Қазақ халқының Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі де, еңбегі де орасан зор. Деректерге сүйенер болсақ, адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс, шамамен, 27 млн кеңес азаматының өмірін қиды. Сол кезде 6 миллионнан асар-аспас халқы бар Қазақстаннан 1 млн 400 мыңдай жауынгер майданға аттанып, оның үштен бірінен астамы майдан даласынан оралмады.
Бүгінгі таңда, ең өкініштісі, ел басына күн туған шақта Отан үшін от кешіп, қан майданнан аман оралған ардагер аға буын өкілдерінің қатары жыл өткен сайын тым сиреп бара жатыр. Бірақ олар жасаған ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Қазіргі ұрпақтың міндеті – көзі тірі батырларға құрмет көрсете отырып, болашақ ұрпақтың бақыты үшін жанын қиған ерлеріміздің өшпес ерліктерін ұмытпай ұлықтап, өз дәрежесінде насихаттап, оларға тағзым етіп отыру. Дәл осы бағытта кейінгі жылдары Алматыдағы Логистика және көлік академиясында (бұрынғы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы) біраз жұмыс атқарылды.
Ерлігімен қазақ халқының даңқын әлемге әйгілі еткен шығыстың үш шынары – Мәншүк, Әлия және Хиуаздың өмір жолы талай ұрпаққа өнеге болары ақиқат. Өсер елдің аңызға айналған өр тұлғаларын тану – өз Отанын сүюдің, қайсар тектіліктің белгісі. Патриотизм жайлы әңгіме еткенде даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыздың «Бұрынғы ерлікті дәріптеп құрметтемей, жаңа ерлік жасау бос әурешілік» деген дана сөзін жастарға айту аға буынның парызы деп санаймын.
Жастарды Отанын сүюге, ол үшін аянбай қызмет етуге, елжандылық пен ерлікке тәрбиелеу мақсатында академияда жыл сайын Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында ашық кураторлық сағаттар мен жатақханаларда патриоттық кештер өтуде. Бұған арқау болатын, әрине, академияның студенттерінен құралған делегацияның батыр апаларымыз жерленген Ресейдің Псков облысына жасаған сапары. Оның бірі 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында, екіншісі 2016 жылы Новосокольники қаласының 115 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Қаһармандардың ерлік жолын қысқаша баяндап өтейін.
Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №139 (24.11.2022ж) санынан оқи аласыздар!
Кеңес Жүсіпов,
Логистика және көлік академиясының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты,
Алматы қаласы