27.03.2026, 0:00
Оқылды: 2

Қазақстанда зейнетақы өмір бойына төленуі мүмкін

Қазақстанда жұмыс берушілер төлейтін міндетті зейнетақы жарналарының құрылымы өзгеруі мүмкін. БЖЗҚ АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнеткерлердің 80 жастан асқан кезеңдегі табысын қамтамасыз етуге бағытталған «4+1» моделін таныстырды.

41c46aad-7f6e-478c-90ef-caee2a043b93

Фото: gov.kz

Бұл бастама зейнетақы жинағы таусылған шақта егде жастағы адамдардың материалдық жағдайының төмендеп кетпеуінің алдын алуды көздейді.

– Ұсыныс бойынша, жұмыс берушінің 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасының 4 пайызын жеке зейнетақы шоттарына, ал 1 пайызын ортақ шотқа бағыттау көзделіп отыр. Бұл келешегі бар ұсыныс деп санаймыз. Соңғы жылдары біз мемлекеттік органдармен, Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, осы модельді мұқият қарап жатырмыз, – деді Жанат Құрманов.
Мұндай қадамның қажеттілігі адамдардың өмір сүру ұзақтығының артуымен байланысты.

Статистика бойынша, зейнетке шыққаннан кейінгі орташа өмір сүру жасы 79–81 жасты құрайды. Осы жастан асқанда көптеген азаматтардың жинағы таусылып, олар тек мемлекет беретін базалық зейнетақыға ғана қарап қалады.

– Зейнетақы жинақтары қаншалықты көп болса да, уақыт өте келе сарқылады. 80 жастан асқаннан кейін адам іс жүзінде тек мемлекеттік қолдаумен қалады және табысты алмастыру коэффициенті күрт төмендейді. Халықаралық тәжірибеде бұған үлкен мән беріледі, өйткені 80 жастан кейін адамдардың тұрақты зейнетақы табысына деген қажеттілігі арта түседі. Сондықтан жинақтар таусылғаннан кейін де тұрақты төлемді қамтамасыз ету өте маңызды, – деп атап өтті Қор басшысы.

Дереккөз: ҚазАқпарат

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале