Орал қалалық кітапханалар жүйесінде ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің туғанына 90 жыл толуына орай «Қадыр залының» және «Жауһар» оқырмандар отауының ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ БҚО филиалының төрағасы, қоғам қайраткері Айдар Батырханов, Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медет Мерғалиев, ақын, педагог-тәлімгер Талап Таймасұлы және жергілікті ақын-жазушылар, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты. Басқосу қонақтары дөңгелек үстелде «Қадыр залы» мен «Жауһар» оқырмандар отауының маңыздылығын айтып, ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын барысында Қадыр Мырза Әлидің өлеңдері оқылып, акын сөзіне жазылған әндер шырқалды. Таяуда кітапхана күрделі жөндеуден өтіп, бірнеше атаулы кабинетке көрнекі жабдықтар қойылды. Қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Ганди Шамкелова «Қадыр залы» жастарға рухани орта болсын» деген ниетпен ашылғанын жеткізді.
– Осыдан тура бес жыл бұрын Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толғанда, кітапханада «Абай залы» ашылған болатын. Ақын Қадыр Мырза Әлиге арнайы зал ашу – бұрыннан жоспарымызда болды. Жоспарымыз жүзеге асып, салтанатты ашылу рәсімі ақынның торқалы тойымен тұспа-тұс келді. Алдағы уақытта білім алушы студенттердің басқосу алаңына айналып, мәдени-көпшілік іс-шаралар жүзеге асады деген сенімдеміз, - деді Ганди Шамкелова.
«Қадыр залының» ашылу мақсаты – ақын өмірі мен шығармашылығын насихаттау, әдебиетке құштар жас оқырмандарды тарту. Сондай-ақ өлең арқылы өзекті мәселелерді көтеріп, оқырмандардың таным-терезесін кеңейту» дейді ақын, «Ақберен» жас ақындар орталығының жетекшісі Талап Таймасұлы.
– Қазақтың әр жасы, жасамысы Қадырдың сарқылмас қазынасымен сусындауы керек деп ойлаймын. Себебі қарымды қаламгер өз туындыларында рухани құндылықтарымыздың бар болмысын қамтыған. Қадыр Мырза Әли «Әдебиетке, өлеңге ынтық жастың бәрі бірдей ақын-жазушы болып кетпесе де, олардың парасатты тұлға болып қалыптасуына сеп болады деген еді», - деді Талап Таймасұлы.
Дөңгелек үстел аяқталған соң «Жауһар» оқырмандар отауы мүшелігіне қабылдау рәсімі өтті. Оқырмандар отауының мүшелігіне алғаш болып қабылданған Ж. Досмұхамедов атындағы Жоғары педагогикалық колледжінің студенттері болды. Аталмыш колледж студенті Аружан Құмар «Жауһар» оқырмандар отауы ұйымдастыратын алдағы іс-шараларға белсене қатысып, топтастарына насихаттайтынын айтты.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»