17.12.2021, 10:00
Оқылды: 41

Көгілдір отын тұтынудан көш басында

Көгілдір отын тұтынуға көшу елдің тұрмыстық ахуалының оңалуына едәуір ықпал етіп жатқаны анық. Әсіресе жаз бойы отын дайындау қамымен жүретін ауыл тұрғындарының көпшілігі бүгіндері қи жинап, ағаш жарып, көмір іздеу машақатын ұмыта бастады. Елордаға газ құбыры енді кіргізіліп жатқан кезде, Батыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін көгілдір отынмен күнделікті ас-ауқат дайындап, қысты алаңсыз қарсылау үйреншікті әдетке айналғалы қашан? 1993 жылға дейін облысты газдандыру деңгейі елеусіз болды. Газдандыру бағдарламасы іске асырылғанша, табиғи газбен тек жекелеген ауылдар және Орал қаласы тұтынушыларының 15%-ы қамтамасыз етілген. 2D42384D-9D23-412E-A062-23E1615AAA7E

2000 жылдары мемлекеттік бағдарламалар ауқымында облысты газдандыру қарқын ала бастады. Шалғай ауылдағы нысан құрылысы аяқталып, салтанатты түрде көгілдір алау тұтанған кезде, тұрғындардың жүзі бал-бұл жайнап, шат-шадыман болатын. Батыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, газ құбырын тартуға 2008-2020 жылдары 28,4 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Соның нәтижесінде 194 газдандыру нысаны пайдалануға берілді. Облыстың 330 ауылы көгілдір отынды пайдалануға көшті. Өңірде 2040 шақырым магистральдық желі және газ жеткізу құбыры салынды. Бүгіндері облыс жұртшылығының 98,6%-ы табиғи газбен қамтылды. Тәуелсіздік жылдары Орал мен Ақсай қалаларына және 12 аудан орталығына желілік газ жеткізілді. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерді газдандыру жалғасын табуда.

Биыл 5,8 мыңнан астам тұрғыны бар 37 ауылдағы (Бәйтерек ауданының 9, Жаңақала ауданының 4, Казталов ауданының 20 және Теректі ауданының 4 елді мекені) 16 нысанның құрылысына 1,6 млрд теңге бюджет қаржысы бөлінді. Жаңа жылға дейін  2000 тұрғыны бар 11 ауылдық елді мекенді көгілдір отын желісіне қосу жоспарлануда. Соның нәтижесінде елді мекендердің 82 пайызына немесе 416 елді мекеннің 341-іне табиғи газ жеткізіледі. Облыс тұрғындарының 99,5%-ы немесе 659,5 мың адам көгілдір отын игілігін көреді. Бұл – республика бойынша үздік көрсеткіштің бірі. Еnergyprom.kz

сайтындағы деректерді кел-тірсек, Қазақстандағы газдандырылған қалалық және ауылдық елді мекендердің 40%-дан астамы тек екі облыста шоғырланған. Оның біреуі – Ақ Жайық өңірі.

Жыл басындағы есеп бойынша Қазақстанда 1,07 мың елді мекенге көгілдір отын жеткізілген (бір жыл бұрынғыдан 6 пайызға артық). Облысаралық көрсеткіш бойынша былтыр Батыс Қазақстан облысы көш бастады. 2020 жылы біздің облыста 230 ауыл газбен қамтылған. Одан кейінгі алғашқы үштікте Жамбыл (214 елді мекен) мен Түркістан (148 елді мекен) облыстары бар. Шын мәнінде, Қазақстанда елді мекендерді газдандырудағы басты мәселе инфрақұрылым дайындауға байланысты. Басқа мемлекеттермен салыстырғанда көгілдір отын бағасы мен оның игілігін пайдалану тұрғысынан Қазақстандағы жағдай әлдеқайда қолайлы.

Сарапшылар Еуропа елдерінің ішінен тұрғындар ең арзан газ Қазақстан тұрғындарына тиесілі екенін атап өткен  (1000 текше метріне 58,2 АҚШ доллары). Бұл статистикада Ресей Федерациясы екінші орында (1000 текше метрге 88,5 АҚШ доллары). Одан кейінгі сатыға Беларусь елі жайғасқан (146,7 АҚШ доллары). Газды төмен бағаға тұтыну бойынша Түркия мен Молдова да алғашқы бестікке кіреді. Швециялықтар үшін газ сатып алу аса қымбатқа шығады. Бірақ Швеция жаңартылған қуат көздерін барынша пайдалануға ұмтылады екен.

Биыл көтерме және бөлшек саудадағы газ бағасының аздап өскені байқалады. Мәселен, 2021 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының халқы үшін тарату желіле-рі арқылы тасымалданатын газ бағасы, қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда, 1,9%-ға қымбаттады. ҚР Энергетика министрлігінің дерегіне сай, газ қоры бойынша Қазақстан дүниежүзі бойынша 22-орында тұр. Ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түркіменстаннан кейін Қазақ мемлекеті үштікті түйіндейді. Қор жөніндегі мемлекеттік комиссия алынатын газ қорын 3,8 триллион текше метр деңгейінде бекітті. Барланған газ қорының шамамен 98%-ы Қазақстанның батысында шоғырланған. Оның 87%-ы ірі мұнай-газ және мұнай-газ конденсатты кен орындарында.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале