Жыл басынан бері 2670 алматылық тегін ауыстыруға өтініш білдірген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық әділет департаментінің өкілдері айтты, деп хабарлйады ҚазАқпарат тілшісі.
Фото дереккөзі: mnews.kz
Алматы қаласы әділет департаменті басшысының орынбасары Берікбол Сәменов Неке және отбасы кодексінің баптарына өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға байланысты өзгертуге жататын мәліметтер туу туралы, неке қию немесе бұзу туралы тиісті акт жазбаларына атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы қорытындының негізінде енгізілетінін айтты.
«Сондай-ақ өзгерістер негізінде атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы акт жазбасы тіркелмегендіктен куәлік те берілмейді. Яғни тіркеуші органдар атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру жүргізілгенін растау үшін туу туралы, неке қию немесе бұзу туралы тиісті куәлік береді», - деді спикер.
Сонымен қатар, ол азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрлерін тіркеу, қайталама куәлік пен анықтама алу бойынша экс аумақтық қағидат енгізілгенін атап өтті.
Осылайша, азаматтар өзіне ыңғайлы ХҚО немесе «электронды үкімет» www.egov.kz арқылы мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес өтініш білдіруіне болады.
Тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау басшысының міндетін атқарушы Ләззат Сыдықова атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішті тіркеуші орган, Қазақстанның шет елдегі мекемесі Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасына сәйкес қарайтынын тілге тиек етті.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды он алты жасқа толған және атын және (немесе) әкесінің атын, тегін ауыстыруға тілек білдірген адамның жеке өтініші бойынша тіркеуші органдар жүргізеді.
Сондай-ақ, ол атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудың дәлелді себептерін атады:
1) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң оғаш естiлуi;
2) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң айтуға қиындық келтіруі;
3) егер некені мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тегінде қалса немесе некені мемлекеттік тіркегеннен кейін жұбайы тегін басқасына ауыстырса, жұбайымен ортақ фамилияда болғысы келген жұбайының тілегі;
4) егер неке бұзылған кезде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
5) бұрынғы некеден туған балаларымен ортақ фамилияда болғысы келуіне байланысты;
6) жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
7) жұбайы қайтыс болған жағдайда өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болғанда балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
8) өтініш беруші таңдаған ата-анасының бірінің ұлтына сәйкес келетін атты және текті алғысы келуі;
9) құжаттағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келуі;
10) егер некеге отырған кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
11) ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуі;
12) өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және (немесе) әкесінің атын алғысы келуі;
13) жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде таңдаған жынысқа сәйкес келетін атты, әкесінің атын, текті алғысы келуі кезінде жүргізіледі.
«Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініште келесідей мәліметтер қажет: өтініш берушінің аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі; таңдаған аты, әкесінің аты, тегі; атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудың себептері көрсетілуге тиіс»,- дейді Ләззат Сыдықова.
Толық аты-жөнін өзгерту өтініші жоғарыда аталған барлық 13 тармаққа сәйкес келуі керек.
Жалпы, жыл басынан бері Алматыда 2670 тұрғын тегін ауыстыруға өтініш білдірген.
«Тегін, атын, әкесінің атын өзгерткеннен кейін өтініш беруші ең алдымен жеке куәлігін, төлқұжатын ауыстырып, содан кейін жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін мекемелерге, банктерге жүгінуі қажет. Қажет болған жағдайда неке куәлігін және балалардың туу туралы куәлігін өзгерту керек. Дипломды ауыстырудың қажеті жоқ», - деді Наурызбай аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Диляра Қилыбаева.