3.07.2026, 16:30
Оқылды: 18

Қоғам жүйелі қадағаламаса, жемқорлықпен күрестен нәтиже мардымсыз болады

Биыл облыста «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы тағы да жалғасады. Мақсаты – ауыл тұрғындарын қоғамдық бақылау жасауға үйрету, құқықтық сауатын арттыру және азаматтардың мемлекет ісіне қатысуын ынталандыру.

заки3

Жоба жетекшісі – заңгер, қоғам белсендісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Kun Jarygy» коалициясының сарапшысы Бауыржан Зәки былтыр жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, Жаңақала, Казталов, Жымпиты,  Теректі, Переметный, Чапаев  ауылдарында, Ақсай мен Орал қалаларында «Мемлекеттік сатып алуға қоғамдық бақылау жасау» атты арнайы тренингтер өткізген. Іс-шараға 119 адам қатысқан. Оның 66-сы қыз-келіншектер болса, қалғаны ер-азаматтар. Қатысушылар мемлекеттік сатып алу порталы (goszakup.gov.kz) арқылы мониторинг жасауды, қоғамдық бақылау жүргізуді, мемлекеттік құрылымдарға өтініш жолдауды, egov.kz, eotinish.kz, elicense.kz жүйелерін пайдалануды және заңбұзушылықтарды анықтап, талдау әдістерін үйренді.

– Ауылдарда белсенділердің саны өте аз немесе мүлде жоқ екенін ескерсек, қатысушылардың мұндай оқудәріске құштарлығы құптарлық. Олар ауылдағы нақты мәселелердің шешілуіне мүдделі. Мысалы, ауылға кіреберіс жолдардың болмауы, көшелер мен тротуарларға асфальт төселмеу, ауыз су мәселесі, мектептерді жөндеу, балалар алаңын салу сияқты өзекті, қордаланған, халықты әбден шаршатқан проблемалар бар. Былтыр аудан тұрғындарынан шамамен 20 өтініш келіп түсті. Өтініштер ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 65-бабына сәйкес қарау үшін уәкілетті құрылымдарға жіберіліп, нәтижесінде үш заңбұзушылық анықталып, жойылды, – деді заңгер Бауыржан Ахметжанұлы.

заки2

Мәселен, 2025 жылғы 10 қыркүйекте Бәйтерек ауданындағы Қаражар ауылының тұрғындары аудан орталығы Переметныйдан ауылға дейінгі жолдың асфальтталмағанын айтып, заңгерге жүгінген. Олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі мен «Ануш Құрылыс» ЖШС-ның әрекетсіздігіне шағымданған. Мердігер ұйым шілде айында «Қаражар және Поливный ауылдарына кіреберіс жолдарды күрделі жөндеу» нысанындағы жұмысты тоқтатып, асфальт төсеуге дайындалған нысандарды аяқталмаған күйде қалдырған. Мемлекеттік сатып алу порталын зерделеу барысында 2025 жылғы 3 наурызда бөлім мен «Ануш Құрылыс» ЖШС арасында ұзындығы 7 шақырым, Қаражар және Поливный ауылдарына кіреберіс жолдарды күрделі жөндеуге шарт жасалғаны анықталған. Шарт сомасы – 728 000 118 теңге, орындау мерзімі – 8 ай. Алайда 2025 жылдың 17 шілдесінде тараптар қосымша келісім  жасап, шарт сомасын екі жылға бөлген: 2025 жылға – 97 000 100 теңге, 2026 жылға – 702 052 829 теңге.

– Мен олардың өтініштерін қарауға және ауыл тұрғындары ұйымдастыратын кездесуге өкілдерін жіберу үшін уәкілетті құрылымдар мен облыстық мәслихатқа жолдадым. 24 қыркүйекте ауыл тұрғындарымен бірлесіп кездесу ұйымдастырдық. Оған әкімдік өкілдері, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының басшысы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, мердігер ұйым өкілдері және басқа да мүдделі тараптар қатысты. Кездесу барысында әкімдік тарапы бюджет қаражатының жоқтығын алға тартып, жұмысты аяқтауға қосымша қаржы бөлуден бас тартты. Сонымен қатар мердігердің жолға қиыршықтас төсегенін айтып, асфальт тек 2026 жылы салынатынын мәлімдеді. Алайда ауыл тұрғындары қосымша келісімді бұзып, асфальт төсеуді сол жылы аяқтауға қаражат бөлуді талап етті. Біз кездесуде мемлекеттік құрылымдардың әрекетсіздігі қолданыстағы заңнаманың, оның ішінде аутомобиль жолдары саласындағы талаптардың бұзылуына әкеліп отырғанын айттық. Сондай-ақ Қаражар және Поливный ауылдары тұрғындарының жайлы ортада өмір сүруге, қауіпсіз әрі сапалы жолды пайдалануға қатысты конституциялық құқықтары бұзылып отырғанын жеткіздік. Әсіресе құрылыс материалдары сатып алынып, жолдың негізі дайындалғанын ескерсек, жол жөндеу шамамен 2026 жылдың мамыр айына дейін кешіктірілсе, 6-7 ай ішінде құрылыс материалдарының сапасы төмендеп, бұл жол сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін еді. Ал «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 4-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алулар қаражатты оңтайлы әрі тиімді жұмсау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қағидаттарына негізделуге тиіс. 2025 жылғы 7 қазанда «Ануш Құрылыс» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Оганнес Минасян шарттық міндеттемелерін ішінара орындап, 3,5 шақырым жолға асфальт төседі. Осылайша, жолдың шамамен 50 пайызы күрделі жөнделді. 21 қазанда ауыл тұрғындарымен тағы да жиналыс өткізіп, жұмысты толық аяқтау мерзімі жөнінде ортақ келісімге келдік, – деді Бауыржан Зәки.

заки

Заңгердің айтуынша, азаматтардың мемлекеттік сатып алу саласына бақылау жасауы – бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал ететін маңызды құрал. Қоғам белсенді болмаса, жемқорлықпен күрес те нәтижелі болмайды. Ал оларды өзіне көмекші ретінде тарту әр мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының құзыретінде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында» Үкіметтің ашықтығын арттыруды, азаматтарды екі жақты диалогқа тартуды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытуды және азаматтық қоғамды кеңінен тартуды бекітті.

– Біз азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға ниеттіміз. «Құқығыңды біл, қоғамның белсенді мүшесі бол!» жобасы аясында  былтыр қамтылмаған аудандарда тренингтер өткіземіз. Шілде, тамыз және қыркүйек айларында Сайқын (Бөкей ордасы), Жәнібек (Жәнібек ауданы), Қаратөбе (Қаратөбе ауданы), Тайпақ (Ақжайық ауданы), Шыңғырлау (Шыңғырлау ауданы), Дариян (Бәйтерек ауданы) және Тасқала (Тасқала ауданы) ауылдарына баруды жоспарладық. Біздің құқықтық ағартушылығымыз билік пен халықтың арасындағы диалогқа іргетас болары сөзсіз. «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында екі жаққа пайдалы да әділ мәмілеге келтіретіні анық. Қазіргі Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір сарынды іс-қимылдан арылып, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуді, халықтың жемқорлық пен непотизмнің кез келген түрін қабылдамауын, қоғамды парасаттылыққа баулуды, заң үстемдігінің берік болуын, билік пен қоғамның арасындағы сенімді арттыруды көздейді, – деді заңгер.

Айна Имашева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале