13.01.2022, 10:50
Оқылды: 62

Қазақстанның 14 облысында террористік қауіптің «қызыл» деңгейі жойылды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризм қаупі деңгейінің төмендегенін жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
01

Қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Қазақстанның 14 аймағында жағдай тұрақтанған.

Осы себепті терроризмге қарсы күрес жөніндегі Республикалық жедел штаб (бұдан әрі-РЖШ) Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының аумақтарында терроризмге қарсы операцияның аяқталғанын және террористік қауіптің шекті «қызыл» деңгейінің жойылғаны туралы хабарлайды.

Бұл ретте, Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында жаппай тәртіпсіздік кезінде террористік және өзге де қылмыстық әрекетке қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша шаралар іске асырылуда.

Тиісінше аталған өңірлерде терроризмге қарсы операция жалғастырылып, террористік қауіптіліктің шекті «қызыл» деңгейі сақталуда.

Шешімді РЖШ басшысы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы «Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеуі қағидаларын бекіту туралы» № 611 жарлығының талаптарына сәйкес қабылдады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале