3.03.2024, 15:00
Оқылды: 26

Қажымұратұлының қажырлы еңбегі – қазақ игілігіне

1 наурыз күні  «Атамекен» өнер ордасының ұйымдастыруымен Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, кескіндемеші-педагог Сатыбалды Құлбековтің мерейлі 75 жасқа толуына орай «Табиғат – тылсым дүние...» атты дербес сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Сатыбалды аға суреттер тарихын таныстыруда

Мәдени іс-шараға қылқалам шеберлері, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері және қала тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында «Атамекен» өнер ордасы директорының жалпы мәселелер бойынша орынбасары Талғат Мықи Сатыбалды Қажымұратұлын мерейлі жасымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

430974009_2169910940017842_7819957764366986028_n

- Бүгін «Атамекен» өнер ордасының көрме залы кезекті рет керемет туындыларға төр беріп тұр. Шараның тақырыбында айтылғандай, табиғат – расында да тосын дүниелерге толы. Оны жер бетінде 7 млрд халықтың көзі көре алады. Бірақ табиғаттың тылсым сырын сазгер, ақын, суретші секілді санаулы адамдар ғана сезіне алады. Сол санаулы адамның санатында Сатыбалды ағамыздың есімі ерекше аталады. Сатыбалды Қажымұратұлының бейнелеген суреттеріне қарап, көзбен көргенін көңілге түйіп, көңілге түйгенін кенеп бетіне көшіре бергенін байқаймыз. Қысқаша айтқанда, құдай берген талантқа құлдай қызмет қылды. Ақыр соңында ел-жұрт көргендей, абырой тағына патшадай жайғасты. Маңдайы жазық, жүзі жарық Сатыбалды аға, мерейлі жасыңыз құтты болып, жүрегіңіз жүзге дейін соғып тұрсын, - деген ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ ол облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновтің атынан алғысхат табыстаса, «Атамекен» өнер ордасы ұжымы атынан иығына қазақы салтпен шапан жапты. Ал Сатыбалды ағамыздың жұбайы Светлана Константинқызына гүл шоғы табыс етіліп, құрмет көрсетілді.

Көрменің ашылу салтанатына жиналған халық

Бұдан кейін республикалық конкурстардың лауреаты Айжан Мұхамбетжанова ән шырқаса, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ольга Ворожейкина құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар Қазақстан Суретшілер Одағы БҚО филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиев С.Қажымұратұлы ел руханиятына қосқан еңбегі мол талантты суретші, талапты ұстаз екенін атап өтіп, ҚР Суретшілер одағының алғыс хатын және БҚО филиалының құттықтау хатын табыстады.

Ардагер-ұстаз Ерғазы Жақсығалиев Сатыбалды ағаны қылқаламның хас шебері екенін тілге тиек етіп, көне бұйым, тарихи жәдігер көрсе, далаға тастамай, әр кез жинап жүретін ерекше қасиеті барын да әңгімеледі.

Шәкірттері атынан М.Өтемісов атындағы университеттің суретші-мұғалімі Мэлс Тасқалиұлы жүрекжарды тілегін айтып, құттықтау хат және қаржылай сыйақы табыс етті.

430900777_2169911016684501_2171628477157777620_n

Салтанатты іс-шарада көрменің авторы, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, кескіндемеші-педагог Сатыбалды Құлбеков өмірі мен өнері жайлы тебірене сөйледі. «Мен ақшаға, мансапқа қызықпадым. Бала кезімнен өнерге деген ықыласым ерекше болды. Суретші болуды армандадым. Сурет салу – еріккеннің ермегі  емес. Бейнелеу өнері табандылықты, шеберлікті талап ететін күрделі сала. Өнерімді сыйлап, өзіме құрмет көрсетіп келген жерлестеріме, жолымды қуған шәкірттеріме алғысымды айтамын. Жақсы күндерде жолығайық. Ел аман болсын!», - деді Сатыбалды Қажымұратұлы.

Айта кетсек, кескіндемеші-педагог Сатыбалды Қажымұратұлы М.Өтемісов атындағы М.Өтемісов атындағы университте «Бейнелеу өнерінің оқыту әдістемесі», «Бейнелеу өнері тарихы», «Кескіндеме», «Композиция», «Мүсіндеу», т.б. пәндерден дәріс беріп, көптеген шәкірт дайындады. Бүгінде сол шәкірттері өнер қайраткері атанып, ел руханиятының дамуы жолында елеулі еңбек етуде. Сатыбалды Құлбеков облыс көлемінде орнатылған бірнеше мүсіндердің, қаламыздағы «Мәңгілік алау» кешеніндегі Ауған соғысына қатысушыларға арналған ескерткіш-белгінің авторы.

Сатыбалды ағаның шәкірттері

Көрменің ашылу салтанаты «Сырым батыр Датұлы» төсбелгісінің иегері Дамир Сатыбаев шырқаған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйінделді. Аталмыш «Табиғат – тылсым дүние...» атты дербес сурет көрмесін өңір жұртшылығы наурыз айының соңына дейін тамашалай алады.

Алтынбек Ермекқалиев,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале