Таяуда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырыста спикерлер тарапынан баяндамалар оқылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов қоғамдық кеңес мүшелерінің сауал-сұрақтарына толыққанды жауап беріп отырды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің сөзіне сүйенсек, «ҚПО б. в.» компаниясының қаражаты есебінен әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде 2024-2025 жылдар аралығында облыс орталығындағы кейбір ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу, аудан-ауылдарда мәдени-спорттық кешендер, шағын жинақты мектептер, мемлекеттік мұрағаттар салу жоспарлануда.
Жиын барысында Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Дулат Имашев Бөрлі ауданы Пугачев ауылдық округінің құрамындағы Сұлусай ауылын тарату туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, Сұлусай елді мекенінде 10 үй бар, оның біреуінде ғана тұрғын өмір сүріп жатыр. Ол үйде кәмелеттік жасқа толмаған балалар тұрмайды. Ауылда мектеп, балабақша, фельдшерлік пункт, мәдениет үйі, кітапхана жоқ. Оның үстіне газ, ғаламтор, ұялы байланыс желісі және ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Жалпы тұрғындардың бұл ауылдан көшуінің басты себебі – дүкендердің жоқтығы һәм жұмыссыздық. Осы тұста облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Сәдір ауылдарды таратуға құмар болмау керектігін жеткізді. Ол Сұлусай ауылын таратып жіберуге үзілді-кесілді қарсы. Алдағы уақытта аталған елді мекенге арнайы барып, тұрғындармен кездеспек ниетте. Қоғам белсендісі шаруаға жайлы елді мекеннің ауыл мәртебесін сақтап қалу керектігін алға тартып отыр. Оның ұстанымын облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Ұзақбай Ғабдуллин мен Данильбек Саратов қолдайтынын айтты. Біраз талқылаудан кейін облыстық қоғамдық кеңес мүшелері «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегенге сайып, Бөрлі ауданы басшылығына аталмыш мәселеге және бір жіті назар аударып, Сұлусайдың бүгіні мен ертеңін егжей-тегжейлі зерттеп-зерделеу жөнінде ұсыныс жолдау керек деген ортақ ұйғарымға келді.
– Биыл жергілікті бюджеттен 439 млн 640 мың теңге бөлініп, 18 ауру түрі бойынша 250 емделуші тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Дапаглифлозин, гидроксихлорохин, ритуксимаб, линпарза, кладрибин, ланаделумаб және басқа да дәрілік препараттарды сатып алу жоспарлануда. Бұл туралы ақпарат нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталында көпшілік талқылау үшін орналастырылды, – деді отырыс барысында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Денис Умашев Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің «Сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қайтарымды негізде шағын несие беру шеңберінде өтінімдерді қабылдау және несиелерді қамтамасыз ету тәсілдерін, қоса қаржыландыру мөлшерін, үміткерлер санаттарын белгілеу туралы» қаулысында қамтылатын мәселелерге тоқталды. 2023 жылы «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында облысымызға республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге несиелік қаражат бөлінген. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде микрокредит беру қағидасының 66-тармағының 6-тармақшасына сәйкес облыс әкімдігінің қаулысын қабылдау қажеттілігі туындап отыр екен. Микрокредит беру сенімді өкіл «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асуда.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев Қазақстан Республикасының 1998 жылы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңының 17-бабы, 1-тармағын (мемлекеттік архивтер тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ақылы негізде өткізуге құқылы) басшылыққа ала отырып, Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивтеріндегі баға прейскуранты жөнінде баян қылды. Ақылы қызметтен түскен қаражат архивтің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға, мамандардың еңбегіне ақы төлеуге, шаруашылық шығыстарға (байланыс, көлік және коммуналдық қызметке ақы төлеу, мемлекеттік архивтің жұмысына қажетті заттар мен материалдар сатып aлу), жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша оқыту жүргізу үшін үй-жайларды жалға алуға және оқу құралдарын, көрнекі материалдарды сатып алуға жұмсалмақ.
Отырыс соңында облыстық қоғамдық кеңес мүшелері кейбір шешімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу керектігін бірауыздан мақұлдады.
Марлен Ғилымхан