15.11.2022, 10:01
Оқылды: 49

Қазына қаржысы үнемделеді

Елімізде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруды көздейтін бірқатар шаруа қолға алынған. Орта және шағын бизнес субъектілерін қолдау және бюджет қаражатын оңтайландыру бағытындағы «Бірыңғай теңгерім ұстаушы» жобасын Батыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті табысты жүзеге асыруда.

2019salik-870x400

Фото: atr.kz

Жобаның мақсаты – мемлекеттік  құрылымдарды оларға тән емес қызметтерден, яғни ғимараттарды, құрылыстарды және көлік құралдарын күтіп ұстау жұмыстарын орындаудан босату, аталған функцияларды шағын және орта бизнес субъектілеріне беру. Осы жобаны іске асыру Үкіметтің 2014 жылғы 25 қыркүйектегі №1012 қаулысымен бекітілді. Күні бүгінге ҚР Қаржы министрлігінің аумақтық бөлімшелерін, Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мен оның аудандық басқармалары, қа­зынашылық департаменті мен оның аудандық басқармалары, БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті орналасқан ғимараттар мен аутокөліктерді күтіп ұстау және оларға қызмет көрсету жұмыстарын департамент орталықтандыру жолымен атқарып келеді.

2015-2022 жылдар аралығында департамент жобаны іске асыру бағытында көптеген жұмыс істеді. Ғимараттарды күтіп-ұстау, тазалап-жинау, күзету, кеңсе жабдықтарына техникалық қызмет көрсету   қызметтері бәсекелестік ортаға – жеке кәсіпкерлік субъектілеріне берілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жыл сайынғы жоспарланған бюджеттік шығындар 28 миллион теңгеге  үнемделді. Ал үнемделген қаражат есебінен ғимараттарға, теңгерімдегі ғимараттардың мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустарға ағымдағы жөндеу жүргізілді,  жылу жүйелері, су құбырлары қайта қалыпқа келтірілді.

Бюджеттік шығындарды оңтайландыру барысында бос әкімшілік ғимараттар, қызметтік аутокөлікті жалдау қызметі бәсекелестік ортаға берілді. Осының есебінен 70 миллион теңге бюджет қаржысы үнемделді. Мұның ішінде штаттан тыс қызметкерлердің еңбекақысы, коммуналдық қызмет шығындары да бар. Бос әкімшілік ғимараттар кәсіпкерлерге жалға берілді. Мысалға, Шыңғырлау аудандық қазынашылық басқармасынан «Шыңғырлау» несие серіктестігі» ЖШС, Тасқала қазынашылық басқармасынан «Жайық Пресс» ЖШС, Орал қаласы бойынша кірістер басқармасынан «Мирас» жеке кәсіпкерлігі орын жалға алып отыр. Әдетте бос әкімшілік ғимараттарды жалға  беруге тендерлер жарияланып, кәсіпкерлерге 1-3 жылға дейін пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде мемлекеттік кіріс қаражаты жыл сайын орта есеппен  10 миллион теңгеден аса мөлшерде  толықтырылады.

Алдағы уақытта басқа министрліктердің құрылымдық бөлімдерін орталықтандыру барысында аталған жобаны жалғастыру жоспарланды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып отырған орта және шағын бизнес субъектілерін қолдау және бюджет қаражатын оңтайландыру бағытындағы «Бірыңғай теңгерім ұстаушы» жобасын іске асырудың қарқыны бәсеңдемейді.

Батыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі – Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің құрылымдық бөлімі болып табылады. Бүгінде департаментте 15 адам еңбек етеді. Оның ішінде 3 қызметкердің 20 жылдан астам  еңбек өтілі бар. Біздің ұжым экономиканың қаржы секторының қызметкерлерінің кәсіби мерекесі  – Қар­жыгерлер күнін осындай табысты еңбекпен қарсылап, бюджет шығындарын үнемдеу жолында жұмыла  қызмет  етуде.

Жаннат Молдашева,

Батыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале