19.04.2024, 15:15
Оқылды: 63

Қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл су тасқынына қарсы күресіп жатқан десантшылармен кездесті

"Qazaqstan ardagerleri" Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатқан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілерімен кездесті, - деп хабарлады ҚР қорғаныс министрлігі.

274793d65d0e7e9a4a744f4a324a4f7d_1280x720

Фото: www.gov.kz

– Осындай сын сәттерде біздің қорғаушыларымыздың рухын көтеріп, оларға қажырлы жұмысы үшін алғыс айту маңызды. Сондықтан мен осында өздеріңмен біргемін. Орналасқан жерлеріңді көріп, жағдайларыңмен таныспақпын, – деді Бақытбек Смағұл сапарының мақсаты туралы.

Қоғам қайраткері мерзімді қызмет сарбаздарымен және келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен сөйлесіп, Теректі, Бәйтерек және Ақжайық аудандарында атқарылған жұмыстардың көлемін тексерді. Ол сондай-ақ жергілікті билік өкілдерімен де кездесті.

0cc69c41276e224a77bb65f379caa004_1280x720

– Біздің жағдаймыз жақсы. Жайық өзенінің жағалауын нығайтып жатырмыз. Ауылдық округтердің әкімдіктері бізге қолайлы жағдай туғызды. Жергілікті тұрғындар біз үшін аптасына бірнеше рет монша жағады. Бізбен бірге бөгет салуға көмектеседі, – деп бөлісті 37-ші десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары подполковник Әсет Әубәкіров.

Бақытбек Смағұл әскери қызметшілерге өз өмірінен және Ауғанстандағы соғыс кезіндегі қызметі туралы әңгімелеп берді. Ардагер десантшылардың бір апта ішіндегі жағалауды нығайту жұмыстарының көлеміне тәнті болғанын атап өтті.

Ол әскери қызметшілерге кез келген уақытта халыққа көмекке келуге дайын болғаны үшін және олардың алдына қойылған міндеттерді сапалы орындағаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале