алдымен шығарылған елде бақылаудан өтіп, ресми тіркеледі. Бізге әкелген соң оны ұлттық сараптама орталығы тағы тексереді. Содан соң барып қана тіркейді. Біздің мамандар вакцинаны бақылап қана қоймай, оны зерттейді. Осы күнге дейін вакцинаның салдарынан адамның қайтыс болу жағдайы тіркелген емес», - деді Ержан Байтанаев «Хабар» телеарнасына берген сұхбаты барысында.
Оның айтуынша, қазақстандықтар көбінесе коронавирусқа қарсы Спутник V вакцинасын алып жатыр. Сондай-ақ, комитеттің ресми өкілі жасөспірімдердің екпе алуына қатысты пікір білдірді. «Бізде жасөспірімдерге арналған (12-17 жас) Pfizer вакцинасы бар. Бұл вакцинаны әлем мойындап отыр және үлкен сұранысқа ие. Ата-аналар балаларын індеттен қорғау мақсатында бұл мүмкіндікті пайдалануы керек. Өкінішке қарай, өздері вакцина алмайтын және баласына да алуға рұқсат бермейтін ата-аналар бар. Әрине, ата-ананың немесе асыраушының рұқсатынсыз балаға вакцина салынбайды. Біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Мұндай жағдайда отбасының басқа мүшелерінің екпе алғаны жөн», - дейді ол.
Бұған дейін денсаулық сақтау минисрлігінің өкілі қазақстандықтардың арасында әлі күнге дейін коронавирустың барына сенбейтін жандардың бары туралы айтқан еді.