24.04.2023, 15:15
Оқылды: 211

«Қазсушар» Қамыс-Самарға су жеткізуге неге құлықсыз?

Ен даланы еркін кезіп, қарасы едәуір көбейген киіктің санын реттеу жұмысы соңғы жылдардағы күйіп тұрған мәселеге айналды. Бұл түйіткілге Министрліктен бастап, барлық мамандар бас ауыртуда. Өткен жылы жергілікті мамандар бірігіп «Киіктің Жайық популяциясы санын реттеу» атты концепция жасап шығарды. Оны Министрлік бекітіп те берді.

IMG-20230424-WA0117

Аталған концепция бойынша Жайық өзені, Көшім, Қараөзен, Сарыөзен, Мұқыр өзендері арқылы Қамыс-Самарға су жеткізіп, ақбөкендерді ежелгі мекеніне тұрақтандыру көзделген еді. Мамандар мен көне көз қариялардың айтуынша, Қамыс-Самар елі соның ішінде Сарыкөл (Факей) ауылымен шектесіп жатқан полигонның жері киіктердің негізгі мекені болған. Соңғы жылдардағы қуаңшылықтан ол маңдағы өзен-көлдерге су түспей, ақбөкендер амалсыздан су жағалап, Казталов, Жәнібек аудандарының аумағына ауысқан. Сол маңнан төл өргізіп, қайтадан Жаңақаланың жеріне қоныс аударады екен. Егерде өзен-көлдерде тіршілік көзі болатын болса, сол құмды мекенге тұрақтап, шаруалардың да "мазасын" алмас еді.

IMG-20230424-WA0122

Жақсы делік. Мамандардың есебі дұрыс-ақ. Енді бар мәселе аталған аймаққа су жеткізуге келіп, тіреліп тұр. Сәуір айының басында Қамыс-Самарға су апару мәселесіне орай әкімдікте өткен жиында өңір басшысының бірінші орынбасары Ержан Балтаев құзырлы мекеме басшыларынан арнайы комиссия құрып, жағдайды бақылауда ұстауды да тапсырған. Содан соң облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасымен 11 сәуір күні облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, "Жайық Пресс" ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров, «Қазсушар» РМК БҚФ басшысы Рауан Құсаинов пен орынбасары Төлеген Ғұмаров Жаңақала ауданына барып, судың келу барысын көріп келген еді. Сол кезде Қараөзеннен бастау алып, сай-саланы жағалап құмға жететін өзен арнасы екі жерден, яғни Қызылжар көпірі мен Сарыкөл ауылы тұсынан бөгелгеніне көз жеткізген. Соның кесірінен құйылатын су жағасынан асып, ен далаға жайылып, жыралар арқылы сорларға құйылып кеткен.

IMG-20230424-WA0121

 -Жаңақала ауылына барған сапарымызда өзен арнасының бөгеліп тұрған жерлерін ашып, суды Сарыкөл ауылынан асыру керектігін айтқан болатынбыз. «Қазсушар» РМК БҚФ басшысы Рауан Хусаинов жағдайды өз көзімен көргендіктен бөгелген жерлерді ашамыз деп, уәде берген еді, - дейді "Жайық Пресс" ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров.

IMG-20230424-WA0119

Иә, өзен арналарының бөгелгендігіне, келген судың далаға жайылып кеткендігіне біз де көз жеткізіп келдік. Күні кеше 21 сәуір күні арнайы барғанымызда жағдай түк өзгермеген. Сол күйі бөгеліп тұр. Өзеннің алды бітеліп тұрғандықтан Хафиз, Айтбай қыстақтарының тұсына, Меңдешев ауылының маңына текке су шыққан. Далаға жайылған судың тұрғанына да бір айдай уақыт болыпты. Ол жерге енді қамыс-қоғадан басқа шөптің шықпайтыны анық. Сонда «Қазсушар» мекемесі үшін судың алдын бөгеп, халыққа "жылтырақ" қылып көрсету міндет болып тұр ма? Неге әріден ойлап, болашаққа бағдар жасамайды? Қамыс-Самарға уақтылы су жеткізбесек күні ертең осы маңға ауысатын ақ бөкендер тұрақтамай, су іздеп тентіреп кететіні анық. Сосын "жерімді отап кетті" деп шаруалар зар қағады. Ал мына полигон маңына су барса киіктер ешкімге зиянын тигізбес еді. Сонда ғана қазақ айтқан, арбаны да сындырмай, өгіз де өлтірмей, мәселе өз шешімін таба қояр еді.

IMG-20230424-WA0120

Ауданға сапарымызда ауыл-елді араладық, халықпен тілдестік. Олар "Қазсушар" мекемесінің қарасын да көрмегендерін айтады. "Ашамыз" деп уәде бергендеріне де 13 күн өтіпті. Айтқан бойда уәдені орындағанда су ендігі құмға жетіп те қалар ма еді? Құзырлы мекеменің құмға су жеткізуге неге құлықсыздық танытып отырғандығы бізге беймәлім. Бір білеріміз, осылай енжарлық танытып, жағдайға немқұрайлы қарай берсек киіктің мәселесінен жақын жылдары құтылмасымыз анық.

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзінде: "Теперь необходимо перезагрузить саму систему управления. «Казводхоз» следует переформатировать в финансово стабильную организацию. Она возьмет на себя лидирующую роль в трансформации водной отрасли. Так должно быть" деп атап көрсеткен болатын. Олай болса аталған мекеменің жұмысы ширай түскені дұрыс шығар!

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале