29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Қазақстанда Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан басқа барлық аймақ бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді.
Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жалпыға қолжетімді дерекқордағы деректерді жаңарту үшін бірнеше халықаралық ұйымға хабар таратқан.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі жазды.
IANA (Интернет мекенжай кеңістігінің әкімшілігі), ХЭБО, РСС, ICANN, IETF, IESG сынды халықаралық ұйымдарға Қазақстанның бірыңғай 5-ші уақыт белдеуіне көшуі, сондай-ақ Қазақстан үшін уақыт белдеулерінің (time zone database) жалпыға қолжетімді дерекқордағы деректерді жаңарту қажеттілігі туралы ресми хабарланды.
Осыған байланысты абоненттер шығарылған жаңартуларды Android және IOS сияқты халықаралық операциялық жүйелерінде де жаңартуы қажет.
Цифрлық даму министрінің тапсырмасына сәйкес, байланыс операторлары:
- өздерінің ақпараттық жүйелерінің қажетті өлшемдерін дайындау бойынша ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларын өткізеді;
- ұялы байланыс операторларының қысқа мәтіндік хабарламаларды жіберуін, сондай-ақ интернет-ресурста және мобильді қосымшада (бар болған жағдайда) хабарлауды қоса алғанда, қызмет көрсету арналары арқылы өз абоненттері мен пайдаланушыларына жүргізіліп жатқан жұмыс туралы алдын ала хабарлау бойынша шараларды жүзеге асырады;
- Интернетті қоса алғанда, ұсынылатын байланыс сервистері мен қызметтерінің тұрақтылығын сақтау, сондай-ақ тарифтің ай сайынғы төлемін екі есе есептемес үшін техникалық инфрақұрылымды дайындайды.