АСТАНА. KAZINFORM - Экология және табиғи ресурстар министрлігі елімізде жалпы қанша киік мүйізі таңбаланғанын мәлімдеді. 2025 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы CITES конвенциясынан киік мүйіздерін экспортқа үш жыл бойы, жалпы лимиті 30 тонна көлемінде саудалауға рұқсат алды. Бұл шектеу экспортқа қатысты, алайда ел ішіндегі айналым мен қайта өңдеуге шектеу қоймайды. Аталған рұқсат 2026 жылғы 5 наурызда күшіне енді.

Сурет: istockphoto
Қазақстанға киіктің бүтін мүйіздерін тек мемлекеттік қорлардан ғана халықаралық саудалауға рұқсат етілген. Бұл ретте оларды міндетті түрде таңбалау және цифрлық қадағалануын қамтамасыз ету, сондай-ақ CITES Хатшылығына сатып алушылардың қоймаларындағы өнім қалдықтары туралы ақпарат беру міндеттемесі жүктеледі, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Айта кетейік, киіктердің барлық мүйізі ескеріліп, таңбаланып, министрлікке ведомстволық бағынысты «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК ұйымында күшейтілген күзет және мамандандырылған инфрақұрылым жағдайларында сақталатыны мәлім.
- Киік популяциясын басқару кезеңінде барлығы 232 157 киік мүйізі таңбаланып, олар «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-да сақтауға қойылған, - деп нақтылады ведомство.
Бұдан бұрын хабарланғандай, киік санағының нәтижесі жазда шығады.
Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Қазақстан киік мүйізін экспорттайтыны мәлім болды.
Ал биыл наурыз айында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев одан түскен қаражат қай мақсатта жұмсалатынын айтты. Ақша биоалуантүрлілікті сақтауға, киіктерді қорғауға, шаруашылықтарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жұмсалады.