19.09.2019, 18:24
Оқылды: 197

Көп балалы отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен баспаналы болды

Орал қаласында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көп балалы Кондудаевтар отбасы баспаналы болды.

Bakytty otbasy (2)

Бүгін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстағы филиалының бас ғимаратында көп балалы Кондудаевтың отбасын «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп, пәтер алуымен аталмыш банк директорының орынбасары Нұржан Қалишанов, қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоғжанов құттықтады.

Нұржан Калишановтың айтуынша, аталмыш бағдарлама бойынша көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар жаңа қоныс иелері атанды. Оларға «ТҮҚЖБ» арқылы бастапқы жарнасы 10 пайыздан бастап, 2 пайызбен несие берілді. Қазіргі уақытта банк облыстағы тұрғын үйге мұқтаж адамдардан 112 несиелік өтінімді қабылдаған. Оның ішінде 52 өтінім мақұлданды.

Bakytty otbasy (1)

- «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қатысушылар бастапқы және екінші нарықтан пәтер немесе жеке үй ала алады. Облыстағы берілетін несиенің шекті шамасы - 10 миллион теңге. Биыл бағдарламаға қатыса алмай қалған отбасыларға келесі жылы қатысуға болады. Бұл бағдарлама 2021 жылға дейін жұмыс істейді, - деді Нұржан Калишанов.

Тасқала ауданындағы Атамекен ауылында тұратын Кондудаевтар алты бала тәрбиелеп, өсіруде.

«Ата-енеммен бірге тұрамыз. Жеке баспанамызды алатын қаржылық мүмкіндігіміз болмады. 2014 жылы үй керек деп аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне құжаттарымызды тапсырған едік. Содан шілде айында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегі мамандар «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілетін несиенің пайызы төмен, көп балалы отбасыларға баспаналы болуға өте қолайлы деген соң, құжаттарымызды әкеп өткізгенбіз. Енді, міне, екі айдан кейін қаладан пәтер алып төбеміз көкке жетпей тұр», -  деді жүзі қуаныштан бал-бұл жанған көп балалы ана Нұргүл Кондудаева.

Үлкен отбасының тұңғышы 20 жастағы Алмат Мәскеу қаласында жұмыста, Гүлсая 11-сыныпта, Әмірхан, Дархан бастауыш сыныптарда, Нұрсая даярлық тобында оқиды. Үйдің кенжесі Рамазан бір жастан асқан. Отағасы Замир аудандық демалыс орталығы мекемесінде жұмыс жасайды, онымен әңгімелескенімізде: «Менің балаларым - оқу озаттары, анам - Батыр ана» деп мақтанып қойды.

 –Мемлекеттің қолдауынсыз қаладан пәтер алуым мүмкін емес-ті. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 7 миллион 304 мың теңгеге 2 пайыздық жеңілдетілген несие алып, баспаналы болдық. Бастапқы жарнасы 730 мың теңге болды, оны аз-мұз жинаған жинағымызды салып, малымызды сатып өтедік. Несиенің ай сайынғы төлемі 38 939 теңгені құрайды. Несиені өтеу қиынға түспейді. Ер жеткен ұлым мен келесі жылы мектеп бітіретін қызым пәтер сағалап жүрмейтін болды деп қуанып тұрмын», - деді отағасы Замир Кондудаев.

-Көп балалы отбасыларға осындай қамқорлық жасаған Мемлекет басшысына аналық алғысымды айтамын. Соғыстан кейінгі кезеңде жетінші кластан кейін оқи алмадық. Отбасылы болып, он бала тәрбиелеп өсірдік. Төрт қызымды, алты ұлымды оқытып-тоқыттық, қазір бәрі де - білікті мамандар. Кенже балам Замирім, балаларым үшін қуанып тұрмын, қала және аудан басшыларына рақмет, - деді көзіне қуаныш жасын ірки сөйлеген батыр ана, тыл ардагері, 84 жастағы әже Мағрипа Қалмақбайқызы.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале