22.04.2025, 9:30
Оқылды: 336

Кооператив ауылды көркейтудің бірден-бір жолы

«Жеңілдіктер болғанмен, шикіліктер де жоқ емес»

Бөрлі ауданының Кеңтүбек ауылдық округінде құрылған екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің бірі – «СНС Агро». 2023 жылы сәуір айында құрылған кооперативтің үш құрылтайшысы бар. Олар  сүтті бағыттағы асыл тұқымды мал бағуды қолға алған. Биыл қырдың қызыл сиыры (красная степная) тұқымды қашарлары алғаш төлдейін деп тұр. Зеңгібаба түлігін өсіріп отырған кооператив құрылтайшыларының бірі Серікқали Ақберлиев (суретте) АШӨК-ке біріккен  тиімді  дейді.

WhatsApp Image 2025-04-22 at 10.21.22

– Мысалы, малға берілетін субсидияға ауыл көшесінің бойында арық қазып, су жүргізіп, тағы да басқа ізгі істерді атқаруға болар еді. Әйтпесе, демеуқаржыны кооперативтегі әр отбасыға 10 мың теңгеден бөліп бергеннен пайда жоқ. Ал қаражат ортақ қазанға жиналса, ауылдың игілігіне жұмсалар еді. Ауыл жігіттерін ақырындап кооперативке қосу ойымда бар. Бәріміз біріксек, жұмыс та өнікті болады. Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген бар. Алайда қалада жұмыс істейтіндердің ауыл шаруашылығына бет бұруы қиындау. Жалпы, мал бағу оңай емес. Жылдың төрт мезгілінде мал соңында жүру керек. Жеңіл жұмысқа үйренгендер мұндай кәсіпке төзе бермейді. «Ауыл аманаты» арқылы берілетін несиенің сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Бұл – өте тиімді. Бірақ кооперативке берілетін жеңілдіктерге қатысты шикіліктер де жоқ емес. Мысалы, біз субсидиямызды ала алмай қалдық. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы бір ірі қараға 200 мың теңгеден субсидия берілді. Сол жылы жоғарыда айтқан бағдарлама бойынша құжаттар жинап, асыл тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара сатып алуға өтініш бердік. Қазан айында жеңілдікпен 17 млн 200 мың теңге несие қаражаты қолымызға тиді. Осы ақшаның 13 млн 500 мың теңгесіне 15 асыл тұқымды қашар (900 мың теңгеден) сатып алдық. Қалған қаражат жем-шөпке жұмсалды. Бірақ малдың құжаттарын рәсімдегенше, жыл аяқталып қалды. Құжаттар 2024 жылдың қаңтар айында қолымызға тиді. Ал Үкімет беретін субсидияға өтініш бергенімізде бағдарлама өзгеріп кеткен болып шықты. Сөйтсек, «АШӨК жанынан құрылған жеке кәсіпкердің жайылымдық жері болуы керек» деген өзгеріс енгізілген. Біздің ауылда жайылым жер тапшы.

Солай бола тұра, әупірімдеп жүріп, оны да сатып алдық. Жерді алған соң,  субсидияға тағы да өтініш бердік. Бірақ кеш қалыппыз. «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-мен арадағы келісімшарттың уақыты өтіп кетті деп, демеуқаржы берілмеді. Негізінде сатып алған асыл тұқымды 15 қашар үшін 3 млн теңге берілуі керек еді, – деді Серікқали  Есқалиұлы.

Шаруа азамат кооперативтердің техника алуына қатысты да шикілік бар дейді. Оның айтуынша, лизингке техника алу үшін АШӨК-тің құрамында 25 адам болуы керек. «Мен «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ға аяқтай барып сұрағанымда, осылай деді. Алайда бұл ешкімге тиімді емес. Өйткені осынша кісінің жағдайын жасау мүмкін емес. Егер АШӨК құрамындағы үш адаммен-ақ техника алса, тиімдірек болар еді. Себебі оларға көп шығын шықпайды. Малдың азығын дайындау да оңай болады. Жалпы, бағдарламада кездесетін осындай шикіліктерді ескеріп, өзгерістер енгізген жөн болар еді», – деді  Серікқали Ақберлиев.

Кооператив құрылтайшысы айтқандай, әр облыстың, тіпті аудандардың экономикасы бөлек, тұратын жерлері өзгеше. Ол, мысалы, Қаратөбе ауданының бір ауылында немесе Жәнібектің бір елді мекенінде кооператив құру жеңілірек болар еді дейді. Себебі бұл аудандарда Ақсай қаласындағыдай өндіріс орындары жоқ. Яғни ондағы азаматтарға тұрақты жұмыс табу қиын. «Бүгінде тұрғындар өз алдына мал ұстап, кәсіп ашқанды, қала берді кәсіпорындарға жұмысқа тұрғанды жөн көреді. Ал шалғай ауылдардағы ағайын малмен күн көріп отыр. Оларды кооперативке біріктіру оңайырақ», – деді шаруа. «СНС Агро» АШӨК болашақта сүт өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.

Мәселе неде екен?

Жоғарыда айтқан субсидия ала алмай қалған кооператив құрылтайшысының мәселесі бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевты (суретте) сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, субсидия беруге қатысты ережеге жиі өзгерістер енгізіледі. «2023 жылдың қыркүйегіне дейін «Сүтті мал сатып алғысы келетін АШӨК-ке субсидия алуы үшін оның жері болуы керек» деген талап болған жоқ. Алайда сол жылы 18 қыркүйекте ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің №332 бұйрығы шықты. Соған сәйкес «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына» өзгеріс енгізілді. Енді отандық сүтті және сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды аналық мал басын сатып алған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жері болуы керек. Аталған бұйрық биыл 1 қаңтарда күшіне енді. Сондықтан осы талапқа сай емес кооператив мүшелеріне субсидия төленбей қалды. «СНС Агро» АШӨК құжаттарын 2024 жылы тапсырғандықтан, ереже бойынша демеуқаржы төленбеді», – деді ол.

WhatsApp Image 2025-04-22 at 10.21.56

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыста 406 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Соның 291-і жұмыс істеп тұр. Олардың 202-сі етті мал шаруашылығына, 43-і сүтті мал өсіруге, 12-сі өсімдік шаруашылығына бағытталса, қалғаны бау-бақша өсіру мен омарташылыққа, сервистік қызмет көрсету секілді қызметтерге ден қойған. Статистикалық деректерге сәйкес АШӨК-тердің құрамында 5002 адам бар. Олардың үшеуі – заңды тұлға, 157-сі – шаруа-фермер қожалығы және дара кәсіпкерлер, 4842-сі – үй  шаруашылықтары. Облыста 11 384 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші тіркелген. АШӨК-тің басым бөлігі Ақжайық, Бәйтерек, Казталов, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарына  тиесілі.

Басқарма басшысының орынбасары Рүстем Мүлкәйұлы айтып өткендей, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері (АШӨК) – осы саланы дамытудағы маңызды институттардың бірі. Өндірістік кооперативтерді бірнеше жеке қосалқы шаруашылықты, фермерлер мен шаруа қожалықтарын біріктіріп құруға болады. Осылайша өнім өндіру, техника мен ресурстарды ортақ пайдалану арқылы шығындарды төмендете алады. Сәйкесінше мемлекет тарапынан көмек-қолдаулар беріледі.

– Облыста кооперативтердің санын көбейтіп, құра берудің қажеті жоқ. Бүгінгі біздің мақсатымыз – бұрыннан бар кооперативтерді жандандыру, солардың төңірегіне халықты жинау. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы осыған басымдық беріліп отыр. Себебі АШӨК осы саланың тиімділігін арттырып, өндірілген өнімнің сапасын жақсартуға, нарықта бәсекеге қабілеттілікті жоғарылатуға және ауыл экономикасын дамытуға ықпал етеді. Кооперативтер арқылы шаруаларға қаржылай қолдау көрсетуге, инновациялық әдістерді енгізуге мүмкіндік мол.

Мысалы, кооперативтерге жеңілдікпен 30 млн теңге несие беріледі. Оның үстіне осынша қаражатқа лизингке техника ала алады. Қазіргі мәселе кооперативтерде болып тұр. АШӨК-тер құрылып жатқанмен, жаппай үрдіс алған жоқ. Себебі ауыл тұрғындарымен кооператив құрғысы келетіндер некен-саяқ. Керісінше, отбасылық кооперативке қызығатындар көп. Ал біз ауыл болып бірігіп, ортақ іске жұмылып, өнім өндіргенді қалаймыз, – деді Рүстем Мүлкәйұлы.

Осы ретте тұрғындардан жиі естіп жүрген: «Кооперативке 15-20 адамды қосып, жұмысқа алу керек екен. Сонда олардың бәрі қандай жұмыс істейді? Қорадағы 20-30 сиырды баға ма?» деген сауалды алға тарттық. Бұл туралы Рүстем Мүлкәйұлы: «Орынды сұрақ. Бірақ мәселенің мәнін дұрыс түсінбей сұрап отыр. Мақсат – осынша адамның бәріне жұмыс тауып беру емес. Кооперация дегеннің өзі  – жеке адамның интелектуалдық, қаржылық және басқа да мүмкіншіліктерін бір өнім өндіруге немесе қызмет көрсетуге жұмылдыру.

Яғни бір мақсатқа жету жолында бірігіп, ұйымдасқан түрде әрекет ету. Мысалы, сүтті мал өсіретін кооператив құрды делік. Сүт өндіруге қажет жабдықтар сатып алады.

Кооператив мүшелері сауып отырған сиырларының сүтін тапсырады. Бара-бара сүт өңдейтін цех ашып, өнім өндіруге болады. Кооперативте 15-20 емес, 100 кісі де болуы мүмкін. Қазір ауылда азын-шоғын мал өсіріп отырғандар көп. Бірлесіп, мал азығын дайындайтын бригада құруға болады», – деді басқарма басшысының орынбасары.

Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы бөлінетін қаражаттың сұрауы бар. Ол облысқа мемлекеттік бюджеттен жылына 00,1 пайызбен 10 жылға беріледі. Бұл бағдарламаның сенім білдірілген өкілі – «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ. Яғни ӘКК ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне 2,5%-бен жеңілдетілген несие береді. Егер кооперативтер несиені төлемесе, облыстық бюджет өтейді. Рүстем Зұлқашев айтып өткендей, жеңілдетілген несие алып, уақтылы төлей алмай қалатындар бар. Мысалы, АШӨК  көктемде несие алып, егін егуді жоспарлайды. Ал күзде жинаған өнімін сатқаннан түскен қаражатпен несие төлеуді жоспарлап, құжат тапсырады. Алайда қаражат тек жазда берілуі мүмкін. Осындай себеппен несиені уақытында  төлей алмай қалатындар кездеседі. Сондықтан несиені төлемеудің нақты себебі болса, төлеу мерзімі өзгертіледі.

– Етті мал өсіретін жобалардың төңірегінде кемшіліктер бар. Қаражат беріп отырған  мемлекеттік құрылымды алдағысы келетіндердің келеңсіз ісіне куә болдық. Мысалы, малды бордақылаймыз деп алғанмен, бордақылау алаңына қоймайды. Бүгінде іс сотқа беріліп, ақша сот арқылы қайтарылуда. Біреулер қаражатты өз еріктерімен қайтарып беруде. Жоғарыда айтылғандай, отандық сүтті және сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды аналық мал басын сатып алған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жері болуы керек. Алайда қазір өңірде шаруашылық жүргізуге қолайлы жерлер тапшы. Осы мәселені қалай шешу керек? Тиісті ведомствоға сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту үшін жер бөлу кезінде АШӨК-терге басымдықтар беру жөнінде ұсыныс жолданды. Яғни ҚР «Жер кодексіне» өзгерістер енгізілуі қажет. Мәселені шешудің тағы бір жолы ретінде кооперативтің құрамына жері бар шаруа қожалығын қосуды айтуға болады. Себебі меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалана алмай жүрген шаруашылықтар да бар. Міне, солар АШӨК-ке қосылса, жерлерді тиімді пайдаланар еді. Алайда кейбіреулері жер телімін ортақ меншікке айналдырғысы келмейді, – деді басқарма басшысының  орынбасары.

Ауыл ЖП / Гүлмира С.С

АШӨК-ке  берілетін көмек

Кооперативтерді дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылай қолдау көрсетіледі. Жеңілдетілген несие және субсидиялар беріледі. Былтыр қарашадан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасымен лизингке техника алуға рұқсат берілді. Мысалы, республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 20%-ына дейінгі мөлшерін осы мақсатта пайдалануға болады. Яғни лизинг мынадай шарттармен беріледі: ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы лизингінің мерзімі – 5 жылға дейін; техниканың ең жоғары құны  – 8 000 айлық есептік көрсеткішке дейін; номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%; негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең – ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы лизингі мерзімі  ұзақтығының 1/3-інен  аспайды.

Былтыр жергілікті бюджет есебінен пилоттық 6 кооперативке («Шыңғырлау агро», «Жеңіс Ерхан», «Бастау агро», «Олжа әлем агро», «Аманат 2022», «Колесова» АШӨК) 311 млн теңгеге лизингке техника берілген. Орташа есеппен алғанда, бір кооперативке 52 млн теңгеден келген. Сонымен қатар кооперативтерге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 7 жылға дейінгі мерзімге 6% мөлшерлемемен несие беріледі. ҚР АШМ-ның 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұйрығымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары» бар. Соған сәйкес сатып алынған отандық сүтті және сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды аналық мал басына 200 мың теңгеден беріледі.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы 2019 жылы Жамбыл облысында қанатқақты жоба ретінде басталды. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріле бастады. 2023 жылы облысқа осы мақсатта 6 млрд 429 млн теңге қаражат берілді. Бюджеттік несие қаражаты толығымен игерілген. Аталған қаржыға 742 шағын несие беру жоспарланып, 992 (134%) шағын несие берілген. 1 135 жұмыс орны құрылған. Соның ішінде 890 жұмыс орнын 943 жеке кәсіпкерлігі ашса, 245-ін 49 кооператив ұсынды. Облысқа бөлінген қаражаттың 5 млрд 654 млн теңгесі (881 жоба) мал шаруашылығына бағытталған. Соның ішінде сүтті бағыттағы ірі қара мал өсіруді көздейтін 670 жоба (4 млрд 201 млн теңге) іске қосылды. Қалғандарары өзге шаруашылықтар мен қызметтерге бағытталды. Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 922 адамға 7,9 млрд теңге шағын несие беру арқылы 978 жұмыс орнын ашу жоспарланды. Алайда қаралған қаражаттың тек 2,5 млрд теңгесі келді. Былтыр шілдеде келген 1 млрд теңгеге 116 өтінім беріліп, 164 жұмыс орны ашылды. Яғни 2023 жылы 995,4 млн теңгеге 49 АШӨК қаржыландырылды. 2024 жылы 16 кооперативке 396,1 млн теңге берілді. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5,5 млрд теңге берілмек. Осылайша 815 адамға шағын несие беру арқылы 886 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қаражат осы айда  келуі  керек.

Әр ауыл өнім өндірсе...

– Өңірде кооперация құрудың мақсаты – ауыл тұрғындарының басын қосу. Сол арқылы аудан немесе ауылдық округті мүмкіндігінше әлеуеметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауармен қамтамасыз ету. Әрине, облыста тұз бен қанттың, күріштің шығарылмайтыны белгілі. Алайда қалған азық-түліктің 8-9-ын өндіруге қауқары бар. Қырыққабат, картоп сияқты көкөністер өсіріп, ет пен сүт өнімдерін өндіруге болады. Мысалы, Татарстанның Ақтаныш ауданындағы бір кооперативтің тыныс-тіршілігі көз қуантады. Кооператив тұрғындардың сүтін сатып алады. Әр үйге малдың жем-шөбін дайындап береді. Осылайша жерлестерінің әл-ауқатын арттырып отыр. Бізге де осындай халықтың қамын ойлап, жағдайын жасайтын кооперативтер керек. Мысалы, бір ауылда кооператив құрылса, ол лизингке техника алып, егін егіп, шөп шапсын. Осылайша малдың азығын дайындайды. Ал сүтті мал өсірсе, сиыр сауып, сүт жинайтын, өнімді өндіретін құрал-жабдықтар сатып алады. Облыс негізінен мал шаруашылығына маманданған. Ет және ет өнімдері жеткілікті. Ал сүтті мал өсіру, тұрғындарды сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету ақсап тұр. Жергілікті сүттің үлесі – небәрі 15-20%. Ал қалғаны Ресей, Беларусь елдерінен және еліміздің басқа өңірлерінен  әкелінеді.

лошадь ауыл

Сондықтан бағдарламаны іске қосқанда қажет бағытты белгілеп алдық. Ең алдымен сүтті бағыттағы ірі қара мал өсіруге, бақша баптап, көкөніс егуге, құс шаруашылығына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеуге, ауыл тұрғындарына қажет қызмет көрсету орындарын ашуға басымдық беріледі. 2023 жылы сүтті сиыр сатып алатындардың арасында олқылықтар анықталды. Сауынды сиырдың орнына етті бағыттағы сиырды сатып алып, өтірік ақпарат бергендер болды. Мысалы, Шыңғырлауда бір азаматтың 8 млн теңге несиеге өзінің әкесінің малын сатып алғаны анықталды. Енді ол алған қаражатты кері қайтаруы тиіс. Осындай жайттар сараланып-зерделенген соң, асыл тұқымды сиыр алуға шешім шығарылды. Мысалы, Бәйтерек ауданында бүгінде 1000-ға жуық асыл тұқымды мал әкелінді, – деді облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов.

Бүгінде Бәйтерек ауданының Макаров ауылында 27 адам бақша егеді. Былтыр күзде олар өнімдерін бағаны тұрақтандыру қоры арқылы «Рубежинский» АШӨК-тің көкөніс қоймасына тапсырып, тиісті қаражаттарын алған. Осылайша ала жаздай төккен тер текке кетпей, пайдасын көрген. Негізі, өңірде, аудан-ауылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде өндірілген өнімді өткізудің бір жолы іске қосылды. Былтыр облыс әкімдігі мен Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б. в. (KPO B.V.) компаниясы меморандумға қол қойды. КПО-ға азық-түлік жеткізу үшін зәкірлік кооперацияның 5 негізгі бағыты айқындалды. Мысалы, «Батыс сүт» АШӨК бағдарламаға қатысушылардан сүт жинап, компанияға 10 млн теңгеге 2,5 тонна сары май  жеткізген. Ал «Орал құс фабрикасы» ЖШС  фабриканың және бағдарламаға қатысушылар өндірген жұмыртқаны жинайды. Меморандумға сәйкес 64,2 млн теңгеге 1 млн 284 мың дана жұмыртқа өткізіпті. «Батыс Нық» ЖШС бағдарламаға қатысушылардан ІҚМ бұқашықтарын жинап, бордақылау алаңына қояды. Өңделген етті компанияға өткізеді. Былтыр компанияға 264 млн теңгеге 132 тонна МІҚ және ҰМҚ еті жөнелтілген. Ал «Рубежинский» АШӨК өзге кооперативтерден көкөніс жинайды. Нәтижесінде «ҚПО б. в.» компаниясының мердігерлеріне 8,6 млн теңгеге 36 тонна картоп, 0,5 млн теңгеге 4 тонна қырыққабат, 0,5 млн теңгеге 4 тонна пияз және 0,3 млн теңгеге 2,5 тонна сәбіз тапсырылған. «Шалқар құс» АШӨК бройлер, үйрек-қаздың еттерін компанияға өткізумен жұмыстануда. «Ауылдарды аралап, тұрғындармен кездескен кезде кооперативтің мән-маңызы жөнінде ұдайы айтылып келеді. Оның тиімділігін түсіндіреміз. Алайда сенімсіздік танытатындардың бар екені рас. Біз ауыл халқы ел үкіметі ұсынып отырған көмек-қолдауға ие болса екен дейміз. Кооперативке қосылған соң, сатып алған аналық малға, тапсырған сүтке демеуқаржы алар еді», – деді Алдияр Сансызбайұлы. Жуырда облыс әкімі аудан әкімдеріне жергілікті тұрғындар мен «ҚПО б. в.» компаниясының жұмысшыларын қамту үшін қанша гектарға қандай көкөністер егу қажеттігін зерттеп-зерделеуге  тапсырма  берген. (1-кесте)

Облыс халқы қанша картоп тұтынады?

Аудандар 01.01.25 ж.

халық саны

Картоп
Бір адамның жылдық нормасы, кг Жылдық тұтыну мөлшері, тонна 2024 ж. өндірілгені, тонна 2024 ж. қамтылуы, % Айырмашылық, тонна Өнімділік Көрсеткішке жету жоспары, га Жалпы ауданы, га
1. Ақжайық 34 823 100,0 3 482,3 1 364,7 392 -2117,6 250 88,2 193,2
2. Бәйтерек 61 735 100,0 6 173,5 28 321,8 458,8 22 148,3   113,0 1240,0
3. Бөкей ордасы 14 039 100,0 1 403,9 0,0 0,0 -1 403,9 250 57,4 57, 4
4. Бөрлі 57 453 100,0 5 745,3 2 734,5 47,6 -3 010,8 250 122,6 262,6
5. Жаңақала 21 376 100,0 2 137,6 0,0 0,0 -2137,6 250 86,9 86,9
6. Жәнібек 14 006 100,0 1 400,6 3,8 0,3 -1 396,8 250 57,0 57,5
7. Казталов 26 523 100,0 2 652,3 67,5 2,5 -2 584,8 250 106,2 112,1
8. Қаратөбе 13 169 100,0 1 316,9 73,2 5,6 -1 243,7 250 51,1 58,2
9. Сырым 16 940 100,0 1694,0 14,0 0,8 -1 680,0 250 68,0 69,1
10. Тасқала 15 852 100,0 1 582,2 301,4 19,0 -1 280,8 250 52,9 75,2
11. Теректі 38 584 100,0 3 854,4 7 355,4 190,6 3 497,5   113,0 480,6
12. Шыңғырлау 12 673 100,0 1 267,3 121,6 9,6 -1 145,7 250 46,9 56,2
13. Орал қаласы 368 915 100,0 36,891,5 3 464,0 9,4 -33 427,5 250 56,5 272,4
14. Барлығы 696 058   69 606 43 822 63,0 -25 783,4   1 020 3021

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі*

«Институт  әлі дамымай  келеді»

Жоғарыда айтып өткендей, бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл халқының басын қосу арқылы кооператив құруға басымдық берілуде. Оның мүшелеріне тиісінше көмек-қолдаулар көрсетіледі. Жалпы, елде «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң 2015 жылы қабылданды. Ал осы өткен он жылдың ішінде бұл институт тиісті даму жолына түсті ме? Бұл сұраққа жауап іздеп отырып, «Halyk Finance» талдау орталығының сарапшысы Санжар Қалдаровтың  пікіріне  тап  болдық.

Дала шынгырлау

Сарапшының айтуынша, дамыған елдерде ауыл шаруашылығы кооперативтері кең тараған. Ал Қазақстандағы фермерлер мен шаруа қожалықтарының аз ғана бөлігі кооперативтерге мүше. «Елдегі кооперативтік модельдің тұрақты дамуы үшін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерін қайта бағдарлау қажет. Бұл тауар өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты арттыруға қолайлы бизнес-орта құруға жағдай жасауы тиіс. Сонымен қатар халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының хабардар болуының маңызы зор. Қазақстанда «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң сонау 2015 жылы қабылданғанымен, бұл институт әлі дамымай келеді. Соңғы жылдары үкімет ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуды қолдау мақсатында, әсіресе құқықтық реттеу тұрғысынан бірқатар маңызды реформа жүзеге асырды. Бірақ тұтастай алғанда, бұл үдеріс айтарлықтай баяу», – дейді сарапшы. Мәселен, 2023 жылдың аяғында елде 3911 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеген. Олардың құрамында шамамен 39,4 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші болды. Соның ішінде: 55%-ы – үй шаруашылықтары, 44%-ы – шаруа және фермер қожалықтары және жеке кәсіпкерлер, 1%-ы – аграрлық кәсіпорындар (заңды тұлғалар). Сонымен қатар 2023 жылдың соңында Қазақстанда 1,9 миллионнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жұмыс істеді. Яғни белсенді ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 2 пайызы ғана кооператив мүшесі. Қазақстандағы кооперативтердің жалпы саны дамыған елдердегімен шамалас. Еуропа елдерінде және АҚШ-та ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің арасында кооператив мүшелерінің үлесі 90%-дан асады. Басқаша айтқанда, батыс елдеріндегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің барлығы дерлік кооперативтерге мүше. (2-кесте)

 Әр елдегі ауыл шаруашылығы кооперативтері

Елдер Кооперативтер саны Кооператив мүшелерінң  саны Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасындағы кооператив мүшелерінің үлесі
Қазақстан* 3911 39 367 2%
Франция 14429 451 230 96%
АҚШ 1953 1 901 418 92%
Норвегия 16 40 000 92%
Біріккен Корольдік 625 157 235 86%
Италия 6741 792 092 78%

*Қазақстан үшін 2023 жылғы ақпарат

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ақпараты

– Біздің ойымызша, Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперативтерінің аз таралуының басты себебі – нарықтық механизмдерді алмастырған мемлекеттің жан-жақты қолдауы. Талай рет жазғанымыздай, бүгінде ауыл шаруашылығындағы жеке кәсіпкерлік негізінен мемлекеттік қолдауға тәуелді болып, бәсекелестік арқылы өмір сүруге ұмтылмайды.

Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ең қолайлы уақытта да мемлекет тарапынан оларға әрқашан қаржылық қолдау көрсетілетініне үлкен сенім артады. Сондықтан фермерлер кооперативтерге бірігуге және олардың өнімділігін арттыруға айтарлықтай ынталы емес. 2019 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) дәл осындай қиындықтарды атап өтті.  ЭЫДҰ-ның есебіне сәйкес, кооперативтік модельдің тамыр жайып, тұрақты дамуы үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мемлекетке тәуелділігін азайту қажет. Ұзақ мерзімді перспективада кооперативтерді өздерінің ішкі және сыртқы қаржы көздерін жұмылдыруға ынталандыру маңызды... Сондай-ақ ЭЫДҰ кеңестік кезеңдегі ұжымшарлардың жағымсыз тәжірибесіне байланысты Қазақстандағы кооперативтік модельге деген сенімнің және ақпараттың аз екенін де атап көрсетеді. Бұл сенімді қайтару үшін қоғамды, әсіресе ауылдық жерлерді кооперативтер туралы жанжақты ақпараттық бағдарламалармен хабардар етудің маңызы зор. Фермерлерге ауыл шаруашылық кооперативін құру жөнінде нұсқаулық беріп, құқықтық қолдау көрсету керек. Сондай-ақ кооперативтерге қолжетімді әртүрлі қолдау тетіктері бойынша кеңестер берілуі қажет. Мемлекет өзінің тиімділігін дәлелдемеген түрлі ьсубсидиялар арқылы қолдаудың орнына, кәсіпкерлік, инвестициялық және іскерлік белсенділік үшін қолайлы жағдай жасауға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді түрлі бағыттағы ынтымақтастыққа ынталандыруға назар аударуы керек, – дейді  Санжар  Қалдаров.

 Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале