25.12.2025, 20:00
Оқылды: 5

Қой шаруашылығын дамытуға үлес қосқан ғалым 75-ке толды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Балуаш Траисов 75 жасқа толды. Осыған орай жоғары оқу орнында ғылыми кеңес өтіп, ғалым-ұстазға құрмет көрсетілді.

DSC03889

Ғылыми кеңесте алдымен сөз алған Ветеринария және агротехнология институтының директоры Біржан Нұрғалиев мерейтой иесінің өмірбаянымен және абыройлы еңбек жолымен таныстырды. Бұдан соң университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов Балуаш Бақышұлын мерейлі жасымен құттықтап, ғылымға өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Сонымен қатар «Үздік ғылым қызметкері» белгісімен марапаттады.

Кеңес отырысында тарихшы ғалым Тұяқбай Рысбеков, Жәңгір хан университетінде ұзақ жылдар ректорлық қызмет атқарған Қазыбай Бозымов, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин мен басқарманың ардагерлер кеңесінің төрағасы Лавр Хайретдинов, ЖОО басшылары, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, әріптестері мен шәкірттері ізгі тілектерін арнап, көрнекті ғалымның ауыл шаруашылығы саласындағы қолтаңбасы, азаматтық тұлғасы, ұстаздық жолы туралы әңгіме өрбітті. – Балуаш Бақышұлы қой шаруашылығын дамытуға үлес қосып, ғылымда да өзінің үлкен ғылыми мектебін қалыптастырды. Ғалымның есімі өңірімізге ғана емес, ТМД елдеріне танымал. Елеулі еңбегі ескерусіз қалмай түрлі атақ-марапаттарды алды, соның барлығына да лайықты азамат деп білемін, – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Зейітұлы.

Өз кезегінде мерейтой иесі 49 жыл саналы ғұмырын арнаған қара шаңырақ – Жәңгір хан университетінің ұжымына шексіз алғысын білдірді.

DSC03810

Сондай-ақ Жәңгір хан университетінде ғалым-ұстаз Б.Траисовтың мерейтойына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Еске сала кетсек, Балуаш Бақышұлының Жәңгір хан университетінде аға ғылыми қызметкерден басталған өнегелі еңбек жолы ғылыми жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі проректор лауазымына дейін сатылай өрілген болатын. Өзін толықтай ғылымға арнаған мерейтой иесі – қойдың кроссбредті етті-жүнді ақжайық тұқымының авторларының бірі. Осы жаңа қой тұқымының тұқымшілік типін және бірнеше аталық ізін шығарған. Өнертабыстық 9 патентпен қоса 500-ге жуық ғылыми жұмыстың авторы.

БҚАТУ баспасөз қызметі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале