Еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сай айқындалады. Сондай-ақ мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау орнатылмақ.
“Елімізде тапшы әрі сырттан жиі шақырылатын мамандық түрі бойынша шетелден 100 үздік маманды өзімізге тарту көзделеді. Ол үшін Қазақстанда тұруға ықтиярхат беру қаралған "Бағалы дағдылар визасы" болады”, - деді Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.
Сонымен бірге "Құнды дағдылар рейтингі" жасалады. Бұл рейтингтегі тапшы кәсіптер мен мамандықтар тізімі үнемі жаңартылып отырады.
“Негізгі мақсат – білім трансферті мен осы кәсіптер бойынша өз мамандарымызды даярлау. Келесі, көрші елдерден, соның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттары қозғалысын есепке алуды күшейту”, - деді Ілияс Испанов.