24.03.2023, 10:30
Оқылды: 10

Қоғамның рухани дәрігері

Орыс қаламгері Антон Чехов (1860-1904) өзі шығармашылықпен айналысқан ширек ғасыр уақытта (25 жыл) 500-ден астам әңгіме, повесть, пьеса жазған. Оның туындылары жүзден астам тілге аударылып, әлемдік классика қорын байытқан. Жазушы шығармаларында жағымпаздық пен екіжүзділікті шенейді. Мәселен, «Хамелеон» әңгімесін талдасақ, базарда жүрген Хрюкин деген кісіні саусағынан тазы ит қауып алады. Ол сол жерден өтіп бара жатқан полицей Очумеловке шағымданады. Тәртіп сақшысы бұрқан-талқан болып ашуланып:

2390957b-c60f-4725-a501-036c2103d607

Фото: wikipedia.org

– Бұл құтырған ит сияқты ғой! Итті қараусыз жіберу қандай болатынын көрсетейін мен мұның иесіне! Хаттама толтырып, айыппұл саламыз. Иттің иесі кім? – деп айғайлайды. Кенет жиналып қалған қарақұрым бұқараның арасынан біреуі:

– Бұл генерал Жигаловтың иті секілді! – дейді. Мұны естіген полицейдің сөзі өзгеріп сала береді:

– Хрюкин, бұл кіп-кішкентай иттің сенің саусағыңды тістеуге бойы жетпес еді. Шамасы үйде шегемен жарақаттап алып, мұнда өтірік айтып тұрсың! Сені білеміз ғой! Мұндай жалаға ызаланған Хрюкин әділдік үшін сотқа жүгінетінін айтады. Осы сәтте тәртіп сақшысының көмекшісі:

– Жоқ, бұл генералдың иті емес. Генералда мұндай жоқ, – дейді. Мұны естіп полицей тағы да сөзінен тайқиды:

– Оны өзім де білемін. Генералдың иттерінің бәрі қымбат, асыл тұқымды. Ал мынау не?! Жүні түсіп, сықпыты әбіржіп кеткен қаңғыбас иттер сияқты. Генарал осындай ит ұстайды деп ойлайсыңдар ма?! Сана бар ма өзі сендерде?! Хрюкин, сен зардап шектің. Мұны жай қалдырмай, сотқа шағымдан! Әкесін таныту керек!

– Мүмкін генералдікі де шығар, – дейді полицейдің көмекшісі, – ауласынан тура осындай ит көргенмін.

– Әрине, генералдікі! – дейді көп ішінен біреу. Ал Очумелов көмекшісіне:

– Елдырин, сен мұны генералға апарып бересің. Мен тауып алып, беріп жібергенімді айт. Бұл сезімтал жануар ғой. Мұрнына әркім бір саусағын тығып жүрсе, не болады?! Көшеге бос жібермей, мұқият баптасын. Ал сен, оңбаған, қолыңды түсір! Өзің кінәлісің! Сол сәтте әлгі  жерге Құдай айдап, генералдың Прохор деген аспазы келе қалады. Жұрттың бәрі оны қаумалап, итті көруін сұрайды.

– Бізде мұндай ит болған емес, – дейді аспаз.

– Бәсе, – дейді мұны естіген полицей, – қаңғыбас ит қой. Атып тастау керек.

– Бұл генералдікі емес, – деп сөзін жалғайды Прохор, – бірақ генералдың бауырының иті. Ол тазымен аңға шыққанды жақсы көреді. Жақында бізге қонаққа келген еді.

Үй жануары кімдікі екені белгілі болғанда, Очумеловтың жүзі мейірленіп сала береді:

– Ә-ә-ә, Владимир Иваныч келді ме? Бауырымызды сағынып қалдық қой. Соның иті екен ғой. Онда оған апарып берерсің. Пысық ит екен өзі.

Прохор тазыны алып кетеді. Ал базардағы қалың көпшілік Хрюкинді мазақтап, күлкі қылады.

«Хамелеонда» автор Очумелов тәрізді шаш ал десе, бас алатын шолақ белсенділерді мысқылдайды. Сондай табанының бүрі жоқ екіжүзді, жағымпаздардың кесірінен халықтың мәселесі шешілмейді, қоғамда әділетсіз жүйе қалыптасады.

Сөз зергері «Жуан мен жіңішке» («Толстый и тонкий») әңгімесінде де жағымпаздықты сын нысанасына алады: вокзалда екі кластас кездейсоқ жолығып қалады. Біреуі – жуан Миша, екіншісі – жіңішке Порфирий. Гимназияда бірге оқыған екеуі бірін-бірі көргеніне қатты қуанып, амандық-саулық сұрасқан соң, мектеп кезіндегі қызықтарды айтып, күлісіп тұрады. Сөзден сөз шығып, Порфирий Мишаның қызметін сұрайды. Сөйтсе, ол құпия кеңесші (тайный советник) деген жоғары лауазымда екен. Мұны білген Порфирийдің мінез-құлқы табан астында өзгеріп кетеді. Жүзі жасанды түрде жымиып, белі бүгіліп, арқасы бүкірейіп, алға қарай иіле түседі. Сөйлеуі де жағымпаз мәнерге ауысады. Ал Миша онымен қызмет бабындағы ресми сыйластықтан ада жай ғана ескі достар секілді емен-жарқын сөйлескісі келген еді. Сондықтан мұндай қылықтан жиіркенген Миша Порфирийге қолын беріп қоштасып, бұрылып кетіп қалады. Аутордың туындыны «Жуан мен жіңішке» деп атауының өзі – тапқырлық. Өйткені содан-ақ, шығарма желісі көзіңе елестеп, әрі күлкі қысады, әрі астарлы мағынасын ұғынасың.

Лев Толстой Антон Чеховтың «Қаскөй» («Злоумышленник») еңбегі туралы «Керемет әңгіме. Оны мен жүз рет оқыдым» деген екен. Туындының мазмұны бойынша, Денис Григорьев деген шаруа теміржол рейстерінен гайкаларды бұрап, алып кеткені үшін сотталады. Алайда сотта өзінің кінәсін мойындамайды, тіпті, не үшін айыпталғанын да түсінбейді. Гайкаларды балық аулайтын қармаққа салдауыр (грузила) қылу үшін алғанын айтып, ақталады. «Мен рельстерді ұрлаған жоқпын ғой. Бар болғаны, гайкаларды ғана алып кеттім. Онда тұрған не бар?!»  дейді ол. Тергеушінің «Сол гайкалар рельсті ағаш бөренелерге (шпал) бекітіп ұстап тұрмай ма енді?! Рельс босап кетсе, пойыздар апатқа ұшырап, адамдар өледі» деген сөзін ұқпайды. Тіпті, былтыр сондай жағдай болғанын есіне салса да, Денис мәселенің байыбына бармаған күйі түрмеге қамалады. Мұнда аутор бір жағынан, надандықты сынаған. Екінші жағынан, біз елеусіз, болмашы нәрсе деп ойлаған кішігірім әрекеттердің өзі елге орасан зиян тигізіп, мемлекетті күйретуі мүмкін екенін астарлаған. Демек, шаруамызды шешу үшін аздаған пара беру, бармақ басты, көз қыстылыққа бару, мейлі, ұсақ-түйек болса да, заңсыздыққа көз жұму қоғамды бүлдіреді. Әр адам «Осыдан не өзгереді дейсің?» деп ұсақ заңбұзушылықтарды істей беретін болса, бірте-бірте соның бәрі қордала келіп ушыққан мәселеге айналады.

«Репетитор» әңгімесінде қаламгер Удодов деген кейіпкер-дің екінші сыныпта оқитын баласы Петя үшін Егор Зиберов есімді репетиторды күніне екі сағатқа жалдағанын тілге тиек етеді. Арифметиканы оқытып отырғанда, Егор Зиберов Петяға есепті шешуге тапсырма береді. Бұл оқушының қолынан келмейді. Есепті, тіпті, репетитордың өзі де шеше алмай қалады. Удодов, яғни Петяның әкесі логикалық жолмен шешіп береді. Іштей қатты ыңғайсызданып қалған Егор Зиберов келесі пәндерді оқытуға көшеді және сабақтың тезірек бітуін тағатсыздана күтумен болады. Уақыт аяқталған соң, қайтып бара жатқанда, Удодовтан ақша төлеуін сұрайды. Петяның әкесі оған ай сайын 6 рубль беруді уәде еткенмен, алты айдан бері бір тиын да төлемей, қарызға батқан еді. Удодов бұл жолы да: «Қазір ақшам болмай тұр. 1-2 аптадан соң, берем» деп құрғақ уәдемен шығарып салады. Қараңызшы, арифметиканы өзі дұрыс білмейтін репетитор бала оқытады. Ал оған оқушының әкесі келіскен ақшасын төлемейді. Бірін-бірі алдаған жауапсыз, алаяқ қоғам, әйтеуір...

«Құндақтаулы адам» («Человек в футляре») – орыс жазушысының кең тараған әң-
гімелерінің бірі. Ондағы бас кейіпкер Беликов, тіпті, күн жылы болса да, сыртқа үстіне пальтосын, аяғына галошын киіп шығады. Қаптамасы бар қолшатырын да өмірі тастамайды. Көзіне қара кө-зілдірігін тағып, жүзін барынша жасыру үшін жағасын көтеріп қояды. Яғни сыртқы әлемнен мейлінше сақтанып, өзін үнемі құндақтап, оранып жүретін адам. Ұйықтағанда да, басын көрпенің астына жасырып, бүркеніп алады. Себебі қарт қызметшісі Афанасий немесе үйге ұрылар кіріп кетіп, бауыздап тастай ма деп қорқады. Шуды жек көретін ол гимназияда сабақ береді. Сондықтан жұмысындағы у-шу, қарбалас тіршілік әбден жүйкесіне тиеді. «Айтқанды тыңдамай, шулайтын балаларды мектептен шығарайық»  деп, әрдайым өзінің шәкірттерінің де үстінен шағымданады. Ол, тіпті, ойына да шектеу қойып тастаған. Кітап немесе газет-журнал оқығанда, онда әлденеге тыйым салынатын материалдарды ғана таңдап оқиды. Беликов қалыптасқан үрдісті бұзып, жаңа сүрлеу салған жағдайларды көрсе, «Осыдан кейін жаман бірдеңе болмаса екен» деп ұдайы уайымға салынып жүреді. Мысалы, кітапхана немесе дәмхана ашылса, онда тұрған ештеңе жоқ қой. Алайда бас кейіпкер осының бәріне алаңдап, үрейленеді. Оның басқа мұғалімдердің үйіне барып, бірер сағат үн-түнсіз отырып, қайтып кететін әдеті болатын. Өзі мұны «әріптестермен жақсы қарым-қатынас сақтау» деп ойлайтын. Гимназиядағы ұстаздар жиналысында үнемі сақ болу керек екенін айтып, өзгелерді мезі етіп жіберетін. Әйтсе де, ешкім оған қарсы келмейтін, сөз таластырмайтын. Бәрі қорқатын. Өстіп Беликов әуелі мектепке, кейін бүкіл қалаға ықпал етті. Жұрт дауыстап сөйлеуге, хат жіберуге, кітап оқуға, қайырымдылық жасауға – қысқасы, кез келген нәрсені істеуге Беликовтан қорқып қалды. Бір күні гимназияға тарих пен географиядан сабақ беретін Михаил Коваленко есімді жаңа мұғалім жұмысқа орналасады. Өзімен бірге қарындасы Вареньканы да алып келеді. Ұжым өзара ақылдасып, 40-тан асқан Беликов пен 30-дан асқан Вареньканы үйлендірмек болады. Негізі, екеуі бір-біріне «кет әрі» емес еді. Бірақ «құндақтаулы адам»: «Үйлену деген – үлкен жауапкершілік. Соңы жаман бірдеңеге ұласпаса екен. Алды-артымды ойлап алуым керек...» деген сары уайымнан арыла алмай шаңырақ көтерудің уақытын соза түседі. «Екеуі үйленейін деп жүр» деген сөз бүкіл қалаға мәлім болады. Дегенмен, бір күні әлдекім Варенька мен Беликовтың карикатурасын салып, «Ғашық антропос» деп жазады да, шаһардағы бүкіл мұғалім мен шенеуніктерге таратып береді. Жұрт бұл әзіл-қалжыңға ішек-сілесі қата күледі. Бұл Беликовке төбесінен жай түскендей өте ауыр соққы болады. Содан толық айықпай тұрып, Вареньканың ағасымен велосипед теуіп бара жатқанын сыртынан көріп қалады. Оның түсінігінше, мұғалім үшін жұрттың көзінше велосипед тебу деген ақылға қонымсыз, ұят іс! Сондықтан қызға үйленбек ниетінен айнып, келесі күні таңертең осыны Вареньканың ағасына айтады. Беликовтың некелесуден не себепті бас тартқанын естіген Михаил Коваленко ашуланып, оны баспалдақтан итеріп жібереді. Осы сәтте үйіне оралған Варенька Беликов сүрініп, өзі құлап қалды деп ойлап, сықылықтап күледі. Қыздың күлуі оған көзінен қамшымен тартып жібергендей ауыр тиіп, үйіне барып жатып қалады да, содан қайта тұрмай, бір айдан соң қайтыс болады...

Жазушының жерлеу рәсімін сипаттағаны әсерлі шыққан: «Табытында жатқан мар-
құмның жүзі сондай нұрлы әрі жылы еді. «Құндақтаулы адам» енді ешқашан қайта шыға алмайтын қалыпқа салынып, жаны жай тапты-ау әйтеуір! Ол өмір бойы қалаған, іздеген нәрсесін тапты! Табиғат та сол күні оған құрмет көрсеткендей, күн бұлттанып, жаңбыр жауып тұрды. Жерлеуге жұрттың бәрі аяғына галош киіп, қолына қолшатыр ұстап келді...».

Жазушы өз кейіпкері Беликовтың болмысын жазғанымен, оның образында белгілі бір деңгейде бәріміздің бет-бейнеміз болуы мүмкін ғой. Мысалы, күнделікті қайталана беретін өмір салты өзімізді құндақтау емей немене?! Не болмаса, күнделікті ғұмырда біреудің өтірігіне сенген сыңай таныту, жалған сөйлеу, өтірік күлу өзіңді қалыпқа салу емес пе?! Қызметіңнен айырылып қалмау үшін басшылықтың, биліктің айтқанына бас шұлғи беру, жасанды сыпайылық, ойыңды ашық айта алмау, адалдық, әділдік жағында екеніңді табанды түрде дәлелдеуге жігеріңнің жетпеуі – мұның бәрі адамның белгілі бір тар шеңбер ішінде өмір сүретінін білдірмей ме?! Осындай идеяны «құндақтаулы адамның» қылықтары арқылы жеткізген сөз зергерінің шеберлігіне сүйсінесің.

Чеховтың «Мұң» («Тоска») әңгімесінде Иона Потапов деген қарияның қайғысы туралы жазылады. Қалада ат-арбамен жолаушы тасымалдап күн көретін оның ұлы қайтыс болған. Баласынан айырылғандықтан, қасірет оты күйдіріп, ішіне сыймай барады. Шер-наласын айтып, бөлісетін ешкімі жоқ. Сондықтан жолаушы ретінде бір әскери қызметкер мінгенде, мұңын шақпақ болады. «Мырза, осы аптада менің балам көз жұмды» десе, әскери аса мән бермей, діттеген жеріне жеткен соң, кете барады. Содан кейін үш жас жігіт тап болады. Өте арзан баға ұсынса да, қария оларды жеткізіп тастауға келіседі. Жол-жөнекей «Жақында менің ұлым дүние салды» деп оларға да айтады. Әйтсе де, ішіп алған үшеуі «бәріміз де өлеміз ғой» дегендей кейіп танытып, тіпті, «Кәрі қақпас, атты тезірек айдасаңшы!» деп дүрсе қоя береді. Діттеген жеріне келгенде, олар да кетіп қалады. Иона Потапов ішіндегі запыранын ақтарайын деп аула тазалаушыға да жақындайды. Бірақ ол «Бұл жерге неғып тұрып алдың?! Жылдам өтіп кет!» – деп қуып жібереді. Өзі секілді бір ат айдаушымен сөйлесейін десе, ол сөзін тыңдамастан, қорылдап ұйықтап кетеді. Баласы қайтыс болғалы бір аптадан бері ешкіммен жан дертін бөліспеген қария шарасыздан келіп, атына тіл қатады: «Шөп жеп жатырсың ба? Же, же... Ал мен бұлай ат-арбамен кісі тасып жүруге қартайдым, негізі. Бірақ қайтейін, басқа амал жоқ. Әттең, ұлым тірі болғанда ғой... Керемет ат айдаушы болар еді... Алайда ол жастай кетті... Өзің ойлап көрші. Сенің кішкентай құлының болса, ол өліп қалса, аянышты емес пе?..» – дейді Иона мұңайып. Қысқа ғана әңгіме осы жерден біткенімен, жан дүниеңді астаң-кестең қылады. Себебі «Иона сияқты қайғыдан іш-құса болып, тірі жаннан қолдау таппай жүргендер бар шығар айналамызда» деп уайымдайсың. Тіпті, өзіңді кінәлі сезінесің. Немқұрайлы болмай, өзгелердің жай-күйіне жанашырлықпен қарауға тырысасың.

Антон Чехов – қайраткер-лігімен де тарихта қалған тұлға. Ол қайырымдылық қорын басқарып, ақша жинап, әрдайым жетім балаларға, кедей-кембағалдарға, науқастарға, ашыққан жұртқа көмектесіп отырған. Айтпақшы, оның мамандығы – дәрігер. Яғни медицина саласында қызмет етіп, ауру-сырқауға шалдыққандарды емдеген. Ал Антон Павлович әдеби шығармалары арқылы қоғамның рухани дерт-кеселін емдеген. Демек, қай жағынан қарасақ та, Чехов – дәрігер жазушы.

Алпамыс  Файзолла,

Астана  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале