7.05.2020, 15:49
Оқылды: 47

Көптен күткен Заң ғой бұл

Алдымен барша батысқазақстандықтарды төбесі көрінген өшпес ерлік пен қаһармандықтың мерекесі  - Ұлы Жеңіс мейрамымен және бүгінгі Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мынау бейбіт өмір мен тәуелсіздік аға ұрпақтың, қазіргі күні қатарлары селдіреп қалған қарт майдангерлердің ерен ерлігінің жемісі. Ал біздің мақсатымыз  - сол ардақтыларымызға лайықты ізбасар болу, олардың өнегелі өмір жолдарын ілгері жалғастыру. Әрі кейінгі толқын Жеңіс сарбаздарының ерлігін жадымыздан шығармасақ, оларға перзенттік қамқорлық жасай білсек, келешегіміздің кемел болары сөзсіз. Өйткені қай кезде де үлкенге құрмет - кішіге міндет.

4E678059-2D48-4DF4-AC8A-0F0A490DB8DB

Енді негізгі айтпақ ойыма көшейін. Мынау мерекелі күндердің аясында тағы бір қуанышты хабар жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл бүгін  "Ардагерлер туралы" Заңға қол қойды. Жасыратыны жоқ, бұл көпшілік ұзақ жылдар асыға күткен Заң еді ғой.  Қазір айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алатын ақпараттар заманы емес пе?! Әрі өзім Ауған соғысы ардагерлері ұйымының жетекшісі болғандықтан дереу  интернет желісіне үңіліп, асығыстау болса да оған көз жүгіртіп  үлгердім. Бұған дейін де оның жобасымен таныспыз ғой. Біз,  Ауған соғысына қатысушылар  біраздан бері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестіріліп, тиісті жеңілдіктерді пайдаланып  келеміз. Барға қанағатшыл халықпыз ғой, біз шүкірміз. Менің бүгін көңіліме ерекше қуаныш сыйлаған нәрсе, ендігі жерде Тәжік-Ауғанстан шекарасын қорғауда болған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға қатысқан, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге барған бауырларымыз да осы Заңмен арнайы статус иеленіп отыр. Мен  тек өз ізбасар інілерімізге қатысты жайға назар аударып отырмын. Бұл аталмыш Заңда өзге де тілге тиек етер жаңалықтар аз емес. Еңбек Ерлері, ІІІ дәрежелі Даңқ және ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері де енді  елеулі жеңілдіктерге ие.

Құрметті жерлестер, ең басты байлық - елдің тыныштығы, бейбіт өмір аясындағы алаңсыз тіршілік. Оқ пен отты көрген әр азаматтың ең асқақ арманы осы.

Беркінғали Ғабделов,

Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері облыстық қоғамының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале