29.11.2023, 9:00
Оқылды: 38

Қазақстанның батысындағы электр жүйесі: Атырау облысында жаңа желі іске қосылды

Атырау облысында Қазақстанның Батыс аймағының электр желілерін нығайту мақсатында салынған жаңа электр желілері іске қосылды.

IMG_20231129_085013_258

Ресми қосу рәсіміне телекөпір арқылы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысты.

Желінің өткізу қабілетін арттыру және Қазақстанның Батыс аймағындағы тұтынушыларды тұрақты энергия қуатымен қамтамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық 220 кВ бес электр беру желісін салды.

IMG_20231129_085030_315

Жұмыс барысында 4,2 мыңнан астам электр бағаналары орнатылып, «Уральская», «Правобережная», «Индер», «Құлсары», «Теңіз» қосалқы станцияларын кеңейту қамтамасыз етілді, сондай-ақ «Қарабатан» жаңа таратушы қосалқы станциясы іске қосылды.

IMG_20231129_085005_508

Жобаны іске асыру нәтижесінде электр желісінің қуаттылығы айтарлықтай ұлғайтылды:

«Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау» учаскесінде 100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін;

«Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін.

IMG_20231129_085010_088

Нәтижесінде Батыс аймақ желісінің сенімділігі екі есеге артып, апат ықтималдығы төмендеді.

Әлихан Смайылов өз сөзінде бұл стратегиялық маңызды жобаның Батыс аймағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Мұның барлығы электр желілерінің өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтуға, сондай-ақ еліміздің батыс өңіріндегі тұтынушылар үшін энергоблоктарда, оның ішінде МАЭК станциясында авариялық жағдайлардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.

Батыс аймақтың электр желісін нығайту, сонымен қатар оның әрі қарай Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикасы жүйесімен интеграциялануына негіз болмақ.

 

Үкіметтің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале