12.04.2024, 12:15
Оқылды: 67

«ҚазИИТУ» ғалымдары жуырда «SolarX» ныспылы көлік жасап шығарды

Олар көліктің сыртқы дизайнын да өздері істеген. Есіктері жоғары қарай көтеріле ашылады. Қос есігі көтеріле ашылғанда қанатын жазған құсқа ұқсайды екен. Көліктің компьютерлік нұсқасын жасау барысында Санкт-Петербург (Ресей), Қазан (Татарстан) және Алматы ғалымдары қол ұшын созған. Түсі таңдалып, бағдарламалары әзірленіп, құрастыру кезінде көптеген өзгерістер енгізілген. Электрлі қозғалтқыш жаңа жүйеде құрастырылған. Күштің бәрі тікелей дөңгелек осіне беріледі. Мен ғылыми кешенге арнайы барып, ғалымдармен тілдесіп, көліктің ерекшеліктері жайында сұрадым.

b0ea97e6-ebb8-469e-96e4-89e82292746f

– Жылдамдықты 100 шақырым/ сағатқа дейін арттыруға болады. Кейбір бөлшектер жасалу үстінде. Көліктің жалпы салмағы – 300 келі. Мұндағы қызметтің барлығы дерлік арнайы батырмалар арқылы жүзеге асады. Рөлдің оң жағына планшет қойдық. Артқы көріністі анық көру үшін камера орнаттық. Ондағы көрініс планшеттің жоғарғы жағында орналасқан айна арқылы көрінеді. Ыңғайлы болғасын, «Тесла» автокөлігінің рөлін қондырдық. Капот тіреуіштері де өзгеше жасалған. Бұрын сыртқы қорабы (кузов) дайын көліктермен жұмыстандық. Ал «SolarX» қорабын өзіміз құрастырдық. Дөңгелектері «Range Rover» автокөлігінікі. Оның кейбіреуін Ресейдің Жаңасібір қаласынан алдырдық. Тынымсыз еңбек етіп, 1 жыл 6 ай ішінде осындай нәтижеге қол жеткіздік. Көмектескен ғалымдармен біз бұрыннан байланыстамыз, – деді Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің жанындағы ақпараттық жүйелер орталығының директоры, техника ғылымдарының магистрі Зәкір Хамзин.

32fccddc-4a6d-4249-af4e-bfcb28f914c2

Көлік құрастырушыларының  бі­рі, аталған университеттің жүйелік әкімгері, техника ғылымдарының магистрі Алексей Феденёв­тің айтуынша, аккумулятор орнына батареялар қойылған. Батареяның қанша пайыз қуатталғаны, оның бойындағы қуатпен қанша шақырымды еңсеруге болатыны және басқа да пайдалы ақпараттармен планшеттен танысуға болады екен. 100 пайыз қуаттап алсаңыз, 300-ге жуық шақырымды жүріп өтесіз. Күн панелі де бар. Осы құрылғы арқылы көлікті электр тогының көмегінсіз қуаттай беруге болады. Алексей Александрович бұрылыс белгісінің (сигналының) қанша секунд жанатынына дейін бағдарламаға енгізген. Жалпы жаңа көліктің бағдарламасын бастан-аяқ жасап шыққан осы кісі.

d496987f-ae64-4ffd-b6eb-3e5c19f709e4

– Көліктің артқы жағына Led-экран есебінде жұмыс істейтін құрылғы бекітілген. Тежегішті басқанда осы құрылғыдан қызыл түс жанады. Көліктің атауы шығып тұрады. Көшеде өзге жүргізуші сізге жол берсе, «Рақмет!» немесе жылдамдықты арттырып келе жатса, «Абайлаңыз!» деп жаза аласыз. Оны артта келе жатқан жүргізуші оқиды. Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің түлектері мен студенттері көлікті құрастыру барысында бізге көмектесіп, көп нәрсе үйренді. Жалпы, негізгі мақсатымыз – жастарға көрген-білгенімізді жеткізу, оларды тәрбиелеу. Студенттердің ұсыныстарын қашанда ескереміз. Олармен бірге техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Ақсерік Әйтімовтің қолдауымен көптеген жобаны жүзеге асырып келеміз. «Smart юрта» деген далада мал бағатындарға арналған жоба жасадық. Жақында  «БТ-1» атты ауадан су табатын құрылғы ойлап тап­тық. Осы құрылғы өсім­діктерді өздігінен суара алады. Алдағы уақытта басқа да жақсы жаңалықтарымызбен бөлісеміз деген ойдамын. Былтыр ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университетке келді. Біз оны жобаларымызбен таныстырдық. Министр оң қабақ танытып, сәттілік тіледі, – деді Зәкір Ұлықбекұлы.

b4b27ad7-99b5-488b-b6f5-e2345a02ef9c

Айта кетейік, бұған де­йін университет ауласында тұрған электрлі «ОКА» көлігі жайлы жазған болатынбыз. Чип орнатып, есептен шығарылған, қоз­ғалтқышы пайдасыз кө­лікті жүргізген ақпараттық орталықтың директоры Сергей Офицеров. Оған осы жобасы үшін, білім-білігін жетілдіру үшін Ресейдің Дубна қаласындағы институт гранты бе­рілді.

Марлен  Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале