10.04.2022, 15:50
Оқылды: 2079

Көне Мысырдын құпиялары

Жақында Мысырға саяхаттап, демалып қайтқан едік. Терең тарихы мен көне ескерткіштері үшін осы елді таңдадық. Бүгінгі мақаламызда сол саяхаттан алған әсерімізбен бөліспекпіз.

2C336EB9-3A1B-42CA-93E6-93C57860E74F

Біз Мысырдың азиялық бөлігіндегі, яғни Синай түбегіндегі Шарм-әл-Шейх деген курорттық қаласына бардық. Аталған кент Қызыл теңіздің жағасында. Кемеге мініп, ашық теңізге шыққанымызда, туристерге қызмет көрсететін маман Қызыл теңіздің неліктен бұлай аталғанына қатысты бірнеше нұсқа айтты: 1. Теңіздің айналасындағы таулар қызғылт түсті; 2. Теңіздің түбінде қызыл балдырлар көп өседі; 3. Мұса пайғамбарды (а.с.) қудалаған перғауын мен әскері осы теңізге батқанда, суы қып-қызыл болып кеткен деседі (бұл нұсқаға әлі ке­ңірек тоқталамыз). Қызыл теңіздің тазалығы, мөлдірлігі соншалық – кемемен жағадан ондаған шақырым қашықтықта, айдынның ортасында жүзіп жүрсеңіз де, қарауытып судың түбі көрініп тұрады. Таң-тамаша боласың, сүйсінесің! Мұндай тазалықтың екі себебі бар екен: біріншіден, Қызыл теңізге ешқандай өзен құймайтындықтан, тұнық; екіншіден, теңіздің  жағасында таулар болғандықтан, құрылыс нысандарын салуға келмейді (яғни, адамдар да ластамайды). Біз дайвингтің арнайы құрылғыларын киіп, тереңге сүңгіп, суасты әлеміне саяхат жасағанда, Алланың шеберлігіне, тіпті, таңдай қақтық. Теңіздің тереңіндегі көріністер – корал рифтері, сан алуан түрлі балықтар – сондай сұлу!

«Көзіме сыйған дүние, Сөзіме сыймай тұр менің» – деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, өз жанарыңмен көрген таңғажайып сұлулықты сөзбен жеткізу мүмкін емес! Айта кетерлік бір жайт – Мысырда корал рифтерін қолмен ұстауға, бүлдіруге болмайды. Бұл заңға бағынбаған кісіге 1000 доллар айыппұл салынады.

Бізге гидтердің айтуы бойынша, Мысыр Араб Республикасының негізгі үш табыс көзі бар: 1. Суэц каналы; 2. Туризм; 3. Ауыл шаруашылығы (әсіресе зәйтүн мен мақта өсіру кең тараған). Жерорта және Қызыл теңіздер­ді байланыстырып әрі Азия мен Африканы бөліп тұрған Суэц каналының ұзындығы 161 шақырым, ең енді тұсы 320 метр, тереңдігі 16 метр. Күніне шамамен 50 кеме өтетін су арнасының стратегиялық маңызы зор. Әр кеме бұл тұстан өткені үшін ақша төлейтіндіктен, Суэц каналынан Мысыр қазынасына жыл сайын 2 миллиард доллар кіріс түседі. Сондай-ақ су арнасының ең жіңішке тұсына көлік қатынасы үшін әр жылдары екі суасты тунне­лі салынған.

«Бұл жер – кезінде Мұса пайғамбар (а.с.) перғауыннан қашып келе жатқанда, Алланың құдіретімен су екіге жарылған тұс»  дейді жергілікті тұрғындар. Яғни алдында су, артында  зорлықшыл билеушінің әскері тұрған Мұса пайғамбар (а.с.) тығырықтан шығаруын тілеп, Құдайға дұға жасаған. Сонда алдындағы су екіге жарылып, пайғамбар (а.с.) мен қауымы өтіп кетеді де, су қайтадан жабылады. Ал оларды қуып келе жатқан перғауын мен әскері түгел суға кетеді. Міне, осы зұлым перғауын ІІ Рамзестің 5500 жыл өтсе де, шірімеген, бүлінбеген мүрдесі қазір Лондондағы Британия музейінде сақтаулы. Бұл оқиға Қасиетті Құранның Жүніс сүресінде­гі 90-92-ші аяттарда былай баян­далады: «Исраил ұрпақтарын те­ңізден өткіздік. Сонда перғауын және оның әскері жауыздықпен, дұшпандықпен оларды қуды. Ақыры, ол суға батар сәтте: «Исраил ұрпақтары иман келтірген Тәңірден басқа Тәңір жоқтығына иман келтірдім. Мен де бой ұсынушы­лардан болдым» деді.

Енді ғана сендің бе? Расында, сен бұрын қарсы келген бұзақылардан болған едің. Сенен кейінгілерге үлгі болуы үшін денеңді (жансыз түрде) құтқарамыз. Расында, адамдардың көбі аяттарымыздан хабарсыз». Яғни Алла перғауынның әбден өлер сәттегі тәубесін, ажал келгендегі жасаған сәждесін қабыл етпей, оның бақытсыз ақыры кейінгілерге сабақ болуы үшін мүрдесін шірітпей сақтап қойған. Кейін перғауынның денесін ағылшындар Қызыл теңіздің жағасынан тауып, Лондондағы музейге апарған.      

398B95F8-7F24-49BE-A20C-3C99D37A131C

Көне Мысыр тарихына үңілсеңіз, ой түйіп, сабақ алатын хикаялар көп. Біз бұған ел астанасы Каирге автобуспен 7 сағат жол жүріп барып, Мысыр Ұлттық музейіне кіргенде көз жеткіздік. Онда қойылған 125 000 жәдігердің бәрін болмаса да, бір бөлігін көрдік. Сондай көне мұралардың бірі – Тутанхамон атты перғауынның жорыққа, сапарға шыққанда отырған көшпелі тағы (мұны қайда барса да, өзімен алып жүрген). Оның аяғының астында жатқан материалда Азия мен Африкадағы өзге елдердің билеушілерінің суреттері бейнеленген. Яғни тәкаппар билеуші басқа әміршілерді өзінің құлы санап, өзін дүниенің иесі сезінген. Сондай-ақ Тутанхамонның сарайында тұр­ған тағын да көрдік. Бұл – 110 келі таза алтыннан жасалған жиһаз. Сонымен қатар перғауынның жүздеген, бәлкім, мыңдаған келі өз­ге де алтын бұйымдары, қазына­сы музейдің үлкен бір бөлмесіне қойылғанына куә болдық. Өзін жарты Құдай сезінген сол Тутанхамон небәрі 18 жасында әскери жаттығуда жүріп, ат-арбадан құлап, аяғын сындырады. Жарақаты ас­қынып, шіріп, содан қайтыс болады. Ғалымдар оның неше жасында өлгенін тістеріне қарап анықтап­ты. Өзін ғаламның иесі сезінген перғауынның ақыры солай бол­ды. Ең болмаса, ел қорғап, ерлік­пен қаза тапқан жоқ. Аттан құлап өл­ді. Тәкаппарлықтың соңы әрда­йым осылай аяқталмақ.

Бірақ перғауындардың бәрі бірдей тарихта жағымсыз жағымен қалмаған. Мысалы, Мысыр ұлттық музейіне қойылған бір мүсінді гид шамамен 3500 жыл бұрын өмір сүрген Хачипсуд деген әйел перғауынның бейнесі деп түсіндірді. Оның билеуші әкесі көз жұмғанда, соңында ұл мұрагері болмапты. Таққа талас, ішкі алауыздық, азаматтық соғыс тұтануы мүмкін болғандықтан, ағасы да, інісі де жоқ Хачипсуд қыз басымен өзіне өте зор жауапкершілік жүктеп, ел тізгінін қолға алуға мәжбүр бо­лады. Алайда перғауын атанған соң, үнемі ер адамдарша киініп, әрдайым қылыш асынып, бетін де тұмшалап, жасырып жүреді. Тек көзін ғана ашық қалдырыпты. Тіп­ті ұйықтағанда да бетпердесін шеш­­­­пеген. Өйткені әйел екенін ешкімге білдірмей, қауымының бірлігін ойлаған. Жұрты оның әйел екенін тек өлген соң, денесін мумияға айналдырарда ғана білген көрінеді. Яғни Хачипсуд халқы­ның ынтымағы үшін әйел болу, ана болудан да бас тартып, мемлеке­ті үшін жеке басының бақытын құрбан еткен. Сондықтан оны қа­зіргі мысырлықтар «Аңыз әйел», «Ең мықты әйел» деп құрметтейді екен. Бұл әңгімені естігенде, «Хачипсуд көне Мысырдың Томири­сі екен ғой» деп ойладым. Тұмар ханымның күйеуге шығып, бала сүйгені рас. Бірақ ері қайтыс болып, ұлы да жау қолынан қаза тап­қан соң, ол жеке басының қайғысынан арыла алмай, қара жамылып отырып алған жоқ. Елі үшін белін бекем буынып, қайратын жиып, басқыншы дұшпанға қар­сы қол бастады, жауын өз қанына тұншықтырды.

Біз Каирдің сыртындағы әйгілі пирамидаларды да көруге бардық.

Мұндай құрылыстардың салыну себебін гид былай жеткізді: ежелгі мысырлықтар адам өлген соң, жаны баспалдақпен көтеріліп, аспан әлеміне барады деп сенген. Де­мек, олардың (перғауындардың) наным-сенімі бойынша марқұм перға­­уынның рухы пирамиданың сатылары арқылы ең төбесіне шығып, көкке көтерілу керек болған. Бірақ әр тас блоктың салмағы 8-10 тоннаға дейін жететінін ескер­сек, пирамидалардың қалай салынғаны, оларды кімдер және қалай көтеріп, қалағаны әлі күнге дейін беймәлім.

Негізі Мысыр аумағында жүзден астам пирамида бар. Алайда солардың ең үлкендері – адам басты, арыстан денелі мүсін Сфинкстің маңындағы үш пирамида. Осы үшеуінің ең кішісінің орта тұсында бір тесік бар. Бір көргенде кез келген кісі мұны ішке кіретін есік деп ойлап қалуы мүмкін. Әйтсе де, шын мәнінде, үңірейген бұл ойықтың тарихы мынадай: 1910 жылы ағылшындар осы пирамиданы зеңбі­рекпен атып ойып, ішінен саркофагты алып кетеді де, Ніл өзені ар­қылы теңізге шығып, содан Лондондағы музейге жеткізеді. Басқын­шылар мыңдаған жыл бүлін­бей тұрған нысанды ауыр артиллериямен атқылап, тескенін айтып жатқанда, гидтің даусынан шарасыз ыза мен ашуды, күйінуді байқадым. Басқа-басқа, бұл күйді біз жақсы түсінеміз. Өйткені, мың жылдан астам сақталған Күлтегіннің көк тасын да кезінде Моңғолияда жүрген Ресей империясының еріккен әскері зеңбірекпен атып, бір шетін қиратқаны тарихтан белгілі (мұны түркітанушы ғалым Мырзатай Жолдасбековтен естіген едім).  

66D80131-0AE3-4890-AE87-9F00AB200E3B

Бізге гид айтқан тағы бір қызықты дерек: бұрын пи­рамидалар өте сапалы, қатты, қызыл гранит таспен қаптаулы болған. Мұндай граниттің қалдықтары қазір кей пирамиданың ең ұшында, ал кей­бірінің етегінде, іргетасында ғана қалған. Өзге бөлігіндегі қызыл тас­тың бәрін өткен ғасырларда Еуропадан келген отарлаушылар бұзып, өздерінің еліне құрылыста қолдану үшін алып кеткен. Пирамидалардың сан мыңдаған жыл жел мен дауылға, жауын-шашынға сыр бермей, бұзылмай тұруының сыры осы қызыл гранитте болуы мүмкін... Осындай жайттарды да гид болып жүрген жергілікті араб Мысырдың байлығын ғана емес, тарихи, мәдени мұрасын да аяу­сыз тонаған басқыншыларға де­ген  басылмас  ызы-кекпен айтты.

Каир лас қала екен. Көшелерде, үйлердің шатырында шашылып жатқан қоқысты көп көресіз. Каирдің 20 миллион тұрақты жұрты бар. Бұдан бөлек күн сайын жұмысқа, сабаққа келіп-кететін 5 миллион кісі тағы бар. Шаһар ішінде халық ығы-жығы, көлік көп. Бірақ көшелерде мүлде бағдаршам жоқ және жол ережесі де жоқ. Сі­рә, сондықтан болса керек, машиналардың көбі соғылған, сырылған. Сондай-ақ Мысырда қайыршыларға қоса,  алаяқтар да көп екен. Әйтеуір, ретін тауып, туристерді алдап-сулап, ақша алғысы келіп тұрады. Мысалы, пирамидалардың қасында сізге өзін сол жерде жұмыс істеймін деп таныстырған біреу әдемі қылып суретке түсіріп берейін деп телефоныңызды алып, кейін қайтарып беруі үшін 5-10 доллар ақша сұрауы ықтимал. Осындай алаяқтықтың түрлері Египетте кең тараған. Тәртіп сақшылары алаяқ-ұрылармен сыбайлас болуы мүмкін болғандықтан, жергілікті полицейлерге се­ну қиын. Бізді ертіп жүрген гидтер көшеде бөтен ешкіммен сөйлесудің қажеті жоқ екенін, қауіпті екенін қайта-қайта ескертті. Мысырлықтардың арасында неге кедей-кепшік көп деп ойласаңыз, гид мұның да себебін жеткізді. Негізі, бұл елде мұнай, газ, алтын секілді пайдалы қазбалар болғанымен, қазынаның қызығын билік басындағы санаулы адамдар ғана көреді. Яғни Мысырда жемқор­лық сұмдық кең етек жайған.  

Үнемі құмды дауыл соғып тұратын Каирдің табиғаты, ауа райы маған жақпады. Машинаны тап-таза қылып ұстаймын деген ниет пайда болмағандықтан, жергілікті тұрғындар көлігін 3-4 айда бір-ақ рет жуады екен. Өйткені қазір жусаңыз, шаңды жел 2 сағатта қайтадан еңбегіңізді еш қылады. Мұндай аптап ыстық пен құмды дауыл толастамайтын өлкеде кезінде Бейбарыс сұлтан қалай шыдап жүрді екен деп ойладым мен. Бірақ қандай болса да, осы жерді де жергілікті жұрт туған жерім, Отаным деп жақсы көреді ғой.  

Сұлтан Бейбарыс демекші, біз Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітіне барғымыз келді. Бірақ қазір Қазақстан мен Мысыр тарапы бірлесіп, аталған нысанды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Сол себепті онда қазір туристерді кіргізбейтінін айтып, гид апармады. Қыпшақ даласында туып, Мысырға құл болып сатылып барып, ержеткен соң билеуші болған даңқты бабамыздың ме­шітіне жол түспегеніне іштей қатты қынжылдық. Бірақ амал қанша?.. Біз Мысырға барғанда, жа­бық болды. Жергілікті арабтар туған өлкесін «Нілдің бір рет дәмін татқан адам міндетті түрде қайта айналып келеді» деп әспеттейді. Сол рас болса, Алла қаласа, Египетке келесі жолы барғанда, Сұлтан Бейбарыс мешітін көру бұйырар.  

Сөзімнің қорытындысында айтпағым – Мысыр саяхаттап баруға, теңіздің жағасында демалуға, кө­не тарихтан мағлұмат алуға кере­мет мекен. Бірақ онда біржола тұрақтап қалу қазақ баласы үшін мүмкін емес секілді. Жусан иісін сағынасың...

Алпамыс Файзолла

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале