Көптеген қазақстандық 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде гранттар алып, өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асырып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Олардың қатарында Алматы облысы Қаскелең қаласының тұрғыны Гүлназ Қайыпова да бар.
Ол өз кәсібін бастау үшін 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алған. Жас кәсіпкер «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, «Ұлттық нақыштағы гипстен жасалған бұйымдар» атты бизнес-жобасын сәтті қорғап шықты. Грант қаражатына қажетті құрал-саймандар сатып алды.
«Негізінде, мемлекеттік қолдаудың мұндай шарасы туралы мен таныстарымнан да, орталық мамандарынан да естідім, бірақ қатысуға жүрексініп жүрген болатынмын. Бірақ тәуекелге бел буып, қатысуға шешім қабылдадым.
Мен толық ақпаратты Қарасай ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласып білдім, содан соң бизнес-бастамаларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру конкурсына қатыстым. Мен осындай көмек үшін өз ризашылығымды білдіремін және бұл өз бизнесін кеңейтуге немесе бизнеске енді қадам басқалы отырған азаматтарға өз кәсібін ашуға тамаша мүмкіндік», – деп бөлісті Гүлназ Қайыпова.
Қазір ол тапсырыстарды үйінде қабылдауда. Түрлі кәдесыйлар, сандықшалар жасаумен айналысады, тіпті тойбастар тігеді.
Шебердің айтуынша, оның тапсырыстары өте көп. Жақын арада арнайы орынды жалға алуды жоспарлап отыр және қасына көмекшілер алуды да қарастыруда.
Мемлекеттік гранттың көмегімен бизнес-идеясын сәтті жүзеге асырудың тағы бір жарқын мысалы ретінде Солтүстік Қазақстан облысы Старый Калутон ауылының тұрғыны Елена Сосницкаяны айтуға болады.
Атаулы әлеуметтік көмек алушы Елена Сосницкая «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткеннен кейін грант алуға «Қолдан жасалған сабын» бизнес жобасын ұсынды.
Комиссия жобасын мақұлдағаннан кейін және 1 380 000 теңге көлемінде ақшалай қаражат алған соң ол дара кәсіпкер ретінде қажетті құрал-жабдықтар сатып алды.
«Мен жұмыспен қамту басқармасынан грант туралы білдім, курстардан өттім, содан кейін өз жобамды қорғадым. Адамдарға өз бизнестерін аяқтан тұрғызуға мүмкіндік берген мемлекетке өте ризамын. Мұндай бағдарламалар көп болса деймін», – дейді Елена Сосницкая.
Еленаның айтуынша, ол орынды жалға алып, жұмыс орнын құрды және өзінің бизнес идеясын сәтті жүзеге асыруда.
2023 жылдың басынан бері 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 316 грант берілді. 2023 жылы барлығы 9 000 грант беру жоспарлануда.