2.09.2022, 22:46
Оқылды: 49

Қазылар да әділ іріктеледі

Бүгін Батыс Қазақстан облыстық соттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес отырысы өтті.

WhatsApp Image 2022-09-02 at 17.22.08

Аталған кеңес мүшелері ҚР Жоғары Сот Кеңесі жариялаған конкурс бойынша судьялық бос лауазымдарға үміткерлердің кандидатурасын талқылады. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрамында доғарыстағы судьялар Біржан Мәмбетов пен Зәуреш Жұмашева, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Ғалымжан Ищанов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов, кәсіби медиатор, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ БҚО филиалының директоры Махамбет Сұлтанғалиев, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Табылғали Сапаров және еңбек ардагері Амангелді Дәулетжанов бар. Аталған кеңес «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот кеңесі туралы» ҚР заңдары мен ҚР Жоғарғы Сот кеңесінің шешімімен 2016 жылдың 17 ақпанында бекітілген «Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес туралы» ережеге сай қызмет етеді.

– Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері судья лауазымына үміткерлердің рухани-адамгершілік қасиетін бағалайды. Ереже бойынша судья лауазымына үміткерлерді іріктеуге ел азаматтары мен қоғамдық ұйымдар да қатыса алады. Кеңес мүшелері өзара теңқұқылы, әділ, адал әрі турашыл болуы тиіс. Қазақ халқының даналары «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп әуелден ашық айтып кеткен. Заң үстемдігі салтанат құрған Қазақстанда әділ сот төрелігін жүргізетін шыншыл судьялар қызмет етуі тиіс. Батыс Қазақстан облыстық соттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңесінің бірінші отырысында кеңес құрамы таныстырылды. Одан кейін судьялық бос лауазымдарға үміткерлермен сөйлесіп, олардың еңбек жолы, бай тәжірибесі, білім деңгейі туралы мәліметтерге қанық болдық. Кеңес мүшелері кандидаттардың парасаттылығына, мінез-құлқына, бітім-болмысына сыни тұрғыдан қарап, оған қоса қоғам пікірін ескере отырып, әділеттілікті ту ететін азаматтардың кандидатурасын мақұлдауы тиіс. Халық арасында судьялардың абырой-беделі жоғары болуы тиіс. Сондықтан үміткерлердің іскерлік қасиетін бағалап, судьяның беделі мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін әрекет жасамағанына көз жеткізе отырып, кандидаттар туралы әр мағлұматты жан-жақты талдап-таразылап барып дауыс береміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте жариялаған Жолдауында: «Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн» деді. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері Президент айтқан талап-үде бойынша жұмыстанып, жаңа реформаларды жүзеге асыруға, судьялар корпусын жетілдіруге ерекше үлес қоса алады деп есептеймін, – деді Батыс Қазақстан облыстық соттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес мүшесі, кәсіби медиатор Махамбет Сұлтанғалиев.

Нұртай Текебаев, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале