Көлік полицейлері «Қарасора – 2024» кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сурет: Polisia.kz
1 маусым мен 31 қазан аралығында республика бойынша «Қарасора – 2024» кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Операция кезінде көлік полицейлерінің алдында теміржол және әуе көлігін пайдалана отырып жасайтын есірткі құқық бұзушылықтарының жолын кесу міндеті тұрды.
Сәтті жүргізген іс-шараның нәтижесінде көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты 183 фактіні анықтады, оның ішінде 38 ауыр және аса ауыр есірткі қылмысы, оның 24-і өткізу, алтауы сақтау, төрт контрабанда фактісі және 145 қылмыстық теріс қылық болды. Заңсыз айналымнан 174 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.
Бұл туралы көліктегі ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Фараби Елубаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Тараз станциясының локомотив депосының машинисін ұстады. Ол жұмыс орнында өзімен бірге 4 пакетке бөліп-оралған есірткі заттарын сақтаған.
– Тінту кезінде 226 грамм гашиш және 77 грамм марихуана тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіне орай жария етілмейді, – деді Елубаев.