Қазіргі кезде дүние жүзіндегі қалыптасқан заманауи үрдістер шеңберіндегі экономиканың өркендеуі аграрлық сектордың әлеуеттік қорына тікелей тәуелді екені анық. Бұл сала халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еліміздің экспорттық арналарын барынша кеңейтеді. Аталмыш мақсаттарға жету барысында ең бастысы ауыл шаруашылығы жүйесін халықаралық стандарттарға түбегейлі көшіру қажет.
Қой шаруашылығы – отандық аграрлық саланың жетекші әрі ерекше саласы болып табылады. Еліміздің кең алқап табиғи жайылымдарын тек қой түлігі ғана толығымен тиімді пайдаланады. Ал жайылымдық жерлердің мол болуы республикадағы қой шаруашылығын экономикалық тұрғыда тиімді салаға айналдыру мүмкіндігін арттырады. Бұған қоса қой шаруашылығынан халықтың мұқтажына қажетті ет, май, сүт өнімдері және жүн, тері, елтірі сияқты құнды шикізаттар алынады.
Халықты етпен қамтамасыз ету мәселесін неғұрлым тиімді жолдар арқылы шешу мақсатында табиғи-климаттық және экономикалық жағдайларға бейімді, әрі өнімділігі барынша жоғары, қолдағы өсіріліп отырылған арнайы етті-майлы және етті-жүнді бағыттағы қой тұқымдарының генофондын рационалды түрде пайдалану қажет.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарымен белсенді жұмыс жасайды. Оның құрамындағы «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» жоғары мектебінің қызметкерлері, қылшық жүнді құйрықты және биязылау жүнді кроссбредті қой тұқымдарының генетикалық әлеуетін жетілдіру жұмыстарымен айналысатын селекция саласының жетекші мамандары бар. Олардың негізгі ғылыми ізденіс бағыттарының бірі өңірдегі табиғи-климаттық, экономикалық және әлеуметтік жағдайларға бейімделген қой шаруашылығын жүргізу технологиясының тиімді жүйелерін қалыптастыру болып табылады.
Ғалымдар мен шаруашылық мамандарының бірлескен күшімен 2018 жылы Ақжайық ауданындағы Бударин ауылдық округіндегі «Еділбай» шаруа қожалығы, өткен жылы Тасқала ауданының Атамекен ауылындағы «Ақжайық» тәжірибе-өндірістік шаруашылығы, биыл Ақжайық ауданының Алмалы ауылдық округінің «Салтанат» шаруа қожалығы базаларында қой өндірісінің технологиялық үдерістерін аутоматтандыру мен оның негізінде өңірдегі ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне арнайы алаң ұйымдастыру бойынша үш модельдік ферма құрылған.
Бұл бағыттағы атқарылған ғылымизерттеу жұмыстарының негізгі мақсаты – қой шаруашылығы саласы бойынша құрылған модельдік фермаларда атқарылатын өндірістік үрдістерді аутоматтандыру бойынша жаңа технологияларды трансферттеу және оларды жергілікті жағдайларға бейімдеу.
Сонымен қатар Тасқала ауданындағы «Достық-Агро» ЖШС мен Бәйтерек ауданындағы «Уразбеков» шаруа қожалығында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018-2020 жылдары арналған жобалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы «АӨК тұрақты дамуы және ауыл шаруашылығы өнімінің қауіпсіздігі» ғылыми-зерттеу бағыты бойынша ақжайық етті-жүнді қойлардың шаруашылыққа неғұрлым пайдалы белгілерін сақтауға және жетілдіруге бағытталған селекциялық жұмыстар жүргізілуде. Селекциялық белгілердің фенотиптік-генотиптік өзгергіштігін, тұқым қуалау қасиетін және өзара байланыстарының заңдылықтарын асылдандыру ісінде қолдану селекция бағытын айқындауға, қарқындылығын арттыруға және алдын ала болжауға мүмкіндік туғызып, қой шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру мен жұмыс күшін төмендетуге септігін тигізеді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде ақжайық қой тұқымының тұқымішілік зауыттық етті тұрпатына жататын саулықтарының тірілей салмағы 55-60 кг және таза кроссбредті жүн түсімі 2,5-2,8 кг болатын 1000-нан астам қойдың селекциялық тобы құрылды.
Ақжайық ауданындағы «Аймекен», Казталов ауданындағы «Қамқор», «Перизат» және Қаратөбе ауданындағы «Дос-жан» шаруа қожалықтары негізінде гиссар тұқымының гендік қорын тұқымдық түрлендіруде пайдалану арқылы тауарлық қой басының еттілік қасиеттерін жақсартуға бағытталған селекция жүргізу іс-шаралары жүзеге асырылуда.
«Қуаныш» шаруа қожалығымен бірге кроссбредті қойлардың құнды генетикалық әлеуетінің арқасында биязылау жүн мен қозы етін өндіру технологиясын жетілдіру жұмыстары «Ғылым қоры» бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бағдарламасы іске асуда.
Барлық жұмыс ғалымдардың ҚР Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктерінің гранттарын жүзеге асыру аясында атқарылады.
Аталған ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарында өндірілетін қой өнімдерін өткізу мақсатында «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС жүн өңдеу фабрикасы (Атырау қ.) және «Кублей» ЖШС ет өңдеу комбинатымен (Орал қ.) ынтымақтастық туралы меморандум жасалған.
Дархан Смағұлов,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» жоғары мектебінің жетекшісі,
PhD докторы, доцент міндетін атқарушы