Казталов ауданында сегіз отбасы баспаналы болып, аудан орталығындағы спорт кешені мен Қайыңды ауылындағы мәдениет үйі пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараларға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат депутаттары Тұрарбек Тілемісов, Самат Хасанов, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты. Бұл туралы Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қаладан – ауылға» жобасы: төрт отбасы баспаналы болды
Казталов ауданында «Қаладан – ауылға» бағдарламасы қарқынды жүргізіліп жатыр. Өңірлік бағдарлама аясында Болашақ ауылдық округінің Жаңатаң және Көпкүтір елді мекендерінен төрт отбасы жаңа баспанаға ие болды. Баспаналы болған отбасыларды облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, тұрғын үй кілтін салтанатты түрде табыстады.
– Өңірімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен бірқатар инфрақұрылымдық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Оның сыртында өңірлік бағдарламаларымызды да іске қосып жатырмыз. Соның ішінде «Қаладан – ауылға» бағдарламасы жас отбасылар үшін, халықтың әл-ауқатын арттыру және ауылдар мен елді мекендерді дамытуға сеп болады. Бағдарлама аясында Казталов ауданына көшіп келген жас отбасыларды құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз берекелі болып, қуаныш пен шаттыққа толсын!, - деді облыс әкімі.
Ауданда жоба іске асырылатын ауылдарда 16 тұрғын үй сатып алынып жатыр. Бүгінгі күні ауылдарға құрамында 78 адам бар (соның ішінде 50 бала) 14 отбасы көшіп келіп, уақытша үйлерге орналастырылды. Барлық отбасылар тұрақты жұмыспен қамтылып, мектеп жасындағы 24 бала мектепке, 25 бала мектепке дейінгі ұйымдарға орналасты.
Жаңатаң елді мекеніндегі салтанатты іс-шарада Сисеновтар мен Сүндетовтер отбасы (Жаңатаң елді мекені), Жакуповтар мен Абдрахмановтар (Көпкүтір елді мекені) отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бағдарламаның игілігін көріп отырған Сисеновтар жанұясының отанасы Шынарай Төремұратова қуанышымен бөлісіп, облыс басшылығына ризашылығын білдірді.
– Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен жүзеге асып жатқан жобаның нақты жемісін бүгінгі кілт алып жатқан жас отбасылармен бірге біздің отбасы да көріп отыр. Сол үшін облыс басшылығына барша «Қаладан – ауылға» бағдарламасына қатысушы отбасылардың атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Біз осы бағдарлама арқылы Казталов ауданының Жаңатаң ауылына ақпан айының басында көшіп келген болатынбыз. Қаладан көшіп келу барысында жергілікті атқарушы органдар барлық мүмкіндікті қарастырып, уақытша тұрғын үймен қамтып, сиыр, қой мен ешкі берді. Қазір сол төрт түліктің игілігін көріп отырмыз. Жолдасым Аят екеуімізді тұрақты жұмысқа да орналастырды. Жолдасым мердігермен бірге осы үйдің салынуына атсалысты. Біздің отбасымыз үшін бұл үй өте ыстық. Өзегінен теппей, құшақ жая қарсы алған ауыл халқына да алғысымыз шексіз!, - деді ол.
Салтанатты іс-шарада жас отбасыларға тұрғын үй кілтімен қатар, екі бас ірі қара және 10 бас қой мен ешкінің сертификаты табысталды. Ал ауылдың батагөй ақсақалы Мусин Есмағұл жас отбасыларға ақ батасын берді.
Айта кетейік, қос елді мекенде тұрғын үй құрылыстарын жерлестеріміз, жеке инвесторлар Мейірбек Фатихов және Аманжол Кереев жүргізді.
Қайыңдыда мәдениет үйі ашылды
Казталов ауданының орталығына қашық орналасқан Қайыңды ауылында мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілді. Мәдениет үйінің жалпы ауданы 3 600 шаршы метрді құрайды. Осы уақытқа дейін аудан әкімінің халықпен кездесуінде қайыңдылықтар ауылға жаңа мәдениет үйінің қажет екендігі жөнінде мәселені жиі көтеріп жүрді. Халықтың талап-тілегі орындалып, заман талабына сай рухани орда есігін айқара ашты.
Мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы ауыл халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Облысымызда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Облыс орталығы мен аудандарда білім ордалары мен мәдениет үйлерінің құрылыстары жүргізілуде. Қайыңды ауылындағы мәдениет үйінің жобасын өзге де ауылдар мен елді мекендерде жүзеге асырамыз. Алдағы уақытта Казталов-Қайыңды бағытындағы жол құрылысы мәселесін де қарастыратын боламыз. Мәдениет үйінен елге белгілі өнер майталмандары қанат қағады деген сенімдемін, - деді облыс әкімі.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған мәдениет ошағының құрылыс жұмысын «Дарен Строй Сервис» ЖШС жүргізді. 150 орындық көрермен залы, ауылдық кітапхана орналасқан ғимаратта бес адам жұмыспен қастылып отыр. Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмай, ішкі және сыртқы бейнебақылау камералары орнатылған.
Нысанның салтанатты ашылуында сөз алған ауыл тұрғыны, сала ардагері Тоқжан Ораз жергілікті атқарушы органдарға халық атынан алғысын айтты.
– Бүгін ауылымызда көптен күткен қуаныш. Ақ түйенің қарны жарылып, мәдениет үйі халыққа есігін айқара ашқалы отыр. «Көп тілегі көл» дейді дана халқымыз. Ауылға мәдениет үйінің қажет екені жиі көтеріліп жүрген мәселе еді. Бүгін жаңа мәдениет ошағының ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Президентіміздің әр бастамасын мұқият қарап отырамыз. Соңғы жолдауында атап өткен елімізді дамытудағы бастамаларын толығымен қолдаймыз. Атом электр станциясын салу тәуелсіз мемлекет ретінде дамудың бірден бір жолы деп білеміз. Ауылымызда мәдениет ошағы бой көтеріп жаңа тұрғын үйлер салынуда, алдағы уақытта ауылдың ішкі жолдары да жөнделетін болады. Халықтың үніне құлақ түрген жергілікті атқарушы органдарға ауыл халқы атынан алғысымды білдіремін. Ұлтымыздың рухына қалқан болар мәдениетіміз асқақтай берсін, - деген ауыл тұрғыны облыс басшылығына Казталов ауылына қатынайтын тіке жолдың салынуына ықпал етуін сұрады.
Мәдениет ошағының лентасын облыс әкімі Нариман Төреғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, мәдениет саласының ардагері Сансызбай Нәбиев қиды. Жаңа мәдениет ошағына облыс әкімінің атынан үш кондиционердің сертификаты табысталды.
Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға баспана кілті табысталды
Казталов ауданының орталығында тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға баспана кілті табысталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтардың баспана мәселесін шешу қажеттігін айта келе: «Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдауды күшейтіп, тұрғын үй құрылысы мен оның қолжетімділігін арттыру қажет. Әсіресе көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударып, олардың баспанаға қол жеткізуіне барынша жағдай жасауымыз керек» деп Үкіметке тапсырма берген болатын.
Президенттің тапсырмасына сәйкес биылғы жылы Казталов ауданы бойынша 28 елді мекенде үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап қос пәтерден 116 үйге қаржы бөлініп, салынып, қолданысқа берілуде.
Облыс әкімі баспанаға ие болған азаматтарды құттықтап, тұрғын үй кілтін салтанатты түрде табыс етті. Баспана иелері мемлекеттік бағдарламаның ауданда жүзеге асуына ықпал еткен облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
– Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ауыл-аймақтарды дамыту бойынша берілген тапсырмасының арқасында баспаналы болып жатырмыз. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуына ат салысқан барша азаматтарға және жаңа баспана салып берген мердігерге ризашылығымды білдіремін. Баспана иелерін бүгінгі қуаныштарымен шың жүректен құттықтаймын. Алдағы өтетін референдумда еліміздің ертеңі үшін отбасымызбен өз таңдауымызды жасайтын боламыз. Мемлекетіміздің қолдауының арқасында баспаналы болатын отбасыларымыз көп болсын, - деді Казталов ауылының тұрғыны Арайлым Сансызбаева.
Кәсіби медиатор, еңбек ардагері Марат Тоясов та бағдарламаның игілігі мол екенін жеткізді.
– Соңғы уақытта ауданымызда тұрғын үйлердің салынуы қуантарлық жәйт. Алдымен халық баспаналы болып қалмақ. Содан соң жаңа үйлер ауылдың ажарын келтіреді. Биыл ауданымызда тұрғын үй кезегіндегі отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 150-ге жуық тұрғын үйлер салынып жатқаны жөнінде ақпаратты әлеуметтік желілер, газет, теледидар арқылы естіп, біліп отырмыз. Аудан әкімдерінің халықпен кездесу жиындарында көтеріліп жүрген мәселелердің бірі осы – баспана мәселесі. Бұл да өз кезегімен шешімін тауып, халықтың қуанышы еселеніп отыр. Елімізде және соның ішінде өңірімізде табиғи апат су тасқыны болды. Президентіміздің тікелей тапсырмасымен облысымыздың бірнеше аудандарында және Орал қаласында санаулы күндердің ішінде жаңа баспаналар бой көтергеніне баршамыз куәміз. Осы жұмыстардың бас қасында жүрген сізге де шынай ризашылығымызды білдіреміз. Президентіміздің бастамасымен 6 қазанда өткізілетін референдумға жерлестерімізбен белсене қатысып, елімізде атом электр станциясының салынуы үшін таңдау жасаймыз. Баспанаға ие болып отырған отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, берекелі баспанада бақытты ғұмыр кешіңіздер! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ауылымыз ажарлана берсін!, - деді ол.
Аудан орталығындағы тұрғын үйді Назарбек Қуанов салса, Қоныс елді мекеніндегі тұрғын үйдің құрылысын Ринат Ғұбайдуллин жүргізді.
320 орындық спорт кешені ашылды
Казталов ауданындағы спорт кешенінің құрылысы аудан әкімінің халықпен кездесуінде жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі болды. Құрылыс жұмысы аяқталған спорт кешені салтанатты түрде ашылды. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық мәслихат депутаттары Тұрарбек Тілемісұлы, Самат Хамзаұлы, КПО б.в. компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы аудан халқын жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерде спортты дамыту мәселесіне тоқтала отырып: «Ауылдық жерлерде спортты дамыту – жастардың денсаулығы мен тәрбиесіне оң әсер ететін маңызды бағыт. Спорт кешендері мен алаңдарын салып, ауыл жастарын спортқа баулу арқылы біз салауатты ұрпақ тәрбиелейміз. Әрбір ауылда спортпен айналысуға барлық жағдай жасалуы тиіс. Ауыл спортын дамыту – болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің кепілі» - деп атап өткен болатын. Спорт кешенінің құрылысы ұзақ уақыт тұралап қалғаны белгілі. Мен сіздерге спорт кешенін 2024 жылы пайдалануға берілетіні жөнінде уәде берген болатынмын. Бүгін спорт саласының дамуына сеп болар, ауданның әлеуетін арттыруға маңызы зор нысанды пайдалануға беріп отырмыз. Биыл облысымызда су тасқыны болып, аудан азаматтары Орал қаласы мен өзге де аудандарда су тасқынының алдын алу жұмыстарына белсене атсалысып, азаматтық қолдау көрсетті. Сіздерге азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс білдіремін!, - деген өңір басшысы спорт кешеніне жаңа автокөліктің сертификатын табыс етті.
Спорт кешенінің құрылысын КПО б.в. компаниясы тапсырысымен «AGA Building» ЖШС жүргізді. Кешенде волейбол, футзал, баскетбол ойындарына арналған зал және бокс, дзюдо, күрес,жаттығу залдары бар. Аталған нысанда ауыл балаларына түрлі спорттық секциялар жұмыс жасайды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына да бос уақытында спортпен шұғылдануға мүмкіндік қарастырылатын болады.
– Бүгін аудан орталығындағы сәулеті келіскен жаңа ғимарат, спорт кешені пайдалануға беріліп отыр. Бұл халықтың көптен күткен қуанышы. Осы кешеннің салынуына қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне және Қарашығанақ петролеум оперейтинг компаниясына, мердігерге аудан халқының атынан шынайы ризашылығымызды білдіремін. Президентіміздің бастамаларын толығымен қолдаймыз, алдағы референдумда белсене қатысуға өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын. Мемлекет тарапынан спорт саласын, соның ішінде бұқаралық спортты дамытуға көптеп көңіл бөлініп келеді. Кәсіби спорт түрінен де ел намысын қорғап, абыройымызды асқақтатып жүрген жерлестеріміз бар. Бүгінде балаларымыз жаңа спорт кешенінде жаттығып, түрлі спорт секцияларына қатысып жерлесіміз Данияр Елеусіновтің ізін жалғайтын мықты спортшылар шығатынына сенімдімін. «Спорт – денсаулық кепілі» дейді дана халқымыз. Ауданымызда спорт саласының дамуына қолдау көрсетіліп, сала қарқынды дамып келеді. Жаңа спорт кешені спортшыларымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деген сенімдемін! Қуаныш құтты болсын, ағайын!, - деді спорт саласының ардагері Әділбек Алғазиев.
Спорт кешенінің ашылу салтанатында облыс әкімі Нариман Төреғалиев, КПО б.в. компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев, еңбек ардагері Уалиолла Абешов, ардагер спортшы Айдын Елемесов нысанның лентасын қиды.