Білім додасы ҚазИИТУ ғылыми-білім кешені базасында ұйымдастырылды. Қатысушылар арасында алдымен іріктеу сыны өткізіліп, әр ойыннан үздік шыққандар финалдық бәсекеде білім деңгейлері мен ұшқыр ойларын сынға салды.
Зияткерлік сайыс болғандықтан, оқу бағдарламасымен қатар, сан саланы қамтитын негізінен, еліміздің тарихы, мәдениеті мен руханиятына қатысты сұрақтар қойылды. Алғашқы «Білім марафоны» турында қатысушылар Kahoot бағдарламасы бойынша тест түріндегі сұрақтарға жауап берді. Екінші «Аламан» кезеңі бойынша тақырып пен сандық ұяшық таңдау арқылы ұпайларын еселеп, үшінші «Эрудит» риторикалық логикалық ойлауға негізделген сұрақтарға, оның ішінде қазақ фильмдері, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар және "Ол кім? Бұл не?" айдарындағы сауалдарға жауап берді.
Қатысушылардың ойыны қалалық білім беру бөлімі Әдістемелік кабинет меңгерушісі И.Амертаева, әдіскерлері М.Тапишев пен А.Искужина және Қазақстанның Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің қоғамдық гуманитарлық кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Л.Алхамова, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Тарих және құқық кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі А.Бұйрашева, Орал қаласының ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші маманы А.Нурулаевадан құралған сарапшылардың назарында болып, бағаланды.
Ойын қорытындысында белсене қатысқан командаларға алғыс хат табысталды.
№1 ЖОББМ «Number One» тобы «Серпін», Д.Қонаев атындағы №44 МГ «Өлкентанушылар», Х.Доспанова атындағы №30 ЖОББМ «Білімпаздар» номинацияларымен марапатталды.
Жалпы қорытынды бойынша 400 ұпай иеленген №49 ЖОББМ «Шамшырақ» тобы жүлделі ІІІ орынға, 410 ұпаймен шыққан №50 ЖОББМ «Жалын» тобы ІІ орынға, 460 ұпай алған №14 ЖОББМ «Галактика» командасы І орынға ие болды.
470 ұпаймен №41 мектеп-лицейдің «Интеллект» тобы Бас жүлде алып, жобаның телевизиялық кезеңіне жолданды.
Шараны өткізуге қолдау көрсетіп, орын ұсынған және техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз еткен ҚазИИТУ ғылыми-білім кешеніне БҚО білім басқармасы алғыс білдіреді.
zhaikpress.kz