10.04.2025, 15:30
Оқылды: 445

«Көктемде жаным гүлдейді шабыт келіп»

Осындай  атаумен  Әлем  халықтары  Жазушылар  одағының  мүшесі,  жас  қаламгер Нұрлан  Едігеновтің  кездесу  кеші  өтті.  Орал  қаласындағы  Х.  Есенжанов  атындағы  облыстық  балалар  және  жасөспірімдер  кітапханасында  (ОБЖК)  жүзеге  асқан  іс-шарада  жазушы  жерлесіміздің  «Абай  жолы  –  дара  жол»  кітабы  таныстырылды.

WhatsApp Image 2025-04-02 at 09.30.22 Аталмыш кездесуге М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талап Таймасұлы және әдебиет сүйер жұртшылық қатысты.

Нұрлан Маралбекұлы – Жайыққа танылып келе жатқан жас ақын-жазушы. Бүгінге дейін бірнеше кітабы жарық көріп, біраз шығармасы түркі тілдес мемлекеттердің  тіліне тәржімаланған. Қазір ол Х. Есенжанов атындағы облыстық  балалар және жасөспірімдер кітапханасында әдіскер болып қызмет етеді. Маралбектің Нұрланы бала күнінен әдебиетке жақын болып өскен. Тіпті мерзімді әскери қызметте де жазу өнерінен алыстамаған. Оның биыл жарық көрген «Абай жолы – дара жол» кітабы ҚР Ұлттық ұланның Атырау қаласындағы 5546-әскери бөлімінде сап түзеп, сарбаз  болған  шағында  жазылған.

WhatsApp Image 2025-04-02 at 09.30.22

– Әскердегі сол бір жылда бөлім ішіндегі жағдайды баяндайтын «Қалқан» газетінің тілшісі болдым. Қазақстандағы маңызды мейрамдар үнпарақ бетінен тыс қалмайтын. Тамыз айында Ұлттық ұлан қолбасшылығынан Абай Құнанбайұлы туралы жоба жасақтау жөнінде тапсырма келді. Сарбаздар күн тәртібінде бекітілген ережеге сай уақытпен жүреді. Оқу-жаттығу сабақтары, дене шынықтыру дайындығы мен жауынгерлік қызметтері қарбаласқа толы. Әйтеуір уақыт тауып, күн-түн демей ізденіп, тынбай еңбектеніп жазған ауқымды материалым басшылыққа жолданды. Ол жақтан жоба қорытындысы келгенше мерзімді қызметім аяқталып, үйге қайттым. Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде қызмет ететін маман хабарласып, Абай туралы әңгімелей бастады. Сөйтсем, менің әскерде жазған жобам республикалық мұрағатта сақталған екен. Әскердегі үшбу хатым үш жылдан соң кітап болады деген ой үш ұйықтасам да түсіме енген емес. Қазір «Абай жолы – дара жол» кітабының таралымы – 500 дана. Семей облысындағы білім ордалары 300 данасын сатып алыпты. Мемлекеттік тапсырыс аясында кітаптың саны артады деген ақжолтай хабар жетті, – деді Нұрлан Маралбекұлы.

Ол – ширек  ғасырға тарта әдебиет  сүйер шәкірт тәрбиелеген «Ақберен» жас ақындар мектебінің түлегі. Аталған жас ақындар мектебінің жетекшісі, ақын Талап Таймасұлы талабы таудай шәкіртін студент кезінен шыңдап, шығармашылығына дем беріп келеді. Сыр-сұхбаттан кейін «Абай жолы – дара жол» кітабының лентасы қиылып, оқырманға жол тартты. Бұл рәсімді жас жазушыны әдебиет әлеміне жетелеген Талап Таймасұлы мен Зейнолла Мүтиев орындады. Талап Таймасұлы ақжарма тілегінде: «Әдебиетте орным төр болсын десең, жастық  жалынмен іздене берген жөн. Нұрлан – ізденімпаз, өте еңбекқор шәкірттерімнің бірі. Осы қасиеттерінің нәтижесінде ғажайып туындылар жазды. Шәкіртімнің алар асуы, шығар  белесі  әлі  алда» – деді.

WhatsApp Image 2025-04-10 at 16.08.59

Кітапханадағы оқырмандар залының сол жақ беткейінде Нұрлан Маралбекұлының шағын көрмесі қойылған. Онда жас қаламгер туралы танымал ақын-жазушылардың ой-пікірлері, алғы сөздері және газет беттеріне жариялаған мақалалары бар. Оған қоса, бұл жерден Нұрланның «Жұмбақ қыз – Перизат» прозалық, «Салқын жыр» поэзиялық кітаптарын және батысқазақстандық жас ақындардың «Ақ Жайықтың аспаны» ұжымдық  жинағын көруге болады. Бақиға ерте бет түзеген  талантты ақын, марқұм Нарынбек Жұмашевтың «Таң нұры» кітабы да сөреде тұр. Бұл кітаптың шығуына Нұрлан да атсалысқан. «Нарынбек Жұмашев өз кітабын көзі тірісінде көрмесе де, келер буынға өшпес із қалдырып кетті» деді кеш иесі. Іс-шара барысында өңір өнерпаздары Абай Құнанбайұлының сөзіне жазылған әндерді шырқады. Х. Есенжанов атындағы ОБЖК-ның директоры Эльвира Аманғалиева Нұрланға жылы лебізін білдіріп, кітапхана ұжымы атынан  естелік  сыйлық  табыстады.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале