6.02.2024, 10:15
Оқылды: 81

Қазақстандық конькишілер әлем кубогінде тарихи нәтиже тіркеді

Осы демалыс күндері коньки киіп жүгіруден Қазақстан құрамасы Канада мен Жапонияда өткен әлем кубогы кезеңдерінде тарихи нәтиже көрсетті. Еліміздің қоржынына екі алтын, үш күміс, алты қола медаль түсіп, спортшыларымыз әлемдік рейтингте көш бастады, деп жазады Olympic.kz

1707145447

Фото: olympic.kz

2-4 ақпан күндері Квебекте (Канада) ересектер арасында өткен әлем кубогында Қазақстан әйелдер құрамасы командалық спринтте бақ сынап, еліміздің тарихында тұңғыш рет қола жүлдеге қол жеткізе алды.

Команда құрамында тәжірибелі Екатерина Айдова, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Алина Дауранова және жасөспірімдер арасындағы әлем кубогының чемпионы Инесса Шумекова өнер көрсетті.

Бұл құраммен алғаш рет жарыс алаңына шыққан спортшыларымыз 1:29.16 нәтижесін тіркеп үшінші орынға жайғасты. Нидерланд құрамасы чемпион атанса, Польша командасы күміс жүлдеге қол жеткізді.

Бұл жарыспен қатар Жапонияның Хатинохе қаласында конькимен жүгіруден жасөспірімдер мен нео-сеньорлар арасындағы әлем кубогының үшінші кезеңі өтті.

Жарыстың бірінші күні қазақстандық конькишілер алты медаль еншіледі.

Нео-сеньорлар арасындағы «Team Sprint» командалық жарысы:

Әйелдер – алтын (1 минут 33.82 секунд)

Ерлер - қола (1:28.02)

Жасөспірімдер арасындағы «Team Sprint»  командалық жарысы:

Әйелдер – күміс (1:31.47)

Ерлер – қола (1:23.89)

1000 метрге жүгіру (нео-сеньорлар):

Маргарита Артемьева – күміс (1:22.03)

Мария Кузнецова – қола (1:23.84)

Жарыстың екінші күні спортшыларымыз төрт медаль жеңіп алды.

500 метрге жүгіру (нео-сеньорлар):

Маргарита Артемьева – алтын (40.86 секунд)

Мария Кузнецова – қола (41.38)

1500 метрге жүгіру (нео-сеньорлар):

Алена Лифатова – қола (2 минут 12.01 секунд)

Жаппай старт (нео-сеньорлар):

Маргарита Артемьева - күміс (6 минут 48.84 секунд)

“Конькимен жүгіру спортынан 2023/2024 жылғы маусымы біз үшін жақсы өтуде. Квебекте қыздарымыз алғаш рет командалық спринтте қола жүлдегер атанып отыр. Бұл қуанышымызбен қатар, Жапониядан жасөспірімдер командасы да жеңісті хабармен қуантты. Әлем Кубогы жарысынан бірден 10 медаль әкеліп отыр. Бұл дегеніміз конькимен жүгіру спортының елімізде қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Үміт артып отырған өскелең ұрпағымыз бар. Нәтиже көрсетіп жүрген мықты спортшыларымыз бар. Ұлттық құрамаға алдағы Олимпиадалық маусымдарға резерв дайын деп сенімді түрде айта аламыз. Қазір әлемдік рейтингтің бірнеше дистанциясында көш бастап тұрмыз, осы қарқыннан қалмай, келе жатқан әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсетуге барынша тырысамыз”, - деп пікір білдірді конькимен жүгіруден ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы, Олимпиада ойындарының қатысушысы Кенжеш Сәрсекенова.

Сондай-ақ, Жапонияда 2023/2024 жылғы әлем кубогының барлық кезеңдеріндегі ұпайлар қосындысы бойынша маусымның ең мықты спортшылары анықталды. Бұл тізімде біздің жерлестеріміз көш бастап, жеңіс тұғырынан көрінді.

Нео-сеньорлар

Әйелдер арасындағы командалық жарыс – 1 орын

Ерлер арасындағы командалық жарыс – 2 орын

Жаппай старт

Мария Кузнецова – 3 орын

500 метр

Маргарита Артемьева – 1 орын

Инесса Шумекова – 3 орын

1000 метр

Инесса Шумекова – 2 орын

Алена Лифатова – 3 орын

Жасөспірімдер

Әйелдер арасындағы командалық жарыс – 2 орын

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) маусымның үздіктері деп таныған спортшыларға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале