29.04.2026, 0:00
Оқылды: 3

Қазақстандықтар түйіндеме толтырғанда қандай қателік жібереді

Жұмыс іздеудегі ең алғашқы әрі маңызды қадамның бірі — дұрыс жазылған түйіндеме. Алайда көп жағдайда үміткерлер тәжірибесін толық көрсете алмай, қарапайым қателіктердің салдарынан сұхбатқа шақырту алмайды. Оны қалай сауатты толтыру керек? HR маманы Наргиз Таңырқаева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында түсіндірді.

c038e5e9-b8fc-4fbf-8965-65a8a9e1f99d

Фото: iStock 

Оның айтуынша, жұмыс берушілер үшін үміткердің бұрынғы жұмыс орындарындағы нақты нәтиже мен тәжірибесі аса маңызды. Сондай-ақ талапқа толық сәйкес келмесе де, негізгі дағдылары бар мамандарға басымдық беріледі.

— Түйіндемеде бұрынғы орындардағы жұмыс нәтижесі маңызды. Дағдысы 80 пайызға сәйкес келіп тұрса, HR соған басымдық береді. Сонымен қатар иеленген сертификаттарды қосу қажет, — дейді Наргиз Таңырқаева.
Маман түйіндемеде кәсіби тәжірибе ғана емес, жеке қасиеттер де назарға алынатынын атап өтті, яғни, қазіргі еңбек нарығында hard skills пен soft skills қатар бағаланады.

3dca9404-249e-48ec-aca4-92db40bf4c92

Фото: Видеодан скрин

— Түйіндемеде жеке болмыстары есепке алынады. Стресске төзімділік те рөл ойнайды, — дейді спикер.
HR маманының сөзінше, жұмысқа қабылдау талаптары әр салада әртүрлі болады. Сондықтан үміткер құжаттарын таңдалған бағытқа қарай бейімдегені жөн.

— Мәселен, сату мамандарының жеке қабілетіне қарайды. Басшылық рөлдерде адамдармен коммуникация алға шығады, — дейді ол.
Сонымен қатар түйіндеменің көлемі мен құрылымы да ерекше мәнге ие. Ұзақ әрі ретсіз жазылған ақпарат жұмыс берушінің назарын тез жоғалтуы мүмкін.

— Ең ұзақ түйіндеме жолды кеседі. 5-6 бет жазатындар бар. Бірақ ол 1-2 бет көлемінде болғаны дұрыс. Бастысы, құрылымы маңызды, — дейді маман.
Оның айтуынша, тек түйіндемемен шектелмей, оны қосымша мотивациялық хатпен толықтырған дұрыс.

— Cover letter керек. Мысалы, түйіндемемен хат қатар жүреді. Оның ішінде қандай жоспары бар, компанияны дамытуға қандай үлес қоса алады барлығы қамтылады. Осындай хат толтырғандар көбіне жұмысқа тез орналасып кетеді, — деді спикер.
Сондай-ақ ол студенттер мен еңбек жолын енді бастап жатқан жастарға тәжірибесін көрсетуге кеңес берді. Себебі жұмыс тәжірибесі аз болса да, оқу кезіндегі белсенділік пен нақты дағдылар жұмыс беруші үшін маңызды болуы мүмкін.

— Практикалық жұмыстарындағы көрсеткіштерін, дағдыларын ашып жазу керек, — деді ол.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале