8.10.2021, 9:09
Оқылды: 94

Кітапхана  – ұлттың  ұстыны

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде  «Кітапхана  –  баспа өнімдерін пайдалану ісін ұйымдастырып, оқырмандарға мәдени-ағарту және  ғылыми  бағытта  көмек көрсететін мекеме» деп анықтама берілген. Сонысы  солай болғанымен,  біртүрлі болмысы ашылмаған образдай  солғын. Елдің ақыл-есі, айбар-сесі,  бітім-болмысы болып саналатын құт мекеннің  бұлай мағыналық жағынан біртұтам болып түсіндірілуі ойлануды қажет ететін сияқты.

E28C6904-C6C2-4A13-BBB0-3F5280FCF921

Кітапхана – ұлттың ұстыны, парасаты, баға жетпес байлығы. Кітапханасына қарап, елін тануға болады. Елдің де, ердің де тарихтағы орнын көрсететін – кітапхана. Мұны Қадыр Мырза Әлидің «Жазмыш» кітабындағы «Франция президенті болған Франсуа Миттеранның артында қалған өлмес еңбегі – Парижде салынған, еш жерде, еш елде болмаған теңдесі жоқ супер кітапхана» деген пікірінен  аңғаруымызға болады.  

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» тәмсілін кітапханамен де жанастыруға болатындай. Бізге де осы мәселеде ойлану керек. Бір жарым ғасырлық тарихы бар Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының арнайы заманауи ғимараты болғанына не жетсін?  Қазіргі таңдағы мекені еңселі тарихи ғимарат болғанымен, кітапханаға арнайы салынған үй емес. Әрі жеті бөлім, алты сектордан тұратын (кітапханаларды дамыту бөлімі; ақпараттық-библиографиялық бөлім; кітап сақтау бөлімі; кітап қорын толықтыру бөлімі; өнер бойынша әдебиеттер бөлімі; жаңа технологиялар мен электронды ресурстар бөлімі; өлкетану әдебиеттері бөлімі; әдебиетті өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру секторы; оқу залы секторы; мерзімді басылымдар залы секторы; абонемент секторы; тіркеу және анық­тама секторы; көпшілік шаралар және қоғаммен байланыс секторы) кітапхана қызметінің өсіп-өркендеуіне де тежеу болып келе жатқаны жасырын емес. Мұның да оң шешім табатынына үміт басым.

Заманымыздың заңғар жазушысы Ә. Кекілбаев: «Кітапхана – мәңгілік парасаттың киелі мекені, ал кітапханашылар ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары» дегені белгілі. Кітапхана мен кітапханашыға қойылар талапты, артылар жауапкершілікті абыроймен атқарып келе жатқан облыстық кітапхана ұжымының қызметі маңдайшасында жазылған әмбебаптық талапқа толығымен сай келеді. Мұны отыз жылдан астам уақыт кітапхананың тұрақты оқырманы болған мен сеніммен айта аламын. Уақытқа ілесіп жұмыс жасау, патша көңіл оқырман сұранысын орындау, рухани мұралар мен тарихи тұлғаларды насихаттау бұл ұжымда жорғасынан бір жаңылған емес. Күлтегін жырындағы: «Түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күн отырмадым...» жолдарын Жұбан кітапханасы ұжымының уақытпен есеп­теспеген аптаның жеті күніндегі еселі еңбегімен ұштастыруға  болатындай.  

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген еді Ғабит Мүсірепов.  Ғабең айтқан алдыңғы ұрпақтан қалған рухани өсиет кітапты бүгінгі оқырманның ой азығына айналдыруда кітапхана тарапынан атқарылып жатқан сансыз шараның көзіммен көрген бір-екеуін айтып өтейін. 2018 жылдың күзінде облыстық әмбебап ғылыми кітапханада көрнекті қазақ ақыны, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» орденінің иегері Тайыр Жароковтың туғанына 110 жыл толуына орай «Тамаша талант туралы толғаныс» атты дөңгелек үстел өткізілді. ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын, Нарынның нар ұлы, ірі дарын иесі Тайыр Жароковтың жыр кеші шын мәнінде ой ойлатқан танымдық дүние болды. Бұл дәстүр 2019 жылы да жарасымды жалғасын тапты.

 КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің атақты «Мен қазақпын» поэмасының жазылғанына 55 жыл толғандығы аталып өтіліп, ақынның жүз жылдығы қарсаңында Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Жұбан оқулары» акциясы басталды. Ел ақсақалы Жайсаң Ақбай республикалық сипат алған шараның тұсауын ақын жырымен кесті. Осы аталған шаралардың модераторы болғандықтан, кітапхана ұжымының айлар бойғы ақ адал еңбегін айрықша атап өткім келеді.    

«Шын мәнінде сарқылмайтын бір ғана қазына бар бұл кітапхана» деген Пьер Буаст. Сол сарқылмайтын қазынаның тұтынушысы оқырман болса, ұсынушысы кітапханашы. Міне, осы екеуінің арасында тартылыс күші жоғары болса, кітапхана жұмысының жолға қойылғаны. Кітапхана сірескен кітаптар мекені ғана емес жақсы ой, жақсы адамдар тоғысатын, тұрпаты бөлек, қасиетті орынға айналуы керек. Бұлай болмақ үшін екі тарап шекарасындағы шепке назар аударған дұрыс секілді. Бізде қазір бірі ұсынушы, екіншісі тұтынушы. Қызметтік талап бойынша да, дәстүр бойынша да бәрі орынды. Бірақ мұның кемшін соғатыны оқырманның кітаптан тапқан қазынасының көбіне оның ғана олжасы болып қалатындығы. Мұнымен бөлісуге, пікірлес табуға, кеңес беруге кітапхана шеңберінде еш мүмкіндік жоқ. ХХІ ғасыр – өркениет ғасыры. Білім мен ғылымы озған халық қана көшбасшылыққа ие. Мақсат – ұлттық тәрбиені бойына сіңірген, білімді ұрпақ қалыптастыру. Сол жолда өмір айнасы, тарих шежіресі, білім кілті болатын кітап қорын жинақтап, талғамы биік оқырманның сұранысын қанағаттандырып, мінсіз қызмет жасап отырған Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымына 150 жылдық мерейтой қарсаңында шығармашылық табыстар тілеп, оқырманда­рыңыз көп болсын  демекпіз.  

 Азамат Мамыров,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, филология  ғылымдарының  кандидаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале