3.07.2025, 11:15
Оқылды: 182

Көпірді жөндеу уақтылы аяқталады

Орал қаласындағы Депо көпірі жөндеу жұмыстарына байланысты жабылған еді. Қала тұрғындары мен оқырмандар көпірді жөндеу қашан аяқталатынын білгісі келеді. Осыған байланысты сауалдарымызды жауапты сала мамандарына жолдадық.

DSC01325

Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Альберт Бекмұхамбетов аталған нысандағы жұмыс 10 шілдеде аяқталатынын айтты.

– Герольд Бельгер көшесін Әбілқайыр хан даңғылымен  жалғап тұрған жол өткеліндегі деформациялық жіктердің ескіруі көпірдің жабылуына негізгі себеп болып отыр. Жалпы ұзындығы 536 метр болатын көпірде 11 деформациялық жік бар. Жөндеу жұмысы барысында барлық жік ауыстырылады. Тексеріс нәтижесінде жол жабыны 3-4 сантиметрге төмен түскені анықталды. Деформациялық жіктердің деңгейі жол төсемінен жоғары болуы көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіретін еді. Жөндеу жұмыстары аясында айтылған екі аралық тепе-тең болып, аутомобильдер қозғалысы кезінде ешқандай мәселе болмайды, - деді А. Бекмұхамбетов.

DSC01341

Осы мәселеге қатысты қала тұрғындары бұған дейін өтініш-шағымдарын айтқан. Бүгінде 11 деформациялық жік маңындағы екі метрге жуық асфальт ойылып алынған. Сонымен қатар ескірген деформациялық жіктер жаңаруда. Қазір  аталмыш көпір арқылы өтетін қоғамдық көліктер жаңа маршрут кестесі бойынша басқа бағыттармен жүруде. Көлік кептелісінің күшейгені де жасырын емес. Әсіресе жұмыс уақыты басталар және аяқталар кезеңдерде ығы-жығы көліктің саны үдей түседі.  Жөндеу жұмыстарының жай-жапсарын білу мақсатында көпірге арнайы барып, «Нұртем» ЖШС мердігер компаниясының өкілі Нұрдәулет Әлихановпен сұхбаттастық.

DSC01355

– Бұл көпірдің жөндеу жұмысына берілген уақыт – екі аптаның көлемінде. Біздің жұмыс істеп жатқанымымызға үш күн болды. Қазіргі таңда жөндеу жұмысына қажет материалдардың барлығы бар. Мұнда 11 жұмысшы мен төрт техника жұмылдырылды. Жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ескірген деформациялық жіктерді алып, орнына жаңасын орнатудамыз. Қазір жол жабынын қайта төсеп жатырмыз. Енді көліктер көпірден өткенде бұрынғыдай «селкілдемейтін» болады. Келісілген уақыт бойынша оныншы шілдеге дейін жөндеу жұмысын аяқтауымыз қажет. Көпір құрылысы қарқынды жүруде, межелі уақыттан кешіктірмей қолдануға береміз, – деді жол құрылысы учаскесінің басшысы сейсенбі күні жолыққанымызда.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале