"Ұлттық киноны қолдау орталығы мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеудің бірінші кезеңін аяқтады. Электронды түрде тіркелген 465 сценарий мен сценарий жоспары келіп түсті", - деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Фото: www.gov.kz
Айта кетейік, «деректі фильмдер» санаты бойынша 70 өтініш берілді, оның 57-сі Сараптама кеңесіне жіберілді. Анимация саласында 44 өтініш берілген, оның 7-еуі барлық талаптарға сай келді. Ойын фильмдеріне келетін болсақ, жалпы саны 351 өтініш келіп түсті, оның 277-сі комиссияның қарауына жіберілді.
Барлық бағыт үшін өтініштердің қабылданбау себептері: өтінімдердің бір жоба бойынша бір компаниядан қайта берілуі, сценарийлер мен сценарий жоспарының болмауы, компаниядан конкурстың бір бағытына екеуден артық өтінім түсуі.
Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау осы жылдың 12-18 сәуір аралығында жүргізілді.
Осыған орай Алматыда киноиндустрия өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды, сондай-ақ үш бағыт бойынша консультациялық қолдау көрсетілді. Астана және Алматы қалаларындағы орталық кеңсесінде жеке консультациялар, телефон қоңыраулары арқылы сұрақтарға жауап берілді, әлеуметтік желіде жаңа ережеге, конкурсқа қатысты қажетті мәліметтер жарияланды.