"Өздеріңіз білесіздер, ұлттық банк инфляция деңгейін төмендету үшін өзінің базалық ставкасын 16 процентке дейін ұлғайтты. Келесі жылдың басында инфляция деңгейі мен макроэкономикалық жағдай тұрақталады деп санаймыз", - деді Смайылов Сенаттың отырысынан кейінгі брифингте.
Осы орайда Үкімет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының үстемесін 15 проценттен асырмау міндеті қойылғанын еске салды. Осы саладағы бақылау шаралары жалғаса береді.
Айта кетері, Қазақстанда инфляцияның жылдық көрсеткіші 19%-ға жуықтады, ал өнім бағасы 23,2%-ға өсті.
"Келесі жылы инфляция деңгейі 7,5-9,5 процент болады деп жоспарлап отырмыз. Ал одан кейінгі жылдары 4-5 процентке түсуі керек. Біз осындай мақсат қоюымыз керек. Сосын қолда бар шараларды пайдаланып, оған жетуіміз шарт", - деп атап өтті Смайылов.