12.08.2025, 19:00
Оқылды: 453

«Конституциялық сот негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз етеді»

Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына – 30 жыл. Айтулы күн қарсаңында Ақжайық ауданының №2 аудандық сотының судьясы Руслан Демеуовті арнайы әңгімеге тарттық. ҚР Конституциялық соты жайлы сұхбат төмендегіше өрбіді.

– Руслан Рысқалиұлы, Конституциялық сот деген қандай құрылым? Оның өзге соттардан айырмашылығы қандай?

– Конституция еліміздің ең жоғарғы заңдық күшке ие негізгі заңы екені баршаға мәлім. Конституцияда әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары, мемлекет пен қоғамның жалпы құрылымының негіздері нақты айқындалған. Ал осы аталған басты негіздер мен құндылықтардың елімізде мызғымастай бекіп, орындалуын қадағалайтын пәрменді тетік болуы шарт. 2022 жылдың 5 маусымында Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум арқылы елде бұрынғы Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құрылды. Бұл құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы нық қадамның бірі болды. Осылайша Конституциялық сот 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады.

c718a091-516f-416e-b4c0-47ab9f2f393c

ҚР Конституциялық соты республикамыздың бүкіл аумағында ҚР Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етеді. Яғни әрбір азаматтың құқығы мен бостандығының қорғалуына, еліміздің ең басты құжаты – Ата заңымыздың талаптарының мүлтіксіз сақталуы мен орындалуына кепілдік береді. Нақтырақ айтқанда, еліміздегі қолданыстағы барлық заң мен құқықтық актілердің, олардың ережелерінің Конституциямызға сәйкес болуын қадағалайды. Конституциялық соттың өзге соттардан басты ерекшелігі мен айырмашылығы – ол сот жүйесінің құрамдас бөлігі емес. Жоғарғы немесе басқа соттардан тыс, билік тармақтарының ешқайсысына жатпайтын дербес құқықтық институт болып табылады. Сонымен қатар Конституциялық сот Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі соттар секілді сот төрелігін жүзеге асырмайды. Яғни сот төрелігінің қағидаттары Конституциялық сотқа қолданылмайды. Конституциялық сот Қазақстан Республикасының сот жүйесі соттарының құзыретіне кіретін нақты жекелеген істер мен дауларды (азаматтық, қылмыстық, әкімшілік т. б.) қарамайды, соттың шешімдеріне баға бермейді. Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың ел Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция қағидаларына (нормаларына) ресми түсіндірме беру жатады.

Ең маңыздысы, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексереді. Сондай-ақ ҚР Бас прокуроры мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жолданымдарын қарайды.

– Жоғарыда ҚР Конституциялық соты еліміздің бүкіл аумағында негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз ететінін айттыңыз. Осы ретте Ата заңның мән-мазмұнына тоқталып өтсеңіз?

– Жоғарыда айтқанымдай, Конституция республиканың бүкіл аумағында жоғарғы заңдық күшке ие және тікелей қолданылады. Еліміздің қолданыстағы негізгі заңы 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданып, сол жылы   5 қыркүйек күні заңды күшіне енді. 9 тараудан, 99 баптан тұратын Конституция – мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат. Ол мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық ұстанымдарды (принциптерді) орнықтырды. Әрі азаматтардың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады.

Ата заңымыздың мән-мазмұнына тоқталсақ, Қазақстан – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Конституцияда Қазақстан аумағында тұратын халықтың ортақ құндылықтары дәл көрсетілген. Конституция демократия қағидаттарын ұстанады, сондықтан биліктің жалғыз көзі – халық. Қазақстан Конституциясында адамның құқықтары мен бостандықтары оған туғаннан тиесілі екені және әрбір азаматтың кез келген сот сатыларында өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға құқығы бар екені, ал заң мен сот алдында барлығы тең шарттарда көрінетіні белгіленген. Конституцияға сәйкес Қазақстанның әрбір азаматы өмір сүруге, сөз бостандығына, шығармашылық еркіндігіне, сондай-ақ діни наным-сенім бостандығына, еңбек пен демалысқа, денсаулықты қорғауға, тегін орта білім алуға және тұрғын үйге қолсұғылмаушылыққа құқылы. Әркімнің еңбек бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Бұдан басқа, ҚР Конституциясы мемлекеттік және жеке меншікті де таниды, ол екеуінің бірдей қорғалуына кепілдік береді. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі, меншік құқығын халық атынан мемлекет жүзеге асырады. Елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл болып танылды. Алайда Конституция билік құрылымдары мен мемлекеттік мекемелерде орыс тілін де қолдануға ресми түрде рұқсат етеді. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай жасауға мүдделілік танытады. Біздің мемлекетіміздің барлық жетістігі – Конституцияның және оның негізінде қабылданған заңнаманың нақты нәтижесі.

– Конституциялық сот функцияларының бірі – жыл сайын Парламентке еліміздегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдау жiберу. Конституциялық соттың өтініштерді қарау тәртібі қалай жүзеге асуда?

– Конституциялық соттың өтініштерді қарау тәртібі бес кезеңді қамтиды. Бірінші, Конституциялық сот аппара-тының өтініштерді алдын ала қарауы. Екінші, конституциялық іс жүргізуге өтінішті қабылдау. Үшінші, Конституциялық сот отырысында өтінішті қарау үшін материалдар дайындау. Төртін­ші, өтінішті қарау бойынша отырыс өткізу. Және соңғы бесінші кезең – өтініш бойынша түпкілікті шешім қабылдау.

Конституциялық соттың шешімдері – түпкілікті, қайтадан қаралмайды және барлық мемлекеттік құрылым (органдар) мен азаматтар үшін міндетті. Конституциялық сот өзі қабылдаған шешімдерді қолданысқа енгізу және орындау тәртібін, мерзімдерін белгілеуі мүмкін. Мемлекеттік құрылымдар мен лауазымды адамдар Конституциялық соттың шешімін белгілеген мерзімде орындау үшін қолданылған шаралар туралы міндетті түрде хабарлауы тиіс. Егерде құқықтық реттеудегі олқылықтар мен қайшылықтарды жою үшін заңнамалық және өзге де шаралар қолдану қажет болса, уәкілетті мемлекеттік құрылымдар ҚР Парламенті Мәжілісіне тиісті заң жобасын енгізуге, өзге де құқықтық актілер қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ заңдар және өзге де құқықтық актілер, олардың жекелеген ережелері Конституцияға сәйкес емес деп танылса, күші жойылады. Конституциялық сот шешім қабылдаған күннен немесе ол белгілеген күннен бастап қолданысын тоқтатады. Соттардың және өзге де құқық қолдану құрылымдарының осындай заңға немесе өзге де құқықтық актіге негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс.

– Руслан Рысқалиұлы, Конституциялық сот Конституция қағидаларына да (нормаларына да) түсiндiрме береді. Тұрғындар тарапынан еліміздің негізгі заңына қатысты сұрақтар түсе ме?

– Жалпы аудандық сотта сот төрелігін жүзеге асыру барысында аудан тұрғындары тарапынан Ата заңға қаты-сты, оның талаптарының орындалмауы, кейбір заңнамалық актілердегі олқылықтар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу мәселесін қозғайтын сұрақтар мен шағымдар түскен жоқ. Бұған, әрине, судья сот шешімін жариялағаннан кейін қабылданған шешімнің мәнін, уәждері мен құқықтық салдарларын, заңның талаптарын ауызша түсіндіріп, іске қатысушылардың тарапынан туындаған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беруі оң ықпалын тигізіп отыр деп ойлаймын.

Конституциялық сот азаматтардың жолданымдары бойынша Конституцияда бекітілген олардың құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің негізгі заңға сәйкестігін қарайды. Сондықтан әр азамат өз шағымында көрсетілген келіспеушіліктер тікелей заңға қатысты болса, Конституциялық сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот дау айтылып отырған заңды немесе өзге де нормативтік-құқықтық актіні қолдануы керек. Сонымен қатар бұл заңнама азамат қатысатын нақты істе құқықтар мен бостандықтарды тікелей қозғаса, іс бойынша заңды күшіне енген сот актісі шығарылса, сот актісі қабылданғаннан кейін бір жылдан кешіктірілмейтін мерзімде берілсе, азаматтың жүгінуіне болады. Егер заңның конституциялық талаптарға сәйкес келмейтінін Конституциялық сот анықтайтын болса, кейіннен сол заңның негізінде қабылданған сот шешімдері белгіленген тәртіппен қайта қаралады. Ол қайта қарауды жалпы юрисдикция­лы соттар жүзеге асырады.

– Конституциялық сотқа кімдер шағымдана алады? Әдетте қандай мазмұндағы арыз-шағымдар түседі?

– Конституциялық сотқа Президент, Парламент пала­таларының төрағалары, Премьер-министр, Парламент депутаттарының кемінде 1/5 бөлігі, соттар, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және азаматтар жүгінеді. «ҚР Конституциялық соты туралы» конституциялық заңның 44-бабында Конституциялық сотқа келіп түсетін жолданымдардың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар белгіленген. Жолданымдар міндетті түрде жазбаша немесе электронды сипатта берілуі тиіс.

Мәселен, заңнаманың, кейбір құқықтық актілердің кей ережелерін еліміздің басты заңына қайшы келеді деп тапса, құқығы шектелген кез келген адам Конституциялық сотқа жүгіну арқылы аталған норманың күшін жоя алады.

Аудандық сотта мұндай арыз-шағымдар қаралмайды. Мұндай өкілеттік тек Конституциялық соттың құзыретіне берілген. Конституциялық соттың сайтында келіп түскен өтініштердің жай-күйі туралы ақпараттар орналастырылған. Осы мәліметтерге сәйкес Конституциялық сот өз қызметіне кіріскеннен бері 10,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Олардың үштен бір бөлігі 2024 жылға тиесілі. Азаматтардан түскен өтініштердің басым бөлігі Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару, Әкімшілік рәсімдік-процестік, Салық, Азаматтық, Азаматтық процестік, Жер және Әлеуметтік кодекстердің нормаларына қатысты болған. Конституциялық сот өз қызметін бастағалы бері конституциялық іс жүргізу нәтижелері бойынша барлығы 71 қорытынды шешім қабылдаған. Конституциялық бақылау нәтижелері бойынша 2024 жыл – 2025 жылғы маусым аралығында 33 нормативтік қаулы қабылданған. Конституциялық соттың қорытынды шешімдеріне сәйкес қабылданған нормативтік қаулылар туралы нақты ақпаратты осы соттың «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауынан білуге болады. Бұл құжат Конституциялық соттың сайтында бар.

– Енді Конституциялық сот судьялары туралы айтып өтсеңіз?

– Конституциялық сот төрағаны және оның орынбасарын қоса алғанда, он бір (11) судьядан тұрады. Конституциялық соттың төрағасын аталмыш лауазымға ҚР Президенті ҚР Парламенті Сенатының келісімімен тағайындайды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Конституциялық сот төрағасының орынбасарын Конституциялық сот төрағасының ұсынуымен осы сот судьяларының арасынан тағайындайды. Конституциялық соттың төрт судьясын ҚР Президенті лауазымға тағайындайды, ал үш-үштен алты судьяны ҚР Парламенті палаталары төрағаларының ұсынуымен ҚР Парла­ментінің Сенаты мен Мәжілісі тағайындайды.

Конституция – біздің тәуелсіздігіміздің іргетасы, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қайнар көзі. 30 жыл бұрын біз демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекеттің жолын таңдадық. Бүгінде біздің еліміз бейбітшіліктің, әділдік пен бірліктің үстемдік етуімен өркендеп келеді. Сондықтан конституциялық қағидаларға құрметпен қарау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жауапты ұрпақ тәрбиелеу – өте маңызды міндет.

Сұхбаттасқан Ясипа Рабаева,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале