11.08.2025, 21:00
Оқылды: 296

Кітап оқуға Құштар балауса балуан

Дзюдо біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлназ Ғалымжанды бірден баурап алған. Күрестің бұл түріне тән татамидегі әсем қозғалыстар мен әдіс-тәсілдердің әдемілігі оны дзюдомен белсенді шұғылдануға жетеледі. Тіпті, әлгіндей ерекшелігіне орай дзюдоны бозкілем үстіндегі балет деп әспеттейтіндер де бар.

WhatsApp Image 2025-08-07 at 18.39.48

2009 жылы Орал қаласында жарық дүниеге көрінген Гүлназ – әкесі Нұрсайын мен анасы Айна-гүлдің тұла бойы тұңғышы. Қазіргі таңда Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылында тұрады. Өзінен кейінгі інісі мен сіңлісімен бірге әже тәлімін алып, ұлттық тәрбие мен адами құндылықтар-ды санасына сіңіріп бойжетіп келеді. Шаңырақтың тірегі – әкесі қойма меңгерушісі болып қызмет істейді. Ал анасы – ұрпаққа рухани азық беріп жүрген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Балалардың тәлім-тәрбиесі мен болашағына үлкен жауапкершілікпен қарайтын бұл отбасы Гүлназдың табандылығы мен еңбекқорлығының бастау көзі іспетті. Ол 1-7-сыныптарда Подстепный жалпы орта білім беретін мектебінде білім алса, 8-сыныптан бүгінге дейін Орал қаласындағы олимпиада ізбасарларын тәрбиелейтін облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқып жүр.
– Бапкерім – Сұпығалиев Алтынбек ағай. Ең алғашқы күннен қазірге дейін жанымда. Шыны керек, менің бұл спортқа қызығуыма себепкер осы кісі. Кей жарыста ұтылып қалсам, сөкпей, «Уайымдама, сенің еңбегің міндетті түрде жемісін береді» деп қолдайды. Сол сенімі маған күш береді. Ағай тек күресті ғана емес, өмірге керек үлкен тәлім-тәрбиені де беріп келеді. Ол кісі өте мейірімді, көңілді, бірақ бір сәтте өте талапшыл да бола алады, – дейді кейіпкеріміз.

WhatsApp Image 2025-08-07 at 18.38.57
– Әлі есімде, Uchi-mata әдісін үйрену ұзаққа созылды, – дейді Гүлназ күліп. – Бойым ұзын болған соң, ағай сол әдісті маған ыңғайлы деп тапты. Бірақ оны дәл, мінсіз етіп орындауға біраз қиналдым. Uchi-mata – қарсыласты жамбас арқылы көтеріп, аяқтың ішкі жағымен іліп лақтыратын техникалық тұрғыдан күрделі әрі әсем әдіс. Бұл әдіс шапшаңдықты, тепе-теңдікті сезіну мен уақытты ұтымды пайдалануды талап етеді. Жоғары деңгейлі спортшылар бұл тәсілді шабуыл барысында және қарсы шабуыл кезінде жиі қолданады. Қазір үйренсем де, әлі де мінсіз орындай алмаймын. Ал сүйікті әдістерім – Hikikomi Gaeshi мен O Soto Gari. Hikikomi Gaeshi – бұл қарсыласты жерге қарай тартып, оның тепе-теңдігін жоғалтып, иықтан асыра лақтыру әдісі. Көбіне партер (төменгі позицияда) күрескенде немесе отырыста қолданылатын әдіс. Бұл тәсіл күтпеген жерден қарсыласын бұрып түсіретін шеберлікті көрсетеді. Ал O Soto Gari – дзюдодағы ең классикалық әрі қуатты әдістердің бірі. Бұл аяқ ілу тәсілі: қарсыластың аяғын іліп, оны артқа құлатып түсіреді. Қарапайым көрінгенімен, шебер орындалса, жеңістің кілті болуы әбден мүмкін. Осы екі әдіспен өзімді еркін сезінемін. Қарсыластың қимылын байқап, сәтті уақытын таңдай білсең, бұл әдістер өте нәтижелі, – дейді Гүлназ сеніммен.
Ол алғаш рет жеңістің тәтті дәмін 2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен жарыста сезінді. Тәжірибесі аз болса да, үшінші орын иеленіп қайтты. Өзі үшін де, бапкері мен ата-анасы үшін де үлкен қуаныш сыйлаған сол жарыс әлі күнге дейін жадында. Қазіргі таңда Гүлназдың еншісінде 40-қа жуық медаль бар. Бұл – жетіжылдық тынымсыз еңбектің жемісі.
– Жарыс алдындағы қобалжу кез келген спортшыда болады. Бірақ көп адам соны жеңе алмай, жарыста жеңіліп қалады. Мен өз басым жарыс алдында уайымдай бастасам, өз-өзімді сабырға шақыруға тырысамын. Қарсыластарыма қарап, «Осал жері қайсы екен?» деп бас қатырып кетсем, іштегі рухымды жоғалтып аламын. Сол үшін барынша қобалжуға бой алдырмаймын. Бапкерім не айтады, соны істеймін. Мысалы, «Денеңді қыздырып ал, шай ішіп ішіңді жылытып ал, болмаса кішкене мызғып ал» дейді, мен солай жасаймын. Қарсыластар туралы да бапкерлеріміз өздері талдап, қандай әдістер жасауға болатынын, нені мүлде қолданбау керегін айтып отырады. Жарыс алдында тек бір-ақ нәрсе ойлаймын – қобалжымай, бар күшімді салып, қарсыласты жеңу. Әр жарыс сайын басты мақсат – бәрін жеңу немесе тым болмаса жүлдегерлер қатарынан көріну, – дейді балауса бойжеткен.
Ол жапон дзюдошысы Цунода Натцумиді өзіне үлгі тұтады. Байсалды күресу мәнерімен ерекшеленетін Цуноданың техникалық шеберлігі мен спортшы ретінде төзімділігі Гүлназды тәнті етеді. Жасөспірім дзюдошының арманы – дәл сол кумирі секілді мықты да мінсіз балуан атану.
Жарыс кезінде Гүлназдың жанынан үнемі бапкерлері табылып,қолдау көрсетіп отырады. Жеңіспен оралғанда ең алдымен ұстазының қуанышқа толы жүзін есіне алады. Ал сол қуанышын алғаш бөлісетін бала күннен бірге келе жатқан ең жақын құрбысы – Фатима. Дзюдоны бірге серік еткен қос құрбы керім тату.
Гүлназдың түсінігінде нағыз спортшы – еңбекқор, талапшыл және мінезді болуы керек. Оның айтуынша, ащы тер мен қажырлы жаттығудың соңында ғана тәтті жеңіс тұрады.
– Спорттан тыс уақытымда дүкен аралағанды ұнатамын. Сауда үйлеріне барып, достарыммен серуендеп, өзіме ұнаған нәрселерді сатып алу кәдімгідей көңіл сергітеді. Әрине, қыз бала болған соң мұндай дүниелерден бас тарта алмайсың ғой. Ал енді хоббиіме келсем, негізі спорт менің өмірімнің басым бөлігін алады. Күніне екі рет жаттығамын. Бос уақытым бола қалса, шынымды айтсам, жай демаламын, яғни, ұйықтаймын. Өйткені жаттығудан кейін денең де, санаң да шар-шайды. Сол себепті келесі жаттығуға дейін жақсылап тынығып алған дұрыс. Бірақ демалыс күндері немесе жаттығу болмаған кездері асүйде тамақ әзірлегенді жақсы көремін. Шынымды айтсам, керім аспаз емеспін, бірақ тамақ пісірген ұнайды. Әсіресе, тәтті десерт, тоқаш, күлше пісіргенді ұнатамын. Әлдебір тағам пісіріп жатқанда, «Дәмді, тәтті болып шықса екен, үйдегілерге ұнаса екен» деген ерекше көңіл күймен пісіремін. Сол сәттерде бір талпыныс, шабыт пайда болады. Менің ойымша, адам өмір бойы талпынып, үйреніп, өзін-өзі жетілдіруге тырысуы керек. Қолың босай қалса, тек телефонға телміріп отырмай, бір жаңа дүние үйренген әлдеқайда жақсы. Сондай-ақ мен кітап оқығанды да жақсы көремін. Арнайы уақыт бөлу қиын, бірақ жаттығуға аутобоспен бара жатқанда немесе жарысқа пойызбен шыққанда өзіммен бірге кітап алып жүремін. Меніңше, кітап оқу – тек мұғалімдер мен ғалымдарға емес, кез келген адамға керек қасиет. Жан дүниеңді байыту үшін, ой-сананы кеңейту үшін өте маңызды. Біздің спорт мектебінде де кітап оқитын балалар көп. Бірі дін тақырыбын оқиды, бірі – психология, бірі – фантастика, ал мен көбіне көркем әдебиет оқимын. Жалпы, спортшы болсын, басқа мамандық иесі болсын, адам жан-жақты болуы керек деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз.

WhatsApp Image 2025-08-07 at 18.38.17
Оның арманы – қазақтың көк Туын биікте желбіретіп, ел намысын қорғау. Сол жолда күнделікті тер төгіп, ата-анасы мен бапкерлерінің үмітін ақтауға тырысады. «Денім сау болсын, қалғаны еңбектің арқасында келеді» дейді өзі. Иә, мұндай сенім мен қайсарлықтың алдында тосқауыл тұра алмайды.
Әлі талай жарыста Гүлназдың жұлдызы жарқырайды. Біз оған бек сенімдіміз. Себебі ол – өте еңбекқор, рухы мықты, намысы асқақ балауса балуан. Мұндай қадір-қасиетке ие жеткіншектер әрине, еліміздің ертеңі!

Жанерке Ғинаят,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале