Коммерциялық жоба «Жақсартылған сипаттамалары бар еріткішсіз акрилатты бояулардың тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін құру» деп аталады. Оның нәтижесінде коррозиялық белсенділігі жоғары, құны 15-20 пайызға арзандатылған, реагенттері аз, қалыпты температураны қолдана отырып жасалған экологиялық қауіпсіз акрилатты лак-бояу материалдарын алудың жаңа үнемді технологиясы әзірленді.
«Арнайы катализаторларды қосу – кептіру уақыты 12-24 сағатты құрайтын ұқсас эпоксидті немесе полиуретанды бояулармен салыстырғанда әлдеқайда жылдам 1-60 минутта кебетін жаңа өнімді алуға мүмкіндік берді», – дейді жоба жетекшісі PhD Лаура Агибаева.
Негізгі бәсекелестік артықшылықтары: үнемділік, өндірістің төмен температураларын қолдану, аз уақытта, шамамен 45 минутта алу технологиясы, процестің қарапайымдылығы. Қызмет мерзімі кем дегенде 7-10 жыл, механикалық беріктігі жоғары, судың, химиялық реагенттердің әсеріне төзімді әрі бояуларды қыста да, жазда да қолдануға болады.
Шағын өндіріс «Ғылым қоры» АҚ мен «WARDA STAR» ЖШС қаржыландыруымен жеке серіктестік аясында іске қосылды. Қазіргі таңда мұнда акрилатты бояудың екі маркасы шығарылады: «Base coat WS NG 302» – негізгі еден жабыны. Ал «Primer WS NG 102» өнімі концентрацияланған акрилді праймер. Ол жабындардың адгезиясын жақсартады және бетон беттерін дайындауға арналған.
Сонымен қатар алынған өнім металл беттердің коррозияға қарсы жабыны ретінде паркингтер, сауда орталықтары, өнеркәсіптік кәсіпорындары және кез келген басқа нысандардың жабыны ретінде кең қолданысқа ие.
Акрилатты бояуға ұсынылатын баға тек Қазақстан нарығында бәсекелесуге ғана емес, сондай-ақ өнімді ЕурАзЭҚ елдеріне және алыс шетелдерге экспорттауға мүмкіндік береді.