20.03.2025, 17:15
Оқылды: 481

Көлкіген шалшық су және жалтыраған кафель…

Мемлекет  басшысының  тапсырмасы  бойынша  елімізде  «Жайлы  мектеп»  ұлттық  жобасы  жүзеге  асырылуда.  Облыс  әкімі Нариман  Төреғалиев  өңірдегі  осы  жоба  бойынша  салына  бастаған  бірқатар  нысанның  құрылысын  көріп, тексерді.

DSC00940 (1)Алдымен әкім Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесі бойындағы (медколледждің сырт жағында) №53 мектеп құрылысына ат басын тіреді. Мұнда 600 орындық білім ұясының құрылысын «Жайық жарығы» ЖШС жүргізуде. Жайлы мектеп құрылысына Ұлттық қордан 15 млрд теңге бөлініп, толықтай игерілген. Мектеп дайындығы – 55%. Бірақ құрылыс  құжатында 2023 жылы қазан айында басталды делінген құрылыс өгіз-аяңға салынған. Өткен жылдың желтоқсанында құрылысы аяқталуы тиіс  еді. Әлдебір себептермен «сақалды» құрылысқа айнала бастаған. Мердігердің облыс басшысы жексенбі күні құрылысты келіп қарайды деп күтпесе керек, құрылысшылар демалыста, айнала тыныштық, жайбарақаттық.  Жұмыс кестесінен қалыс қалғандарын естен шығарғандай.

– Нысан тоғыз блоктан тұрады. Қазір қаңқаларды құрастыру аяқталды. Сыртқы және ішкі инженерлік желілер тартылуда. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы қазанда емес, желтоқсанда басталды. Мердігер жұмыс кестесінен қалып қойды. Өйткені сыртқы инженерлік желілерді жеткізуге байланысты түйткілдер болды. Бұл мәселені жергілікті атқару құрылымы шешіп берді. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Алдағы 1 қыркүйекке, жаңа оқу жылына нысанды пайдалануға тапсырады деп отырмыз, – деді тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ компаниясының БҚО-дағы аймақтық жетекшісі  Ақжол Оқасов.

DSC01044

Монолитті қаңқалы үш қабатты ғимараттың іргетасының айналасы ойдым-ойдым шалшық суға толы. Салынбай жатып, суға шөгіп кетпес пе дейсіз. Нысанның іші, әсіресе, спортзал болатын бөлік көлкіген шалшық су. Мұны көрген өңір басшысы мердігер компанияның өкілдеріне шүйлікті. «Барлығын су басқан, жандарың неге ашымайды? Шелекпен тасып төкпейсіңдер ме?» –  деген әкімге құрылыс учаскесінің басшысы сорғының бар екенін айтып, ақталғандай болды. «Сорғы әкеп құрғатыңдар. Бірде-бір құрылысшы көрінбейді. Мына суды құрғатпасаңдар, құрылысты қабылдамаймыз,  –  деп кесіп айтты әкім. Қайсыбір бөліктегі бөлмеаралық қабырғаның газблок тастары төбеден аққан жаңбыр, қар суына «шомылып», «семіріп» алған. Нариман Төреғалиұлы суға «тойған» қабырғаны бұзып, қайтадан салуды тапсырды.  Техникалық қадағалаушы «Лидер» ЖШС компаниясының өкіліне құрылыстағы олқылықтар туралы облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына қатынасхат жазып, мәлімдеу қажеттігін ескертті.  Мектеп құрылысына көңілі толмаған өңір басшысы мұндағы жұмыстардың мынадай қарқынмен жыл соңына дейін сағызша созылатынын айтты. Тапсырыс беруші компания өкілі Ақжол Оқасов құрылыста 40 адам еңбек ететінін, 3 техника тартылғанын айтып, жұмыс күшін көбейту туралы мердігерге ескертілгенін жеткізді. Негізі, құрылыста 90 жұмысшы болу керек. Облыс әкімі жұмысшылар санын көбейтуді  тапсырды.

DSC01025

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, «Жайық жарығы» компаниясы бұрын жарықтандыру қызметін көрсетумен айналысқан. Әлеуметтік нысандарға жөндеу жасауды, құрылыс салуды кәсіп етпеген. Құрылыс салуға лицензиясы бар болғандықтан, осы нысан құрылысын салуды конкурста жеңіп алды. Конкурсты Астанада тапсырыс берушінің өзі өткізген.

Мектеп құрылысының жалпы жұмыстары аяқталғаннан кейін, аутокөлік тұрағын салу және көшені жарықтандыру жұмыстары басталады. Нысан басында ауыр техника жұмыс істеуде.  Мердігер «Айдана» ЖШС жаңа мектеп маңайын абаттандыруға алақандарын ысқылап, дайын отыр.  Жайлы мектепке осы аумақта тұратын №38 мектептен  1154, №18 мектептен 30  бала ауыстырылады. Сонымен қатар 53 педагог №38 мектептен ауысып келеді.  Жаңадан 15 техникалық қызметкер  жұмысқа  алынады.

Бәйтерек ауданындағы Достық ауылдық округінің Достық ауылында 1200 орындық жайлы мектеп құрылысы қарқынды жүруде. Нысанның тапсырыс берушісі  – «Samruk Kazyna Construction» АҚ компаниясы, бас мердігері – «АЛТИМ» құрылыс фирмасы» ЖШС. «АЛТИМ» өңірдің құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған танымал құрылысшы санатында.  Жайлы мектеп ғимаратының айналасы ми батпақ болғанымен, ішкі жұмыстары біркелкі қалыпқа түскен. Облыс әкімі бұл мектеп құрылысының жұмысына ырзалығын жасырмады. Құны 7,1 млрд теңгені құрайтын нысан құрылысы алдағы маусым айының басында аяқталады деп күтілуде.

DSC00986

Бұл құрылысқа 2024 жылы Ұлттық қордан 2,5 млрд теңге бөлініп, толықтай игерілді. Мектеп дайындығы
61%-ды құрайды. Мердігер «ДСК Приоритет» ЖШС үш қабатты ғимараттың айналасын абаттандыруды мойнына алған. Бүгінде мектептің үш жағынан асфальтты төсеу жұмыстары аяқталды. Мердігер «БатысКотломонтаж» ЖШС құны 209,1 млн теңгенің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобасын «жандандырған». Жауапкершілігі жоғары компания мектепке барлық инженерлік желіні (сумен, электрмен, газбен жабдықтау, байланыс желілері) тартқан.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, білім ұясында 2025-2026 оқу жылында  964 бала білім алады. Ауылдағы бұрынғы мектепте оқитын 964 оқушы  түгел ауысады. Мұнда 116 педагог,  39 техникалық қызметкер еңбек етпек. Педагогтер мен техникалық қызметкерлер ескі мектептен ауысып келеді. Мектепті күтіп ұстауға 828 мың  теңге  бөлінген.

Бұдан кейін облыс басшысы бұрынғы Трекин, қазіргі Байқоныс ауылындағы мектеп құрылысының барысын көрді. Мердігер  «Antarium Group» ЖШС жаңа мектепті ыждағаттылықпен салып жатыр. Жоба құны – 4,9 млрд теңге. Өткен жылы Ұлттық қордан 1,5 млрд теңге бөлініп, толықтай игерілді. Әзірге мектеп  дайындығы – 55%.

«Әдетте құрылыста 150 адам жұмыс істейді. Жексенбіде 30-40 адам болады. Бүгін 45 адам  жұмыста. Құрылыс жұмыстары 65%-ға орындалды. Монолитті қаңқалар орнатылды. Енді ішкі әрлеу жұмыстары басталды. Оны екі ай ішінде аяқтаймыз. Кейбір сыртқы шаруалар қалды.  Жылыту жүйесін іске қосамыз. Жертөледе жылу жүйесі орнатылды. Мұндай жайлы мектеп ауылға таңсық. Аумағы атшаптырым болмайды, бірақ адамға еркіндікті  сезінуге мұрсат береді. Спортзалдары кең, бөлмелері жайлы. Мұның барлығы балалар үшін сапалы жасалып жатқанын ойлағанда, кеудең  қуанышқа толады, – деді құрылыс учаскесінің шебері Илья Максим (суретте).DSC01064 (1)

Құрылыстағы техникалық қадағалаушы «Лидер» инжиниринг компаниясы» ЖШС-ның өкілі Айбек Темірханов құрылысты салуға өткен жылы қыркүйекте рұқсат берілгенін айтты. Ал 2024 жылдың көктемінде негізгі жұмыстар басталған. Құрылысты алдағы қыркүйекте аяқтауға ниетті. Нысан қаңқасы бетоннан, ал оның сырты линеар панелімен қапталуда. Құрылыс материалдарының 90%-ы тасымалданып, жинаулы тұр.  Ішкі әрлеу жұмыстары жалғасып жатыр.  Екі-үш жұмысшы дәлізде жалтыраған кафель төсеп жатты.

– Байқоныста екі  мектеп бар. Соның бірі – Қадыр Мырза Әли атындағы қазақ жалпы білім беретін орта мектеп оқушылары осы жайлы мектепте оқитын болады. Бұл күндері бала саны – 620. Мына жаңа мектеп – 600 орындық. Біздің  білім ұясына орыс тілінде білім беретін екінші мектеп көшеді. Оларда 250-дің үстінде бала бар. Қазіргі кезде олар бұрынғы кеңшар кеңсесінде оқып жүр, – деді құрылыс алаңында кездескен Қадыр Мырза Әли атындағы қазақ жалпы білім беретін орта мектептің директоры Нұрсәуле  Тәліпова (суретте).

Мердігер «ДСК Приоритет» ЖШС жаңа ғимараттың айналасын абаттандыруда. Қазірдің өзінде мектептің үш жағынан асфальт төсеу жұмыстары аяқталған. Құны 368,8 млн теңге болатын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу жұмыстарын «ПМК 615» ЖШС атқарған. Мектепке барлық инженерлік желі (сумен, электрмен, газбен жабдықтау, байланыс желілері) тартылды.

480941873_1550750458931716_5442261303309721656_n

Байқоныстағы ұл-қыздардың білім алып, тәрбиемен сусындар мекені – жайлы мектепті пайдалануға тапсыру маусым  айына  жоспарланған.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале