Жуырда «AMANAT» партиясы облыстық филиалына қарасты «Басқарма» бастауыш партия ұйымының жиналысы өтті. Онда, алдымен, облыстық филиал төрағасы Мұрат Мұқаев жетінші шақырылымдағы мәслихат депутаттарының екі жылда атқарған жұмысы туралы есеп берді.
Фото дереккөзі: ortcom.kz
– Бүгінде республика бойынша барлық өңірде осындай жиын өтуде. Біздің облысымыздағы 216 бастауыш партия ұйымында да ол өзінің жалғасын тауып отыр. Әлемді жайлаған індет кезінде арнайы ашылған қорға облысымыздың атынан 2,5 млрд теңге қаржы аударылса, Жәнібек пен Қаратөбе аудандарында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға да депутаттар бірінші болып көмек көрсетті.
Сонымен бірге жыл басынан бері өңіріміздегі кейбір түйткілді мәселелерге қатысты Парламент пен түрлі министрліктерге фракция атынан 6 ұсынысхат жолданды, – деген баяндамашы Мұрат Рахметұлы одан әрі жекелеген халық қалаулыларының өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып келе жатқан үлестерін нақты мысалдар арқылы жеткізді.
Баяндамада «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында тындырылған істер де ұмыт қалмады. Сонымен бірге «Ауыл – ел бесігі» жобасының жергілікті жерде жүзеге асырылу барысы депутаттардың жіті бақылауына алынса, өңірімізде жүргізіліп жатқан құрылыс пен жолға қатысты кейбір мәселелердің оң шешімін табуына да партияның көмек-ықпалы аз болмаған. Халық аманатын орындау мақсатында «AMANAT» партиясы мүшелері алда да өз белсенділіктерін арттырып, Жаңа Қазақстанға сай жаңаша жұмыс ырғағын қалыптастыруды мақсат етіп отырғанын да естіп-білдік.
Жиын соңында «AMANAT» партиясы Орал қалалық филиалының кезектен тыс ХХХV конференциясына делегаттар сайланды.
Бақытжан Ордабаев,
zhaikpress.kz